Шортанды суға жарымай отыр
Шортанды суға жарымай отыр
5,128
оқылды

Елорданың іргесіндегі Ақмола облысының бірқатар ауылдары ауызсудың зардабын жылдар бойы тартып келеді. Кенезесі кеуіп, таза суды қаладан тасып ішетін жұрт мәселенің ондаған жылдан бері ше­шілмей келе жатқанын айтады. Шалғайда жатқан ауыл­дарды айт­па­ғанда, білдей аудан орталықтарында жағдай алаңда­тарлық. Солардың бірі – Шортанды кенті.

Елордадан 60 шақырым ғана қашықта болса да, ауызсу жайы ондаған жыл бойы шешімін тап­паған. Осыдан 3-4 жыл бұрын жа­­ңадан су құбыры тартылғанда шор­тандылықтар бөріктерін ас­панға ата қуанысқан. Тіпті, тұр­ғын­дар арасында су құбырын аула­сы­ның алдына жеткізгені үшін мерді­герге 40 мың теңгеден ақша да төлеген. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмаған. Шамамен 6 мыңға жуық тұрғыны бар кентте тіршілік нәрі сол күйі жөнді тамар емес... Тұрғындар, әсіресе жаздың аптап ыстығында сусыз қалған­дарына наразы. Күнделікті үй тұрмысына пайдалануға да судың жетіспейтінін айтқан тұрғындар базынасын жергілікті биліктің құлағына жеткізе алар емес.
«Онсыз да сыздықтап ағатын су арада аз уақыт өтпестен тоқтап қалады. Адам сияқты кір-қоңы­мызды, киімдерімізді жуудың өзі әзірге арман болып тұр. Таңғы жеті шамасында 1-2 сағат су беріп, одан кейін сөндіріп тастайды. Ал күн­дізгі 2-ден кешкі жетіге дейін су мүлде тамбайды. Кешкі жетіден түн­гі он екілерге дейін болса бол­ды, ал түнгі уақытта тағы ағыты­лады. Осылай сусыз қиналға­ны­мызға ондаған жыл болды. Әрине, біз шеткі жақта тұрғандықтан бізге су жетеді. Ал кенттің ішкі жақ­та­рындағы үйлерде, әсіресе 2-3 қа­батта тұратындарға мүлде су жет­пейді. Мал суару, бау-бақшаға суа­ру сияқты жұмыстарға су тап­пай қиналамыз. Ал жергілікті би­лік қыс болса құбыр жарылғанын, жаз болса бау-бақша суаратын­дықтан судың жетіспейтінін айтып ақталады», – дейді Светлана есімді Шортанды кентінің тұрғыны.
Судың зардабын тартқан ха­лық су берілген уақыттың өзінде сыздықтап ағатынын айтады. Су­сыз қалған жұрт краннан тамшы­лап аққан сумен құман толтыру үшін күні бойы сарыла күтуге мәжбүр.
«Су сыздықтап ақса, қуа­натын жағдайға жеттік. Суды не ыдысқа құйып алатыныңды, не кір жуа­рыңды не жуынарыңды біл­мей­сің. Тәуліктің 13 сағаты сусыз оты­рамыз. Ал кестеге сәйкес 11 са­ғат су берілуі тиіс. Бірақ осы 11 сағатта су бізге жетіп үлгергенше ағытылып та қалады. Мәселен, бү­­гін күндізгі сағат екіге дейін су берді. Су берді деген аты болмаса, краннан су тек тамшылап тұрды. Күндіз екі сағат берсе де, тым бол­маса судың қысымын көбейтсе жөн болар еді. Міне, үш күннен бе­рі тіпті жуына да алмай жүрмін», – дейді Гүлмира Күпішева есімді Шортанды тұрғыны.
Ал жергілікті билік судың тап­шылығын ауа райының жыл­да­ғы­дан ыстық болуымен әрі тұрғын­дардың суды бау-бақшаға көбірек пайдаланып жатқанымен түсін­дірмек болды.
«Жазғы маусым басталысымен Шортанды кентінде тұрмыстық қажеттіліктерге де, жекеменшік үйлердің маңындағы бау-бақшаны суару үшін де тұтыну күрт өсті. Салдарынан судың қысымы аза­йып, көптеген тұрғын су тапшы­лығына тап болды. «Шортанды Су» коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері жедел арада бұл мәселені шешу үшін барлық мүм­кіндікті қарастырып жатыр. Су кө­лемін арттыру үшін қосымша тағы бір су ұңғымасы іске қо­сылған. Қазір Шортанды кентінің суасты ұңғымаларында сапалы ауызсу қорының дебеті аса өткір тұр. Мәселені түбегейлі шешу үшін Шортанды кентінде су құбыры желілерін қайта құру жо­басы бо­йынша жобалық-сметалық құжат­тама жасалып жатыр. Су тарту Егемен ауылы арқылы жүзеге асы­рылмақ. Жобаны жүзеге асыру кентті сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Шор­танды аудандық тұрмыстық-ком­муналдық шаруашылық бөлімінен.
Ауданның тұрмыстық-ком­му­налдық шаруашылық бөлімі ауыл тұрғындарынан су құбырын тарт­қаны үшін ақша жиналғанын жоққа шығарды.
«Осыған дейін 2017 жылы рес­публикалық бюджет қаржысына Шортанды кентінде су тарту же­лілері мен құбырларын қайта жа­ңарту жүргізілген. Ал тұрғындардан ақша жиналған жоқ. Су құбыры тұтынушылардың шекарасына дейін жеткізіліп берген», – деп толықтырды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен.
Сонымен әзірге ауылдар түгілі Шортанды ауданының орталығын­дағы ауызсу мәселесінің шешілер түрі көрінбейді. Тұрғындар мәсе­ленің ондаған жылдан бері ше­шімін таппағанын айтып зар илей­ді. Ал билік салынған құбырлардан қашан тәулік бойы су тынымсыз ағатынын айта алмай отыр...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы