Сәпиевтің үміті үзілген жоқ
Сәпиевтің үміті үзілген жоқ

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасында Қазақстан боксшы­ларының әлі де  жүлдегер болатынына сенімді.  Комитет төрағасының боксшылардан үміті үзілмепті, тіпті бірқатар болжамын да айтты.

«Бокстан жүлде алуға әлі де үмітіміз бар. Үш-төрт медаль алуға болады. Енді Сәкен Бибосыновтың қарсыласы – Франция боксшысы, ол өте мықты, одан өтсе келесі қарсыластарының деңгейі фран­ция­­лықтай болмайды. Сосын Әбіл­хан Аманқұлдың, Қамшыбек Қоң­қа­баевтың және Зәкір Сафиул­линнің қарсыластары айтарлықтай көшбасшылар емес, оларды жеңуге болады. Сол үшін қалған төрт бокс­шымыз төрт медаль әкелуі де мүм­кін», – деді боксшы Орталық ком­му­никациялар қызметінде бри­фингте. Сонымен қатар ол Олимпиада­ның жақсы өтіп жатқанын атап өтіп, қазақстандық спортшыларға барлық жағдай жасалғанын айтты. «Олимпиада жақсы болып жатыр. Айта кететінім, мемлекет тарапынан, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада ко­митеті және спорт түрлері бойын­ша федерация тарапынан спортшы­ларға Олимпиада ойындарына сапалы дайындалып, табысты өнер көрсетуіне бағытталған барлық қа­жетті жағдай жасалды. Оның ішінде материалдық қаржыландыру, оқу-жаттығу жиындары, көптеген ха­лық­аралық жарыстар, медицина­лық тұрғыдан шаралар жасалды. Өздеріңіз білесіздер, спортта үміт­тің ақтала бермейтінін есте сақтаған жөн. Алайда қазақстандық спорт­шылардың әрқайсысы лайықты нәтиже көрсетуі үшін бар күш-жігерін салады деп сенеміз», – деді Серік Сәпиев. Дегенмен комитет басшысы Олимпиада аяқталған соң  спорт саласындағы кеңейтілген отырыс өтетінін атап өтті. «Оған Мәдениет және спорт ми­нистрі, Ұлттық олимпиада коми­теті мен федерациялардың өкілдері қатысады.  Онда жіберген қателік­терімізге талдау жүргізіліп, қоры­тынды жасалады. Тиісінше шешім қабылданады. Осы Олимпиада біткен соң да кеңейтілген отырыс ұйымдастырылады, онда бас бап­керлер мен жетекшілерге қатысты маңызды шешім қабылданады. Әзірге осындай қадамдар ғана бар. Құрылымдық өзгерістер туралы Олимпиада ойындары біткен соң ғана айта аламыз», – деді шенеунік. Ал қазақстандықтардың 29 шіл­дедегі нәтижесіне келсек, +91 келі салмақта мысырлық боксшы Юсри Резк Мұстафа Хафезді айқын басым­дықпен ұтқан Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиада ойындары­ның ширек финалына шықты. 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромонов­пен кездесіп, Олимпиаданы жеңіс­пен бастады. Ал 63 келідегі Зәкір Сафиуллин перулік Леодан Песо Сабойяны 5:0 есебімен жеңді. Сонымен бірге 52 келідегі Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегінде Пуэрто-Рико елінен келген Ян­кьель Ривера Фигероаны тізе бүк­тірді. Ол енді 1/8 финалда фран­циялық Билал Беннаммен қолғап түйістіреді. Ал теннисші Елена Рыбакина Олимпиада финалына шыға ал­мады.

Айбике ЖАНАСЫЛ