Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мектептерде, балабақшаларда және жоғары оқу орындарында Ashyq енгізу жоспарда екенін айтты.
Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша шешім әлі нақты шықпаған.«Бүгінде балалар қыркүйектен бастап оффлайн оқиды деп жоспарлап отырмыз, осы мәселе қарастырылып жатыр. Әрине, мектеп оқитын бала саны да айтарлықтай көп – шамамен 3 миллионнан аса. Балалар инфекция жұқтыруы да, оны тасымалдауы да мүмкін. Сондықтан мектептерде, мектепке дейінгі мекеме мен жоғары оқу орындарында Ashyq жүйесін қосу қарастырылып жатыр», - деді Есмағамбетова.Санэпидбақылау комитетінің басшысы қарсы көрсетілімдері жоқ мұғалімдерді вакцинациялау керектігін айтты. Сондай-ақ Ashyq жүйесі мектептерде іске қосылған жағдайда смартфон ұстамайтын балалар ЖСН номерін көрсетіп, жүйе арқылы тексерістен өтетінін атап өтті. Еске салайық, 1 шілдеде Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында қазақстандық жоғары оқу орындары Ashyq жүйесіне қосылатынын мәлімдеген болатын.