Жаңадан сайланған ауыл әкімдері қызметке кірісті
Жаңадан сайланған ауыл әкімдері қызметке кірісті
202
оқылды

Ауыл әкімдері әлеуметтік желіде ​үміткер етіп ұсынған партиясына және сенім білдіріп, дауыс берген жерлестеріне алғыс айтты. Сонымен бірге сайлауалды бағдарламада ұсынған жоспарды жүзеге асыруға, ауылдың көркейіп, дамуына, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға үлес қосатынын жеткізді.

Мектеп директоры Жанна Шахатова Никольск селолық округінің әкімі болып сайланды. Ол Ақмола облысындағы жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Президент ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің басшыларының тікелей сайлауы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретін маңызды әрі тарихи оқиға екенін атап өтті. Никольск селолық округінің жаңадан сайланған әкімі ретінде маған Президентпен кездесудің сәті түсті. Президент әкімдердің сайлауалды жұмыстарына оң баға беріп, олардың қызметіне табыс тіледі. Мен Никольск ауылының тұрғындарына, сайлаушыларға, партияластарыма қолдау, сенім көрсеткені үшін үлкен алғыс білдіремін,сондықтан барлық күш-жігерімді сала отырып, ауылдың көркеюіне өз үлесімді қосамын", - деп жазды Жанна Шахатова.

Қордай ауылдық округіне сайланған әкім Бақыт Сахатов әлеуметтік желіде ауыл тұрғындарының сенімін ақтайтынына уәде берді.

"Маған зор сенім артып, Қордай ауылдық округінің әкіміне ​ үміткер етіп ұсынған Nur Otan партиясына және маған сенім білдіріп, дауыс берген жерлестеріме шын жүректен алғыс айтамын! Сіздердің маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын. Сайлауалды бағдарламамда ұсынылған жоспарларымды жүзеге асыруға, ауылымыздың көркейіп дамуына, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға зор үлес қосатын боламын. Игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын", - деп жазды Бақыт Сахатов.
БҚО Казталов ауылдық округіне сайланған әкім Ернар Галимов те сайлауда дауыс берген ауыл тұрғындарына алғысын айтты.
"Науқан басталғалы үгіт-насихат жұмысымен округ орталығы мен елдімекендерін аралап, ауыл тұрғындарына өзімнің сайлауалды бағдарламамды таныстырдым. Кездесулерде ауыл тұрғындарының ұсыныс пікірлерін ескеріп, алдағы жұмысымның жоспарына енгізетін боламын. 25 шілде күнгі сайлауда көпшіліктің қолдауымен жеңіске жеттім. Барша мені қолдаған сайлаушыларыма, ауылдастарыма және науқан басталғалы өзіммен бірге жүріп, қолдаған сенімді өкілдеріме үлкен алғысымды айтамын. Алдағы уақытта сайлауалды бағдарламамда көрсетілген жұмыстармен және ауылдың шешімін таппай жүрген мәселелерімен өздеріңізбен бірге шешетін боламын. Ауыл әкімін халық сайлағаннан кейін өзіме артылған жауапкершілік екі есе болатынын жақсы сезініп, үміттеріңізді ақтау бағытында тынымсыз еңбек етемін", - деп жазды ол желіде.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Алғашқы 730 ауыл әкімін халық тікелей дауыс беру арқылы сайлады.