Арыстағы жарылысқа кінәлілерге үкім шықты
Арыстағы жарылысқа кінәлілерге үкім шықты
176
оқылды

Шымкент қаласының аума­ғында орналасқан 35 748 әскери бөлімінде Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасынан шыққан жарылыстар бойынша сот үкімі оқылды. Жарылысқа қатысы бар деген 16 адамға айып тағылды. Олардың алды 10 жыл арқаласа, тағы төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ал Арыс қаласының 1 500-ге жуық тұрғыны жәбірленуші ретінде танылған.

Алайда жабық есік жағда­йында өткен сот процесіне тіл­шілер қатыстырылмады. Сот отырысы айтылған уақыттан екі сағат кешігіп басталды. Қыл­мыс­тық іс 550 томнан тұрса, 1 473 жәбірленуші тіркелген. Айтып өткеніміздей, айыпта­лу­шылар – 16 адам. Сот процесі аяқталып, айыпталушыларға үкім оқылып біткен соң сыртқа шыққан жәбірленушілер мен айыпталушыларды қорғаушы­лардан сұхбат алдық. Өзін Нұр­лан Рахимов деп таныстырған арыстық тұрғын отбасымен жарылыстың зардабын тартып отырғанын айтты. «Біз отба­сы­мызбен жарақаттанғанбыз. Әлі күнге дейін өз күшімізбен ем­деліп келе жатырмыз. Мына ба­ламның кеудесінде оқ қал­дық­тары әлі тұр. Аяғының еті жұлы­нып кеткен, балтырының еті жоқ. Түнімен ауырып шығады. Емделіп тұруы үшін мүгедектікке құжат тапсырған едік, комиссия құптамай қойды. Келіншегімнің 8, өзімнің дене мүшемнің 3 ай­мағы зақымданды. Әлі күнге де­йін массажға барамыз. Жары­лыс болған аймақта пәтер жал­дап тұратын едік. Оқиға болған кезде қолымда 2 жасар қызым болған. Ол да қазірге дейін қатты дауыс естісе, жата қалып жы­лайды. Жағдайымызды сұрап келген пенде жоқ. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Біз отбасы­мыз­ды осындай хәлге жеткізген­дік­тен, моральдық шығын сұ­раймыз. Денсаулық керек, ем алуы­мыз қажет. Сотты күтіп, үміт артып жүргенімізге екі жыл бол­ды. Бірақ бүгінгі сот отыры­сында бізге қатысты ешнәрсе де ай­тылған жоқ. Иә, жәбірленуші ретінде шақырылдық, бірақ ешкімнің бізбен шаруасы болған жоқ. Сотталушыларға үкім оқы­ды, бітті», – дейді жарылыстан зардап шегуші. Жәбірленушілердің барлығы да дәл осылай сот үкіміне риза емес екенін білдіріп жатты. Екі жылдан бергі үміттері күл-талқан болған. Бірі үйінен, екіншісі ден­саулығынан айырылған. Сот оты­рысында шығынды өтеу бойынша ешқандай мәселе көтерілмеген. Сонымен қатар байқауы­мызша сотталушылардың еш­қайсысы да шешімге көңілі толмаған. Оны қорғаушылардың апелляцияға шағымданамыз деп отырғанын байқауға болады. Адвокат Бекжан Нұрмағанбет жарылыстың қолдан жасалма­ғанын, оның неден болғанын да әлі ешкім білмейтінін айтып өтті. «Нақты дәлел жоқ, сарап­та­маны тексеру керек. Жарылыс салдары мұқият тексерілмеген» дейді ол. Осылайша екі тарап та сот үкіміне көңілі толмайтынын жеткізді. Жарылыс жылдар бой­ғы қордаланған келеңсіздіктердің салдары деп топшылайды сотта­лушыларды жақтаушылар. Арыс Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі 2019 жылы болған Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтағанын хабар­лады. Осынау жарылыстың сал­дарынан 3 адам қайтыс болып, 30 адам түрлі жарақат алған. Прокурорлар айыпталушы­ларға 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жа­засын тағайындауды және аза­маттық талаптарды қараусыз қал­дыруды сұраған. «Жәбірлену­шілердің көпшілігі істің шешімін соттың қарауына қалдырды. Айыпталушылар мен адвокаттар айыпталушыны ақтап, қыл­мыс­тық істі тоқтатуды сұрады. Әс­кери бөлім басшылары қызметке салғырт қарады (ҚК 453-бабы, 2-бөлігі), яғни қызметтік міндет­терін орындау барысында ба­қылау шараларын қадағаламай оқ-дәрілермен жұмыс істеу бары­сында заңсыздықтарға жол бер­гені үшін кінәлі деп таныл­ды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі. Техникалық қауіпсіздік құ­рал­дарын орнатуға бөлінген бюд­жет қаражатын жымқырғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы) аудандық жедел бөлім басшы­лығы мен әскери бөлім коман­дирі 7 және 10 жылға бас бостан­дығынан айырылған. Оларға бұ­дан бөлек, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда ла­уазымдарды иелену құқығына өмір бойына тыйым салу бо­йын­ша тағы қосымша жаза та­ға­йындалған. Жөндеу жұмыстарын жүргізген меншік иелері мен мер­дігерлердің арасындағы дау­лардың болуына байланысты азаматтық сот ісін жүргізу ке­зінде шағымдану құқығынан бас тарту арқылы азаматтық талап­тар қараусыз қалдырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Онымен келіспеген жағ­дай­да тараптар жоғары сатыдағы сотқа шағым түсіруге құқылы. «Қатысушылардың көптігін және тиісті сот отырысы залы­ның қажеттілігін ескере отырып, сот істі қауіпсіз аймақта – әскери бөлімде қарады, оның аумағына азаматтарды қабылдау оның рұқсатымен ғана мүмкін болады. Сот үкімін жариялауға техни­калық мүмкіндік пен онлайн байланыс ұсынылған жоқ», – дейді баспасөз қызметі. Айта кетейік, Арыстағы жа­рылысқа байланысты сот оты­рысы 2020 жылдың 11 маусы­мында басталған. Биыл қаңтарда сот «қылмыстық істегі кемші­ліктерді жою және іске қатысы бар басқа да адамдарды қыл­мыстық жауапқа тарту үшін» істі прокуратураға қайта тергеуге жіберген еді. Ал 12 сәуірде Шым­кент гарнизоны соты істі қайта қарай бастаған. 2019 жылдың 19 маусымында Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақталған қойма жарылып, елде үлкен дүмпу болғаны бар­шамызға белгілі. 40 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 8 мыңға жуық тұрғын үй зақымданған болатын. Енді әскери соттың шешіміне көңілі толмаған жәбірленушілер азаматтық сотқа, ал сотталғандар апелляцияға шағым түсірмек. Демек, бұл іске әзірге нүкте қойылмайды...  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы