Түркия мен Әзербайжан ортақ армия құра ма?
Түркия мен Әзербайжан ортақ армия құра ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
261
оқылды

Соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдарында Түркия мен Әзер­байжанның ортақ армия жасақ­тауға келіскені жайлы мәліметтер жарияланды. Әсіресе, орыс тілінде ақпарат тарататын медиа бұл ақпаратты жалау­латып-ақ жатыр. Шынымен солай ма?

Бір халық, екі мемлекет

Негізі, Түркия мен Әзербайжанның  кейінгі жылдары өте тығыз қарым-қатынас орнатқаны  баршаға белгілі. Әсіресе, Анкара мен Бакудің  ынтымақ­тастығы был­тыр Қарабақ үшін болған соғыста анық байқалды. Түркияның әскери оқу орын­дарында оқыған офи­церлер  әскери бөлім­дерді  басқарып, Қарабақтағы операцияда түрік генерал­дарының әзербайжан қолбас­шы­ларына кеңес бергені де жасырын емес. Одан бөлек Әзербайжан армиясындағы түрік инженерлері жасаған  пилотсыз ұшатын қондырғылар соғыста шешуші  рөл атқар­ғаны да есте. Бәлкім содан ба, жоқ әлде кейінгі кездері Түркия мен Әзер­бай­жанның  бірлескен әскери оқу-жаттығу­ларға көбірек көңіл бөлгеннен бе, әйтеуір 27 шілдеден бері  «екі мемлекет  бірлескен  армия құрады екен» деген қауесет желдей есіп тұр. Ал оған Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі­нің төрағасы Мұстафа Шентоптың Бакуге жасаған сапарында айтқан бір сөзі себеп болғанға ұқсайды. Саясаткер жур­на­лис­­тердің «Екі мемлекет бірлес­кен армия құруы мүмкін бе?» деген сауалына  «Әзер­байжан мен  Түркия көптеген келісімге келді. Олардың арасында  әскери көмек пен  қорғаныс өнеркәсібі  саласындағы келісімдер де бар. Осы келісімдер аясында  көптеген зерттеу жасалып, екі елдің бірлескен оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Бірақ біздің негізгі ұранымыз, Гейдар Әлиев айтқандай «бір халық, екі мемлекет». Бұл бағытта көптеген жұмыс істеліп жа­тыр» деп жауап берген.  Яғни, М.Шентоп  бірлескен армия жасақтала­тыны туралы ашық айтқан жоқ. Тек Г.Әлиевтің әйгілі сөзін ғана алға тартты.  Алайда орыс  тілін­де  ақпарат тарататын  масс-медиа саясат­кердің сөзін өздерін­ше жорығанға ұқсайды. Ал түрік және әзербайжан ақпарат құрал­дары, тіпті  батыс медиасы да «ортақ армия құрыл­ғалы жатқаны» жайлы бірде-бір  мәлі­мет таратпады. Керісінше, әзербайжан масс-медиасы М.Шентоп айтты делін­ген сөздің жалған екенін де алға тартты. Демек, түріктер мен әзербайжандар арасында кеңінен тараған «бір халық, екі мемлекет» дейтін қанатты сөздің   астарына  үңілгендер сирек болып тұр. Іс жүзінде Г.Әлиевтің бұл сөзі екі ха­лық­тың қанша­лықты жақын екенін сипаттау ғана еді. Оны бірқатар масс-медиа  өкілдері тура мағынасында түсінсе керек.

