Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелет жасына толмаған қыз баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, оны зорлау фактісі бойынша үкім жарияланды (ҚК-тің 120-б. 4-б.).
«2020 жылдың 3 қаңтарында К. есімді азамат ауыл мешітінің молдасы қызметін атқарып жүріп, А.-лардың отбасына үй мен мал шаруашылығына көмектесіп жүріп, үйде үлкендердің жоқтығын пайдаланып, сол үйдің баласы (06.11.2006 жылы туған), кәмелет жасына толмаған қыз баламен күштеп жыныстық қатынасқа түскен», - делінген сот хабарламасында.Одан бөлек, 2020 жылдың ақпан, наурыз, маусым айларында сотталған азамат қыз баланы 3 рет зорлаған. Қыз бала жүкті болып қалған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындылары және т.б. материалдармен дәлелденді. Прокурор сотталған азаматты Қылмыстық кодекстің 120-б. 4-б. бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі прокурормен келісті. Қорғаушы тарап сотталушының кінәсін жартылай мойындағандығын ескеріп, оны катаң жазаламауды сұрады. Сот үкімімен К. қызды оның дәрменсіз күйін пайдаланып, бірнеше рет зорлағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК-тің 120-б. 4-б.), оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындады. Іс бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Заңда осындай қылмыс үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазаны тағайындау кезінде сотталғанның бала кезінен үшінші топтағы мүгедек екені, бұрын сотты болмағаны және кінәсін жартылай мойындағаны, сонымен қатар жәбірленушінің пікірі ескерілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.