Ақтөбеде жеңіл көлік аударылып, адамдардың бәрі ауруханаға түсті. Жүргізушіден өзгесі Өзбекстан азаматтары болған. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы маңында «Toyota Previa» автокөлігі аударылды. Көлік «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданынан Қарабұтақ ауылы бағытында қозғалған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдың оң жағына аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жүргізушісі мен сегіз жолаушы алған дене жарақатымен Әйтеке би ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
«Жарақат алған жолаушылардың бәрі — Өзбекстан Республикасының азаматы. Белгілі болғандай, олар Қазақстан Республикасының аумағына Түркістан облысы Сарыағаш қаласының «Жібек Жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы өтіп, Атырау қаласына жұмысқа бара жатқан. Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.