Тұрғындар жаңа баспана сұрады
Тұрғындар жаңа баспана сұрады
134
оқылды

Орал қаласындағы Зашаған кентінде салынған үйдің сапасына байланысты мұндағы тұрғындардың «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен дауласқанына екі жылдай уақыт өтті. 2019 жылы пайдалануға берілген 9 қабатты үй әлі күнге аталған компанияның меншігінде тұр. Осы мәселе бойынша шағымын білдірген тұрғындармен «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы арнайы кездесу ұйымдастырды.

Бұрын компания атауы «Қазақ­стан ипотекалық компаниясы» ипоте­калық ұйымы» АҚ» болғанын айтқан Ұлдай Төлеева сапасыз са­лынған пәтердің орнына жаңа пә­тер беруін сұрады. – Қызым жалғызбасты ана са­натымен жаңа пәтерге қол жеткізді. 2019 жылдың маусым айында бі­рінші қабаттағы пәтерге орналас­тық. Мен де қызыммен бірге тұ­рамын. Уақыт өте үйдің сапасыз са­лынғаны белгілі болды. Қыс бойы жертөледе мотордың даусы гүрілдеп шығады. Тіпті, пәтері­міздің едені дірілдейді. Жиектасты балкон тұсына дейін таяу салған. Аутокөліктер іргемізге төніп келіп тоқтайды. Үйдің қабырғаларының сыртына сызат түскен соң оны ҚТК құрылысшыларға жөндетті. Мына үйде тұру мүмкін емес. Рес­ми түрде апатты деп танып, басқа пәтер берілуін сұраймыз, – деді ол. Бұл тұста үш бөлмелі пәтерде тұратын Нұрболат Иманбаевтың да өз айтары бар. Оның сөзінше, жыл сайын көпқабатты үйдің жер­төлесіне қар суы құйылады екен. Жертөледе тұрған қосымша темір тіреулердің мығым екеніне тұр­ғын­дардың көпшілігі күмән кел­тіреді. Салыстырмалы түрде ал­ғанда оның қасындағы үйлерде мұндай тіреулер жоқ, іргетасы бе­кем құйылған. Мердігер үй салуды 2016 жылы бастаған. Пәтердің шар­шы метрі элиталық үйдің ба­ғасымен есептелініпті. Нұрболат Иманбаев пәтердің бір шаршы метрі 149 мың теңгеге бағаланға­нын, мұнымен мүлдем келіспейті­нін жеткізді. Нұрболат Иманбаев құрылысқа жауапты компаниялар мен тексеруші мекемелердің ық­палы болатынына сенбейтінін айтты. Тұрғындар бірауыздан бұл үйді апатты деп тану керек екенін тілге тиек етті. Олар амалы таусылған­дықтан, сот құрылымына да жү­гінген. Бұған дейін ішкі мем­лекеттік аудит және экономикалық тергеу қызметтері және басқа да ме­кемелер бірнеше мәрте сарап­тама жұмысын жүргізген. Арыз-шағым бойынша жұмыс істеген тергеушілер де ауысып отырған. Бірақ тексеру жұмысының қоры­тындысы қоныс иелеріне таныс­тырылмапты. – Бастапқы кезеңде мердігер 5 қабатты үй салмақшы болған. Содан кейін құрылыс нысанын 9 қабат етіп көтеруге шешім қабыл­даған. Қыста үйдің шатырына қар тұрып қалады. Шатырды тазалау мүмкін емес. Қазақстан тұрғын үй ком­паниясы мердігерден бұл үйді қа­лай қабылдап алғанына қай­ран­мын. Бізге жаңа баспана беруді не­месе осы үйді қайта салуды та­лап етеміз, – деді Алмагүл Бекешева. Зашаған кенті Арман шағы­н­ауданы Мөңкеұлы көшесі 108/5 мекенжайында орналасқан үйдің тұрғындардың қолында 2020 жыл­дың 23 қаңтарында БҚО Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен «Батысқұрылыс» ЖШС және техникалық қадағалау маманда­рының қолы қойылған