Nur Otan: әкім сайлау бастамасын халық қолдап отыр
Nur Otan: әкім сайлау бастамасын халық қолдап отыр
Фото: ainews.kz
154
оқылды

Бұл туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев айтты.

Біріншіден, бізде саяси партиялардың аймақтардағы жұмысы әртүрлі. Көптеген саяси партиялардың аудандарда өкілдігі де жоқ. Мұны ел аралап жүріп талай көрдік. Ол нені білдіреді? Аймақтармен жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Қазақстанда халықтың 40% ауылда тұрады және аймақтарда негізінен консервативті принциптерге берік, көзбен көріп, қолымен ұстаған дүниесіне сенетін электорат шоғырланған. Екіншіден, Nur Otan партиясы аймақтардағы беделді адамдардың басым бөлігін қарамағына тарта білген. Сол азаматтар ауыл әкімі сайлауына түсті. Халық сол партия лидерлерінің беделіне, сөзіне, уәдесіне сенді. Турасын айтқанда қазір аймақтарда халыққа кандидаттың жұмыс істейтін не істемейтін адам екені басты сұрақ. Ал халық бір-бірін танитын ауылды жерде сайлауға түсіп жатқандардың кім екенін, өткен жолын, әулеті мен ата-бабасына дейін жақсы біледі. Билікте отырған партияның тактикалық тұрғыда ұтқан жері осы. Ауылда мықты, беделді тұлғаларды сайлауға түсірген. Партия ұсынған кандидаттардың ішінде 85,5% мемлекеттік қызметшілер, 7%-тен астамы адам ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер, 5,5% білім саласы болса, 2% жеке кәсіпкерлік саласының өкілдері. Үшіншіден, аймақтарда Президент, Парламент сайлауында ғана белсенетін саяси партиялардың әрекеттері халық сұранысына жауап бере алмайды. Бұл аксиома. Сайлау уақытында келеді, сайлаудан кейін Nur Otan партиясынан басқасын көрмедік деген ойларды талай естіп жүрміз. Өзге партиялар аймақтарда да белсенді жұмыс істеуі керек.

Сайлаудың алғашқы этапы аяқталды. Не өзгерді?..

Біріншіден, барлық партиялар ауыл әкімінде өз үлесін алды. Енді ауыл халқы 4 жылдың көлемінде әр партия өкілінің қандай жұмыс атқарғанын салыстыра алады. Бұл саяси бәсекені арттырады. Қатар отырған екі ауылда екі партияның әкімі екі түрлі жұмыс істесе халық та келесі сайлауда кімге дауыс беру керектігін түсіне бастайды. Екіншіден, әкім жұмысы ауыл кеңесінің бақылауында болады. Ауылда 11 салықтан түскен бюджет қалады. Оны қайда жарату керектігін әкім ауыл кеңесімен бірлесіп шешеді. Демек халық белсенді болуы керек. Әкімнің жұмысын бақылап, араласып, көмектесіп бірлесе шаруаны шешуді меңгеруі тиіс. Үшіншіден, әкім жұмысы ұнамаса ауыл кеңесі әкімді орнынан алу туралы бастама көтере алады. Бұл әкімнің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Төртіншіден, сайлауда руға бөлінушілік болады деген риск болған. Бірді-екілі фактілер болмаса сайлау жалпы республика деңгейінде тыныш, сауатты өтті. Бұл халықтың қазіргіден де үлкен реформаларға біршама дайын екенін көрсетті. Жалпы алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның биылдан бастап ауыл әкімдерін, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлаймыз деген бастамасын халық қолдап отыр. Дұрыс бағыт. Ауыл әкімдерін сайлау әлі жалғасады. Қазір 700-ден астам ауыл әкімі сайланды. Өкілеттік мерзімінің бітуімен келесі этаппен өзге ауылдардың да әкімдері сайланатын болады.