ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сарапшылары мен халықаралық зерттеушілер консорциумының мамандары бір жылға жуық етене жұмыс істеп, оқулық басылымдарының сараптау жүйесін жаңғыртуға бағытталған құжаттар-топтамасын әзірледі.
Бұл бағыттағы кешенді шаралар өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Мұндағы негізгі мақсат – оқулықтарға қойылатын талаптарды отандық және әлемдік тәжірибені салыстыру және жіті зерттеу арқылы қайта қарастыру, заман талабына сай әзірлеу. Сондай-ақ сараптама кезеңдері мен реттілігін тиімділік және қолданбалылық тұрғысынан қайта қарау, оқулықтарды зерделеу мен бекітудің ұлттық жүйесін нығайту көзделді. Бұл жөнінде РҒП Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов айтып берді. – Оқулықтану – халықаралық тәжірибе тұрғысынан педагогиканың аз зерттелген саласы. Мұны оқулықтану мәселелерін зерттеу бойынша жобалар, ғылыми еңбектер мен мақалалардың аздығынан да аңғаруға болады. Осы ретте, оқу басылымдарын бағалау жүйесін, мазмұнын ресімдеуді жетілдіру қажеттілігі туындады. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге ден қойып, Дүниежүзілік банктің «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында осы бағыт бойынша консультациялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізуді қолға алды. Бұл Жоба – маңызы жоғары әрі саф мүмкіндік. Себебі біздің орталық мамандары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді пысықтауға, оны оқулықтарды бағалау жүйесі ертеректе орныққан мемлекеттер тәжірибесі негізінде зерттеуге және тікелей игеруге мүмкіндік алды. Әзірленген құжаттарда сараптаманы жүргізуге, сарапшыларды іріктеуге, орта білім мазмұнының инвариантты бөлігіне жататын 19 пәнге арналған критерийлерге, жаңа оқулықтар мен ОӘК-ге жүргізілетін сынақтан өткізу процесі мен қоғамдық талқылау жұмысын жүргізуге қатысты нұсқаулықтар қамтылған. Сонымен қатар оқу басылымдарының авторларына, сарапшылардың жұмысын бағалауға бағытталған арнайы нұсқаулықтар да бар, – деді орталық басшысы. Елдос Болатханұлының айтуынша, оқу әдебиетін бағалауға арналған критерийлерді 19 пәнге бөліп қарастыру – ұтымды тәжірибе. Бұған дейін оқу басылымдарын бағалау жүйесінде жалпы талаптарға басымдық берілген. Елімізде оқулыққа сараптама жүргізудің өзіндік тәжірибесі болғанымен, пән бойынша егжей-тегжей жіктеу бұрын-соңды қолданылып көрмеген. Жаңартылған критерийлерде соңғы 5 жылда қолданысы қарқынды түрде артқан ғалам торабы мен әлеуметтік желінің сын-қатерлері ескерілген. Мәселен, мемлекет пен қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін кемсітушілік, құқықбұзушылық, қатыгездік, үрдісшілдік, суицид, лаңкестік, отбасы құндылықтарына қарсы мінез-құлық, коммерциялық жарнама, бейресми дереккөздердің көрініс табуына жол бермеу мәселесі күшейтіле түскен. Жаңартылған критерийлер тиісті рәсімдерден өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.