Қазақтың көңілі қорадағы малына қарап семіреді
Қазақтың көңілі қорадағы малына қарап семіреді
© baq.kz
231
оқылды

Қазақстанда кез келген тауар бағасының нарқы жыл сайын ең кемі 10-15%-ға артып отыратыны еш­кім­ге жасырын емес. Бірақ індет кезіндегі қым­бат­шы­лық халық­ты қат­ты ти­тық­татып таста­ды. Биыл­ғы көктем мен жаз­да бірінің соңынан бірі іркес-тіркес келген жанар-жағар­май, сосын азық-тү­лік ба­ға­сының күрт кө­те­рілуі, енді қуаң­шы­лық күзде ет құнын аспан­датып жібере ме деп елді үрейлендіріп отыр.

Осы мақаланы жазу барысында ауылдағы ағайынмен хабарлас­қанымызда, биыл тек Батыс пен Оңтүстікте ғана емес, Қазақ­стан­ның Орталық аймақтарында шөп­тің сирек шыққанын естідік. Бұған жекеменшік малын жаятын жердің тапшылығын, шабындық алқап­тарының көбі байшыкештердің уысында отырғанын ескерсек, жұрттың тегіннен-тегін секем ал­мағанына көзіміз тағы жете түсті. Соңғы деректер бойынша, ха­лық­тың мал бағымы үшін 32,4 млн га жайылым жетіспейді. Бұл жайтты Үкіметтің кейінгі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатты сынға алған болатын. «Биыл Көкшетаудың айнала­сында шабындық шөп сұйық бо­лып тұр. Осыдан он күндей бұрын жаңбыр жаумай, жердің үсті сарғая бастап еді, Аллаға шүкір жаңбыр жауып, елдің көңілі көтеріліп қал­ды. Дегенмен шөп жылдағыдай бол­майды. Шөп сататындар да ба­ғаны шырқатып жіберіпті. Бір шар­шы тюк 1000 теңге. Дөңгелек тюк 16 000 теңгеге дейін. Өз бол­жа­мым­ша, далада қыстап шығатын жыл­қыға осындай ауа райы тұрса жа­ман болмас, ал қорадағы мал биыл күзде азаятын шығар. Бұл келесі жылы ет қымбаттайды деген сөз. Жем қалай болатыны да дү­да­мал жағдайда»,– дейді көкше­таулық белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек.

Мал басының кемуі мүмкін бе?

Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің ресми дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстанда мал саны ке­лесідей: жылқы – 3,100 млн бас, ірі қара саны – 7,8 млн бас, түйе – 225 мың бас, қой-ешкі – 22,9 млн тұяқ, шошқа – 822,2 мың және құстың саны 47,3 миллионға жеткен. Жалпы, кейінгі бірнеше жыл бойы республикада мал басы үздіксіз өсіп отырған, бірақ биылғы қуаң­шылықтың кесірінен осы оң үрдіс үзіліп қалатын сияқты. Мал баққан қазақтың шаруа­шылығы қашанда ауа райына тә­уелді. Егер жаз бойы жауын-ша­шын әдеттегіден аз жауып, қуаң­шылық жалғаса беретін болса, ол мал басының кемуіне ұрындыруы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда қысқы маусымға жеткілікті қор жинап ала алмаған шаруаның қолындағы төрт түлігін арам қа­тырғанша, пышаққа салғаннан басқа амалы қалмайды. Мал басы жаппай пышаққа іліккен соң нарықта ет өнімдерінің көлемі сұ­раныстан анағұрылым артып, еттің бағасы уақытша төмендеуі мүмкін. Бірақ елдің қолындағы мал басы көп кеміп кетуі салдарынан күзде, қыста еттің құны еселеп артып, ие бермей кетуі кәдік. Міне, нағыз дүрбелең сол кезде басталады дейді кейбір сарапшылар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, оған жол бермеудің түрлі амалдары қарастырылып жатыр. – Біз қуаншылық жағдайынан неғұрлым шығынсыз құтылудың түрлі амалдарын қарастырамыз. Тәжірибелі мамандармен, ірі мал шаруашылығы құрылымдарының иелерімен сөйлесіп, ақылдасамыз, сарапшы қауымның пікіріне жүгінеміз, тығырықтан шығудың кешенді жолын әзірлейміз, – дейді вице-министр Р.Құрманов. Оның айтуынша, маусымдық жауын-шашын әдеттегіден аз түсетін болса, онда шілде айының соңы, тамыз айының басында арпа, жүгері және екпе шөптерді өсіру қолға алынбақшы. Сондай-ақ жемшөп тапшылығы байқалған өңірлерге Үкімет тарапынан көмек ұйымдастыру шарасы да күн тәр­тібінен түскен жоқ. [caption id="attachment_153379" align="aligncenter" width="1033"]мал бағасы © инфографика: Қуаныш Сапарбай[/caption] Қазіргі қуаншылықтан негізі­нен ұсақ фермерлер мен жекенің малы зардап шеккен. Ірі шаруа­шылықтар жемшөп қорын көп жылдар бойы үзбей жинап келе жатқандықтан, олар аса қатты қинала қойғаны байқалмайды.

