Ипотека нарығы қарқын ала түсті
Ипотека нарығы қарқын ала түсті
307
оқылды

Қазақстанның ипотекалық нарығы кейінгі бірнеше жыл бойы негізінен мемлекет қаржысы арқылы дамып келді. Ал былтырдан бастап баспана сатып алу үшін зейнетақы жинағының «артығын» жаратуға рұқсат берілуі бұл салаға ерекше серпін берді.

Екі жылдан бері ковид індеті эко­номика­ның барлық дерлік саласына зия­нын тигізіп, кейбір қызмет түрлері мен шаруашылық құрылымдарын тұралатып тастады, бірақ бір ғажабы, ол ипотека нарығына қылдай қиянат жасай алмады. Ипотека көрсеткіші пандемия кезінде де тоқтаусыз өсе берді. Қазақстан қаржы­герлері қауымдастығы талдау орталығы­ның дерегінше, ипотекалық кредиттерді беру қарқыны тек былтыр наурыз-мамыр айларындағы локдаун уағында ептеп бәсеңдегенімен, одан кейінгі кезеңдерде ол карантиге дейінгі қалпына қайта түсті. Кейінгі бес жылда банктердің жалпы ипотекалық портфелі 2,8 есе өсті. Ол 2015 жылдың қаңтарындағы 900 млрд теңгеден 2021 жылдың мамырында 2,5 трлн теңгеге дейін жетті. Тұрғын үй нарығында көп­шіліктің сұранысының артуына мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдар­ламалары, Отбасы банктің қол­жетімді несиелеу бағдарламасы, сондай-ақ тұрғын­дардың әртүрлі осал топтарына арналған әлеуметтік несиелеу бағдар­ламалары оң әсер етті. Сонымен қатар мемлекет түпкі­лікті несие алушы үшін кредиттің құнын мақсатты түрде жылдан-жылға төмендетіп отырды. Ипотекалық кредиттің мөлшер­лемесі 2015 жылғы 9,6%-дан 2021 жылы 8,3%-ға түсті. Бүгінде ипотекалық кредиттің қо­мақ­ты бөлігі Отбасы банкінде (56%) шоғыр­ланған, осы нарықта одан кейінгі ірі ойын­шылар – Сбербанк (16%), БЦК (13%) және Халык банк (9%). Мәселен, «7-20-25» бағдар­ламасын жүзеге асыру бойынша БЦК-тің көрсеткіші үздік, ал «Баспана хит» бағдар­ламасымен жұмыс істейтіндердің көш­басында Сбербанк тұр. Дегенмен аталған бағдарламалардың бәрін мем­ле­кет қаржы­ландырып отыр­ған­дықтан екінші деңгейлі банктер бұл жерде қазы­наның ақшасын таратушы ұйым­дардың қызметін ғана атқарады.

