Мал азығын дайындаудың маңызы артып тұр
Мал азығын дайындаудың маңызы артып тұр
469
оқылды

Биыл Алматы облысында шөп шабу науқанына баса назар аударылып отыр. Еліміздің батыс өңірлерінде жаздыгүні жемшөптен таршылық көрген шаруалардың күрделі жағдайы мал азығын әзірлеудің маңызын барынша айқындады. Сондықтан да жетісулықтар қолда бар мүм­кіндікті толық пайдаланып, қысқы мал азығын артығымен дайындап алуға күш салуда.

Аудандарда бұл іске 1 670 адамы бар 295 шөп шабатын бригада жұмылдырылған.  Науқанға 1 576 шөп шабатын машина және 1 401 пішен нығыздап жинайтын техника тартылған. Облыстық  Ауыл шаруа­шылы­ғы басқармасының мәлі­ме­тіне қарағанда, өңірдегі бұрындары шалғы-орақ түспей­тін  мемлекеттік орман қорының аумағында да шөп дайындау жүргізілуде. Шаруашылықтар мен тұрғындар шабындыққа 15,2 мың гектар жерді, жайылым үшін 899,9 мың гектар жерді пай­далануда. Ерекше қорғала­тын табиғи аумақтан 164 гектар  шабындық, 59 мың гектар жайы­лым ретінде бөлінген. Ресми дерекке сүйенсек, қа­зір  1 810 мың тонна шөп дайын­далды, бұл жылдық жоспардың 64,2%. Сонымен бірге 285,4 мың тонна – пішендеме, 124,9 мың тонна – сабан, 55,7 мың тонна мал жемі дайындалыпты. Табиғи шабындықтың орта­ша өнімділігі әр гектардан 15-25 центнерден айналады, ал жо­ңыш­қа мен көпжылдық шөптер гектарынан 35-40 центнерден  өнім беріп отыр. Ауыспалы жер қорына түген­деу жасалып, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудан­дарында өткен жылдан қалған 30,2 мың тонна мал азығы бар екені анықталды.  Облыста жиын-терім мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген, сол отынның  1,8 мың тоннасы шөп шабуға қарастырылған. Сондай-ақ  шөп дайындау науқаны үшін қажетті жанар-жағармайды то­лық қамтамасыз ету үшін  тиіс­ті ведомствоға қосымша тапсырыс берілген.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы