«Қарагөзді» қайта қойсам деген арманы бар еді...
«Қарагөзді» қайта қойсам деген арманы бар еді...
227
оқылды
Қазақ театры орны толмас қа­заға ұшырады. 69-ға қараған ша­ғында белгілі режиссер, қа­зақ театр өнерінің майталманы Бо­лат Ата­баев өмірден өтті. Ол 1952 жылы Алматы об­лы­сында дүниеге келген. Қазақ мем­лекеттік халықаралық қаты­нас тіл­дері университетін, Театр және көркемсурет институтын бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Ақсарай» теат­ры­ның көркемдік жетекшісі, рес­пуб­ликалық неміс театры­ның, М.Әуе­зов атындағы акаде­миялық драма теат­рының ре­жиссері бол­ды. Гру­зия, Италияда тәжірибеден өтіп, Герма­нияда білім алды. 40-тан астам спек­такльді сахналап, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше пьеса жазды. Болат Атабаев – театр өнеріне ора­сан зор үлес қосқан тұлға. Ол ре­жиссерлік еткен қойылымдар Ресей, Германия, Грузия, Түрік­менс­тан мен Қазақстанда өткен халықаралық театр фести­валь­дерінде жүлдеге ие болды. Белгілі драматург Роза Мұ­қа­но­ва режиссер туралы: «Дра­матур­гия деген жанрдың ноқ­та­сын ұс­татқан Режиссерім! Өнер­дің өз за­ңы бар. Біреулер табыт­қа түскенше «ұлы» болады, бі­реу­лер табытқа түс­кеннен кейін «ұлы» бо­лады. Мен білетін Болат (АТАБАЛА дейтін едім) Атабаев тыныштық пен күң­гірт­тікке жа­ны қас найзағай мінезді жа­ра­ты­лыс еді. Ол санаға ғана ба­ғы­­натын, өлшемге бағын­байтын. Ал­дыңнан жарылқасын, иманың жол­дас болсын, АТАБАЛА!» деп жазды. Оның спектакльдерінде ешкім рөл ойнаған жоқ. Өзін-өзі ойнады. «Театрда сюжетті ой­науды қою ке­рек» дейтіні де сондықтан. Оның спек­такль­дерінің ерекшелігі – осында. Актер Бекжан Тұрыс Facebook парақшасында: «Санамызға ұлтты ұғыну, ұлтымызды сүю ке­рек деген саңылау енгізіп еді­ңіз. Қарағайдың қарсы біткен бұ­тағындай қайсар ағам! Бірде – илікпей ғұмыр кешіп, ажалды да илікпей жатып күтіп алған Сүйеу қарттай бәрін қалдырып жалған­нан сіздің де көшкеніңіз бе? Көңілімді бір өкініш өксітіп, жү­регімді бір жұбаныш жылы­тып, жанымды бір демде от өр­теп, мұз қал­тыратып барады. Жұ­бантаты­ны – кездесіп, жүз­дессем-ау деген ұс­тазыңызбен қауыш­тырып, арма­ныңызды орындай алғаным. Өксі­тетіні – Шалкөдені көрсетем деген уә­демді орындауға ажал шіркіннің аял бермегені. «Мұқағалидың то­йына апаршы, Бекжан» деген өзім­сіне айтқан өтінішіңізді енді еш­қа­шан орын­дай алмайтыным. Рухы­ңыз асқақ, өзегіңіз мықты болатын, тәніңіз азаптан құты­лып, жаныңыз өзіңіз аңсаған еркіндікке ұшып кет­ті, АҒАТАЙ! Сіз жайлы жазарым алда. Са­тылмаған, сатпаған еш­те­ңесі қал­маған мына тіршілікте арын сатпай, жанын саудаламай таза қал­пында кеткен сіздей адам жайлы жазарым да, айтарым да таусылмақ емес, өйткені жақсы адамның өлген күні болмайды, бар болғаны тәтті ұйқыға кет­тіңіз… Алла алдыңыздан жарыл­қасын!» деп жазды. Мұхтар Әуезовтің «Қара­гөзін» қайта сахналағысы келген еді. Ар­манына жете алмады. Біз Ата­баев­тың «Мәңгілік бала бей­несін» кө­ріп өстік. Ерекше қо­йыл­ған спек­такль болатын. Бір емес, бір­неше рет тамашаладық. Онда ре­жис­сер­дің айрықша қолтаңбасы бар еді. Атабаевты құрметтейтін шәкірт көп. Ол қой­­сам деген «Қарагөзін» шә­кірт­­тері қоятынына кәміл сенеміз. Алла алдыңыздан жарыл­қа­сын! Бақұл болыңыз, жақсы адам! Нұр-Сұлтан қалалық музы­ка­лық балалар мен жасөспірімдер теат­рының директоры Асхат Мае­ми­ров: «Өнерге адал, шындықтың ал­даспанындай жарқылдаған бол­мы­сыңыз санамызда сақталады! 90-жылдардың ортасынан бас­тап режиссура кеңістігіне қадам бас­қан жас буынға импульс берді­ңіз, театр өнерінде шығармашылық бағдаршам болдыңыз! Рухани тірек болдыңыз! Фәниде Өзіңіз ерекше пір тұт­қан, құрметтеген Гер-Аға, Бикен апа, Сәбира апа, Әкеңіз бен Ана­ңыз­дың артынан бақи әлемге аттан­дыңыз! Алла панасына алып, рақымына бөлесін! Бақұл болыңыз, БОЛАТ АҒА!..».  

Айым БЕКТҰР