Зейнетақы жинағы жаңа серпін берді

Сұраныстың қашанда ұсынысты тудыратыны – өмір заңы. Қай өңірде ипотекаға сұраныс көп болса, сол өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, салыстырмалы түрде құрылысқа салы­натын инвестиция көлемі де қомақтырақ болады. Мысалы, Қазақстанның ең ірі мега­полистері – Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларында халқы көп шоғырланған. Тиі­сінше, осы екі қалада тұрғын үй құрылысы­­ның қарқыны күшті әрі құры­лысқа құйылған инвестиция қомақты. Сондықтан да ипотекалық кредиттердің 52%-ы осы екі қаланың тұрғындарына берілген. Ал ипо­тека нарығының төрттен бірі Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шым­кент қаласына тие­сілі. «Баспана сатып алуға арналған мемле­кеттік бағдарламалардың іске қосылуы, От­басы банк тарапынан несиелеу ауқы­мы­­ның ұлғаюы халықтың үлкен қызығу­шылығын тудырып, тұрғын үй нарығын айрықша жандандырып жіберді. Соның нәтижесінде пандемия мен коммерциялық ұйымдардың іскерлік белсенділіктерінің төмендеуіне қарамастан, тұрғын үй бағасы тежеусіз көтеріле берді. Мәселен, 2020 жылы баспананың бастапқы нарықтағы бағасы –5%, қайталама нарықтағы бағасы 14%-ға артты», – дейді Қазақстан қар­жыгерлері қауымдастығы талдау орта­лығында. 2021 жылдың басынан бастап ипо­текалық серпіліс бұрынғыдан бетер үдеді. Өткен бес айда республика бойынша жалпы сомасы 216 млрд теңгенің ипо­текалық кредиттері берілген. Бұл цифрға халықтың баспана сатып алу үшін зейнет­ақы қорынан алған қаржысын және қо­сыңыз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) баспасөз қызметі таратқан дерекке сүйенсек, бүгінге дейін тұрғын жағдайын жақсарту үшін 350 269 адам өтініш берген. Олар өкілетті опе­раторлардың есепшотына 1,6 трлн теңге аударған. Бұл жайт жылжымайтын мүлік нары­ғын дүрбелеңге салып қойды. Мәселен, қаңтар айында жаңа үйлердің бағасы – 3,8%, қайталама нарықтағы үйдің бағасы 7,2%-ға бір-ақ секірді. Маусым айында жаңа үй – 0,9%, қайталама нарықтағы үй 1,2% қымбаттады. Сарапшылар баспана бағасының аяқ астынан ыршып түсуін ипотека нарығына нақ осы зейнетақы ақшасының келуімен түсіндіреді. «Жұртшылықтың зейнетақы қорын­дағы артық ақшасын жылжымайтын мүлік нарығына салуы ерекше дүмпу әкел­гені рас, бірақ қазірдің өзінде жағдай қалыпқа түсіп келеді. Біздің пайым­дауы­мызша, қыркүйек айында баға тұрақ­танып, тіпті төмендеуі де мүмкін», – дейді  Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскен­баев. Қаржы мамандарының пікірінше, жылжымайтын мүлік нарығына зейнетақы ақшасының ықпалы бара-бара азайып, кейін мүлдем жоғалып кетуі тиіс. Ал содан кейін тұрғын үй бағасын нарықтағы ұсыныс пен сұраныс анықтайтын болады. Сондай-ақ баспана бағасы тым қатты төмендеп кетеді деп үміттенудің де реті жоқ. Оған жыл сайынғы ақша инфля­циясының қысымын, құрылыс материал­дарындағы импорттық үлестің жоғары­лығын және әлемдегі баға өсімі мұрша бермейді.

Нарық табиғи жолмен реттеледі

Міне, маусым айынан бастап банктер «Баспана хит» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдауды тоқтатты. Бағдар­ламаға бөлінге 600 млрд теңге лимит 2021 жылдың аяғына дейін игеріліп бітуі тиіс. Ал «7-20-25» бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін 1 трлн  теңгенің лимиті игерілген соң тәмам болмақ. Бір айта кетерлігі, мемлекет ипотека­лық бағдарламалар бойынша жеткілікті түрде қаржы бөліп отыр. Бірақ оған дайын тұрған үй жоқ, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында дайын нысан тапшы. Сондық­тан көп жағдайда аталған бағдарлама­лардың кедергісіз жүргізілуі өңірлердегі нақты жағдайға да байланысты, – дейді қаржы саласының сарапшысы Айнұр Абсалямова. Қаржы сарапшысының пікірінше, қазір мемлекет ипотека нарығынан бірте-бірте шығып, оны нарықтық принцип­тердің реттеуіне бере бастаған. Өйткені бұл саланы тек қазына қаржысы арқылы қарқынды несиелеудің тәуекелдері аз емес. Жылжымайтын мүлік нарығындағы қатынастар табиғи түрде сұраныс пен ұсыныс арқылы реттелуі тиіс. Сондай-ақ әр банктің өздерінің әртүрлі шарттарға құрылған жеке ипотекалық бағдарлама­лары бар. Оның бәрі бәсекелестік жағдайында дами бермек. Ал мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бұрынғысынша  Отбасы банкі арқылы жүзеге асырыла беретін болады. Бірақ биылдан бастап Отбасы банкінің де талаптары да өзгеріске ұшыра­ды. Бұған дейін банктің бағдар­ламасына қатысушылардың кірісін растау талап етілмейтін, қазір сондай талап қойы­­лып отыр. Басқа да бірқатар айыр­машылық же­терлік. Яғни, тұрғын үй нары­ғындағы үрдіс бәсекелестік ортаға мейлінше жақындай түсті.

Дәулет АСАУ