Бірінші болып бүкіл қаланы жеміс-жидек, көкөніспен қамтитын көтерме базар сатушылары бас көтерді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Тез бұзылатын өнімді тонналап әкеп қойған олар егер екі апта тұратын болсақ, бәріміз бірдей тақырға отырамыз дейді. Соның салдарынан Шымкент пен маңындағы ауылдарда ішіп-жем тапшылығы сезіліп, қымбатшылық орнайтыны анық деген олар аптасына бес күн жұмыс істеуді талап етті. Шымкент шетіндегі Жібек жолы базары қала мен жақын маңдағы аудандардың базарлары мен дүкендерін жеміс-жидек, көкөніспен қамтиды. Өйткені оңтүстік өңірдің диқандары өнімі піскен кезде тауарын осында тонналап тасиды. Аптасына бес күн саудасын жасап отырғандар алдағы дүйсенбіден бастап базарлар жабылады дегенді естіп өре түрегелді. Көтерме базар жабылса, ел азық-түліктен тарығады дейді.Базарға күніге 500-ге тарта үлкен және шағын жүк көліктерімен жүздеген тонна көкөніс пен жеміс кіргізіледі. Басым көпшілігі - қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ сияқты маусымдық өнім. «Тонналап жеткізіп, сақталып тұрған тауар базар екі аптаға жабылса, шіріп кетеді» дегендер осыдан кейін өңірде қымбатшылық пен тапшылық орнауы мүмкін дейді.Саудагер Тынышкүл Жанқараева: «Барлығын осы базар қамтамасыз етіп отыр. Егер осы базардан алмаса, бүкіл басқа жақтың адамдары қиналады. Бұл базар – біздің ең үлкен көтерме базар. Бүкіл нәрсені басқа базарларға апармайды, осы жерге әкеледі. Жабылса, халық қырылады деген сөз», – деді.
Базардағы короновируспен күресем деп жүргенде, ел ертең дүкендерге жаппай ағылып, күрестің нәтижесі соқыр тиын болады деген саудагерлер қазіргі бес күндік сауданы қалдырсын дейді. «Карантин талаптарын бұлжытпай орындаймыз» деген олар шенеуніктердің тыйымына бәрібір қарамаймыз деп отыр.Көтерме базар қызметкері Ерікжан Сарыпбеков: «Екі апта тұрады деген бұл тіпті ойға келмейтін нәрсе. Екі аптада қауын-қарбыз, жемістің бәрі күннің астында, көлік ішінде бұзылып кетеді. Бұл ақылға сыймайды», – дейді.
Саудагерлердің талабына шымкенттік биліктің әзірге айтар жауабы жоқ. Әкімдік басқармаларға, болмаса СЭС мамандарына сілтеп отыр. Санэпидемиологтар қазір шенеуніктер базарлардың екі аптаға жабылуына байланысты кеңесіп жатқанын ғана айтады. Кеше ғана жаңа қаулы туралы жар салғандар енді сол қаулыға өзгеріс енгізуі мүмкін.Сатушы Сәрсен Байдуллаев: «Мынау республикалық тасжолда қанша көлік бар. 500-600 фурасы бар үлкенді-кішілі автокөліктер бар, жүк көліктерінің барлығы осында жетеді. Сонда жердің бәрін жауып тұрып, сауданы сол жерде істейміз деп отыр саудагерлер», – дейді.
Бұған дейін де Шымкентте тағам сатып, күнін көріп отырғандар «Өлуге де дайынбыз» деп қаулыны бір сағатта өзгерттірген еді.