Ресей азаматы Қазақстанда 9 миллион теңгеден астам зейнетақыны заңсыз алып отырған
Ресей азаматы Қазақстанда 9 миллион теңгеден астам зейнетақыны заңсыз алып отырған
Фото: news.rambler.ru
101
оқылды

Қостанай облыстық соты В. есімді азаматшаның  Ресейде 1998 жылдан бері зейнетақы алып келгенін хабарлады. Бірақ оған бір зейнетақы жеткіліксіз болып, ол 2006 жылы ҚР Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығына жасына байланысты зейнетақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінген. ҚР азаматының жеке куәлігін көрсетіп, Ресей азаматтығы бар екенін жасырған.

Ол зейнетақыны бір мезгілде Қазақстанда да, Ресейде де алғаны былтыр белгілі болды. Төлемдер 2020 жылдың 1 шілдесінде тоқтатылды. Қазақстан паспорты мен жеке куәлігін пайдаланғаны үшін В-ны биыл шілдеде Ұзынкөл ауданы ІІБ көші-қон қызметі ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартты. 28.06.2006 ж. бастап 30.04.2020 ж. аралығындағы кезеңде В. 9 401 727 теңге мөлшерінде заңсыз зейнетақы төлемдерін алған.

Қазақстан Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің талап-арызын сот қанағаттандырып, В-дан республикалық бюджеттің кірісіне жасына байланысты заңсыз алынған зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің сомасын – 9 401 727 теңге мөлшерінде өндіріп алынды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.