Бұл идея бұрын да айтылған

Негізі, қоғамда «Тұран одағы», «түр­кі­тілдес елдердің бірлескен армиясы» тәрізді ақпараттардың талқыланып жүр­геніне біраз болды. Мұндай  қауе­сет­тердің тарауы­на кейде түркітілдес елдердің белсенділері себепші болса, кейде Ресейдің саясат­керлері ықпал етеді. Айталық, 2020 жылғы тамызда Әзербайжанның «Ұлттық қайта түлеу» партиясының төрағасы Фарадж Гулиев ортақ қорғаныс күштерін  құру идеясын көтергені бар. Ол «Ортақ қорғаныс күштерін құруымыз керек. Бірлескен армия жасақтайтын уақыт келді. Егер Түркия барлық  техника­сын, қару-жара­ғын, дрондарын, қорғаныс өнеркәсібін Әзербайжанға беретінін айтқан болса, біз де барлық тізгінді оларға беруіміз керек» деген еді. Ал ресейлік саясаткер В.Жири­новскийдің «Ердоған Тұран армиясын жасақтамақ ниетте» деп байбалам салғаны да бар. Сөйтіп, осындай мәліметтер масс-медиада «Түркия мәне Әзербайжан бірлес­кен армия жасақтағалы жатыр» дейтін қауесеттердің таралуына алғы­шарт қалып­тас­тырса керек. Әйтпесе, Баку мен Анкара бірлескен жаттығу­лардан әріге барған жоқ. Әрине, өзара әскери-техникалық көмек, көптеген мәселеде ұдайы бір позиция ұстану қос мемлекет үшін  қалыпты  құбы­лысқа айналған. Бірақ ортақ армия құру түгілі қандай да бір ресми одақ құру жайлы да әзірге ешқандай келіссөздер  жасал­ған жоқ. Демек,  ресейлік масс-медиа таратқан мәліметтер түркітіл­дес елдер интеграция­сын милитар­лық бағытта сипаттаудан басқа ештеңе емес. Тіпті, Орталық Азия­дағы түркі халық­тарына «Анкара мен Баку сендерді Тұран одағы­нан ығыстырып тастады» дейтін месседжге де ұқсап кетті. Алайда іс жүзінде Түркия мен Әзербай­жанның  бірлескен әскери оқу-жаттығу­лары, өзара тығыз қа­рым-қатынасы  түркі интеграциясына ешқандай да кері әсер ете қоймайды.

Әскери одақ құрылуы мүмкін бе?

Әрине, масс-медиада бауырлас екі мемлекеттің  ортақ армия жасақтағалы жатқаны  жайлы қауесеттің тарауы «Түркітілдес елдердің әскери одағы құры­ла ма?» дейтін сауалды да күн тәртібіне шығарары анық. Біздің пайымдауымызша, түркі интеграциясы әзірге мәдени-гуманитарлық бағыттан ауытқи қоймайды. Әрине, одан соң сауда-экономикалық бағытқа айрықша мән берілуі мүмкін. Қандай да бір саяси, әскери  одақ құрылатыны туралы әзірге айту  ертерек. Тек антитеррорлық құрылымдар арасын­дағы байланыстар тереңдетіліп, технология алмасу жағына көңіл бөлінуі мүмкін. Айталық, түріктің Aselsan, Otokar тәрізді қорғаныс өнеркәсібіне маманданған кәсіпорын­дарының Қазақстанмен ынты­мақ­тастық орнатқаны тәрізді  қадамдар болуы мүмкін, одан әріге бара қоймай­ды. Рас, 2013 жылы Түркия, Әзербай­жан, Қыр­ғыз Республикасы мен Моң­ғолия «Әскери мәртебесі бар құқық қорғау органдарының Еуразиялық ассоциациясы» дейтін ұйым құруға талпынған.  Төрт мемлекет атауы­ның бас әріптерінен құралған TAKM дейтін  шартты жоба әлі де  пысықталып жа­тыр. Оған, тіпті Қазақстан да қосылуы мүмкін екені сөз болған. Бірақ бұл ұйым адам саудасы, терроризм мен есірткі саудасына қарсы күрес тәрізді міндеттерді орындайтыны айтылған. Кейбір сарапшы­лар әскери мәртебесі бар құқық қорғау ұйымдарының төрт мемлекеттегі жеке құрамының саны 2 млн 800 мыңға жететінін алға тартқан. Әзірге бұл жоба ғана. Алайда жоба дегеннің өзінде мұндай ұйым құру күрделі халықаралық  келіссөздерден кейін ғана жүзеге асатын дүние. Бірін­шіден, Түркия НАТО-дағы  одақ­тас­тары­ның «алдынан өтуі» керек. Қыр­ғыз Респуб­ликасы ҰҚШҰ-дағы «ағалар­дың» «бата­сын» алуы тиіс. Әзербайжан мен Моңғолия  «Қосылмау қозғалысы» деп аталатын 120 мемле­кет­тен құралған әскери блоктарға  қосылмау ұйымына да өз уәждерін айтуы тиіс. Демек, ТАКМ-ды құру қаншалықты қиын болса, Әзербайжан мен Түркияның әскери одақ құруы да соншалықты күрделі процесс.  Сон­дықтан  «Тұран армиясы жасақ­талады» деген  уәж жуық арада орын­далуы неғайбіл,  «арман» күйінде қала бермек.

Амангелді ҚҰРМЕТ