акт қоры­тындысы бар. Бақылау өлшемінің актісінде нысан бойынша көптеген бұзушылық анықталғаны жазыл­ған. Ондағы мәліметке сүйенсек, құрылыс-монтаж жұмысының орындалғаны туралы жалпы құны 2 047 385 638,58 теңге болатын 18 акт құжаты толтырылған. Кейбір құрылыс материалдары жобалық-сметалық құжаттамадағы талап­тарға сәйкес емесі анықталған. Акт қорытындысында 190 854 106 теңгенің жұмысы орындалмағаны жазылған. Тұрғындармен кездесуде об­лыс­тық Сәулет және қала құры­лысы басқармасының бас маманы Әлихан Мырзаболатов тапсырыс беруші құрылыс-монтаж жұмы­сының басталғаны туралы хабардар еткенін ашық жеткізді. Одан ары техникалық қадағалаушы ай сайын электронды құжат айналымы ар­қылы есеп беріп отырғанын, құры­лыс соңында ХҚО арқылы қабыл­дау актісі ғана жолданғанын айтты. Нақтылап айтсақ, қалалық бөлім мамандары нысанды тексеруге бар­маған, қабылдау актісінің дұрыс толтырылғанын ғана қада­ғалаған. Яғни, тапсырыс беруші – ҚТК мен техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер қабылдау актісіне жауапты. Аталған көпқабатты үй тұрғынжай стандартына сай келмегендіктен, қала әкімдігі меншігіне алмаған. Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров мәселенің мәнісі бизнес саласындағы мекемелер жұмысына мониторинг жүргізуге шектеу қойылғанынан деп есептейді. – Тапсырыс беруші мен мер­дігер, техникалық қадағалаушы мен авторлық қадағалаушылар – бизнес саласының өкілдері. Олар өзара келісіп жүргізген құрылыс ны­сандарына мемлекеттік құры­лым­дардың тексеріс жүргізуге құ­қы жоқ, – деді Аққали Әубекеров. Ал «Қазақстан тұрғын үй ком­паниясы» АҚ-ның Орал қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі маманы Бірлес Сәрсен­бай бір апта бұрын компания бас­қармасы төрағасының орынбасары Алмас Шабдарбаев тұрғындармен кездескенін айтты. Сол кезде бар­лық мән-жай түсіндірілгенін де тілге тиек етті. – Төраға орынбасарымен бірге Қостанай қаласынан техникалық аудит мамандары келді. Олар бір апта бойы үй құрылысына қатысты тексеру жүргізді. Сараптама қоры­тындысы бір айдан кейін белгілі болады. Соның нәтижесінде мер­дігер тауып, құрылыс-монтаж жұмысындағы барлық кемшілікті түзейміз. Сарапшылардың алдын ала берілген мәліметі бойынша «Үй апатты жағдайда тұр» деп алаңдауға негіз жоқ, – деді Бірлес Сәрсенбай. Тұрғындар үйдің қайта-қайта сараптамадан өткізіле беретініне наразы. Мөңкеұлы көшесіндегі 9 қабатты 180 пәтерлі үй бейне ауада қалқып тұрған баспана секілді. Көпшіліктің жанайқайына құлақ асар құзырлы мекеме жоқ.Тұр­ғындармен келісімшартқа тұрған Қазақстан тұрғын үй компаниясы әлі күнге арыз-шағым иелеріне жарытымды жауап бермеген. Құрылысқа жауапты мекемелердің салғырттығы салдарынан сеңдей соғылысып жүргендер көп. Бұл үйге көбіне әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын тұрғындар қоныс тепкені де ескерілмей отыр. «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының орынба­сары Кенесары Нұршин партиялық бақылау комиссиясы бұл мәселені назарда ұстайтынын айтты.

Әбілмансұр ЖАСАН