Ақмолада үш жылдан бері WhatsApp әлеуметтік желісінде қаржы пирамидасы жұмыс істеген. Ақмола облысының Целиноград ауданында үш жылдан бері қаржылық пирамида ұйымдастырылып келген. WhatsApp әлеуметтік желісін пайдаланған алаяқ облыс тұрғындарымен қатар өзге өңір тұрғындарын да тақырға отырғызған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Полиция тергеушілері қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен Целиноград ауданының 28 жастағы тұрғынын ұстаған. Жас әйел WhatsApp мессенджерінде "Өзара көмек кассасы" деген топ құрған. Сөйтіп қаржы пирамидасы 2019 жылдың тамызынан осы жылдың сәуіріне дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келгені анықталған.
"Күдікті әйелге облыстың және өзге өңірлердің тұрғындарын алдап, ақшаларын иеленіп кеткені белгілі болды", - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.Қазір аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 190 бабының 2 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Полицейлер азаматтарды ақшасын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмай, сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін ескертті.
"Егер Сіз немесе сіздің жақыныңыз қаржы пирамидасының қызметіне ұшырасаңыз дереу полицияға хабарлауды сұраймыз", - дейді полиция департаментінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы