ХҚКО-да қызмет көрсету уақыты қысқарды
ХҚКО-да қызмет көрсету уақыты қысқарды
Фото: kapital.kz
364
оқылды

ХҚКО-лардың жұмыс кестесі де қысқартылған, фронт-офистер мемлекеттік қызметтерді таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ұсынатын болады. Бұл жайында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.

Еліміздің барлық облысында ХҚКО-лар бес күн ғана жұмыс істейді. Сондықтан бір күнде қабылдауы мүмкін азаматтардың саны шектеліп отыр. Халықтың көпшілігін қамту және брондау мүмкіндігін қолжетімді ету мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронт-офистерде қызмет көрсету уақытын 20 минуттан 15 минутқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл брондауға болатын слоттардың санын 25%-ға арттырды. Нақты айтқанда, бір қызметкер бір сағат ішінде 4 клиентке қызмет көрсете алады. Ескі брондау жүйесі кезінде сағатына үш уақыт слоты қолжетімді еді, қазір төртке жетті.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Байрам Азизов: «Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін ескі уақыт слоттары бойынша кезекке тапсырыс берген клиенттер мен жаңа слот бойынша тапсырыс бергендердің уақыты қатар келуі мүмкін. Біз мұны алдын ала болжап отырмыз, мұндай мәселелер бөлімде бірден реттеліп отырады. Бұл жағдайды тұрақтандыру үшін бірнеше күн қажет, өйткені брондау процесі жаңа уақыт слоттары бойынша жүргізіледі. Бірнеше күннің ішінде жүйе өз қалпына келіп, ХҚО-лар барша халықты қабылдай алады және мемлекеттік қызметті алу процесі ыңғайланады», – деді.

Азаматтарды ХҚКО-ға барған кезде санитарлық-профилактикалық нормаларды сақтауды, бетперде тағуды және әлеуметтік қашықтықты сақтауды сұраймыз. Ғимаратқа кіру Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. ХҚО-ға кезекті eGov порталы, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы және @kenes1414bot телеграм-бот арқылы брондауға болады.