Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары болып табылатын мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесті, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Осы бөлімнің басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, «Covid-19» коронавирустық инфекциямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған. Сондай-ақ жоғарыда аталған пара сомасын берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Лауазымды адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жарияланбайды.