Қой бағасы неге ерекше қымбат?

Сонымен бірге, қазір базарда жылқы мен сиыр етіне қарағанда қой етінің бағасы шырқап тұр. Мәселен, 2021 жылдың шілде айын­да қой етінің бір келісі орташа алғанда 2,6 мың теңгеге саудалан­ған. Бұл былтырғы сәйкес мерзім­мен салыстырғанда 14,4%-ке жо­ғары. Қой еті, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы (келісі 3,2 мың теңге) және Қарағанды (2,9 мың тг) қалала­рында қымбат. Сондай-ақ Батыс Қазақстан өңірінде де қатты қым­батшылық байқалады. Сонымен қатар жылқы еті – 2,4 мың теңгеге дейін (7,2 %), сиыр еті – 2,1 мың теңгеге дейін (6,4 %),  шошқа еті – 1,7 мың теңгеге дейін (6,4 %), тауық еті 965 теңгеге дейін (4,1 %) өскен. Министрлік өкілдері қой ба­ғасының ерекше қымбатшылығын аша тұяқтыларды сыртқа тірідей және сойып сату арқылы тасымал­даудың күрт  көбеюімен байланыс­тырады. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында ша­руашылықтарда жалпы жиынтық салмағы 131,8 мың тонна болатын тірі қой (2020 жылмен салыс­тыр­ғанда 2,1% көп) және 65,7 мың тонна (былтырғыдан 1,9% көп) қой еті сатылған. Қазір Қазақстанда саулық қой­ларды басқа елдерге тірідей экс­порттауға тыйым салынған. Бү­гінде Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен біргігіп кіші аша тұяқты малды сыртқа тірідей экспорттауға то­лықтай тыйым салатын шараны қарастырып жатыр. Сарапшылар қой етінің қымбаттауының басты себебі осы деп отыр.

Етті қай өңірде көп жейді?

Осы жылдың бірінші тоқса­нының қорытындысы бойынша, адамдардың ет пен ет өнімдерін тұтыну көлемі былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда бес пайызға төмендеп кеткен. Бұл жан басына шаққанда 19,8 келіден ай­налды. Energyprom.kz зерттеуіне сүйенсек, етті ең көп Павлодар об­лысында – адам басына шақ­қанда 24 келіден, ең аз Шымкентте 14,6 келіден жейді екен. 2020 жылы әрбір қазақстандық орташа алғанда айына 7 келіден ет пен ет өнімдерін тұтынған. Жалпы, статистикалық кестеге қарасақ, қа­зақтың етке деген аңсары жыл­дан-жылға үздіксіз ұлғая беретінін көреміз. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын ол айына 3,7 келі ет жесе, былтыр айына 7 келіге дейін етті жәукемдейтін болған. Тек биылдан бастап ет өнімдерінің барлық түр­лері бойынша тәбетін тыя тұруына тура келді. Мәселен, сиыр етін тұ­тыну – 1,9 пайызға, қой етін тұ­ты­ну – 3,9 пайызға, жылқы етін тұ­тыну – 5,4 пайызға, шошқа етін тұ­тыну 5,9 пайызға дейін төмендеді. 2021 жылдың бірінші тоқ­са­нында үй шаруашылықтарының тұтыну шығындарының құрамын­дағы ет және ет өнімдерінің үлесі 17,9 пайыз болды. Ет өнімдері былтырмен салыстырғанда 6,8 пайызға, өткен аймен салыс­тыр­ғанда 0,9 пайызға қымбаттады.

Дәулет АСАУ