Солтүстік Қазақстан облысында 272 дәрігер жетіспейді. Өңірде, әсіресе жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтер, психиатрлар және сәулелік диагностика дәрігерлеріне мұқтаждық бар.
«Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Құсемісов медицина кадрларының тапшылығын азайту шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, соңдай-ақ өңірде педиатрларға, акушер-гинекологтерге және дәрігер-зертханашыларға қажеттілік туындап отыр екен. Сонымен қатар 102 орта медициналық қызметкерді тарту қажеттілігі бар. – 2021 жылғы 9 шілдедегі жағдай бойынша, 1,5 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы 27 дәрігерге 40,5 млн теңге сомасында тағайындалды. Биыл 128 жас дәрігер, оның ішінде 56 маман ауылдық жерлерге, 72 маман қалаға тартылмақ. Облыстық бюджет қаражаты есебінен білім алған 24 резиденттің келуі күтілуде. Қалған резиденттер оқуын аяқтап, 2022 жылы және 2023 жылы жұмысқа кіріседі. Денсаулық сақтау басқармасының бюджетінде биылғы қаржы жылына 143,5 млн теңге салынды. 128 жас дәрігерді тарту үшін 2021 жылға қосымша қажеттілік 106 млн теңгені құрайды, – деді Құмар Құсемісов. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жергілікті бюджет есебінен, (5 жылдан кем емес) кейіннен жұмыспен өтеу шартымен 10 жоғары медициналық оқу орындарында жалпы сомасы 155,4 млн теңгеге 113 резидент оқиды. Олардың арасында кардиологтер, анестезиологтер-реаниматологтер, офтальмологтер, оториноларингологтер, акушер-гинекологтер, неврологтер және басқа да көптеген маман бар. Қазір өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында 1 342 дәрігер және 5 022 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.Әбілмансұр ЖАСАН