Тараздың шет аймағы қараусыз жатыр

Тараз

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы кейінгі жылдары жасарғаны жа­сырын емес. Тасын түрт­се, тарихы көрінетін ша­һар өркениет көшіне іле­сіп, заманауи үлгіде құл­пыра түсті. Алайда қала­ның ор­талығы бүтіндел­генімен, шет аймақта­рының бү­лінгені көп болып тұр.

Мәселен, теміржолдың арғы бетінде (За линей) тұратын алқап та жол құры­лысы қолға алын­ға­ны­мен, аяқсыз қалып, бұқара жанай­қайын білдірді. Сондай-ақ мұнда халық қарапайым дәріхана мен бан­коматқа қол жеткізе алмай жүр­геніне талай жылдың жүзі болған.

– «За линей» аталып кеткен аймақта дені зейнет жасындағы адамдар тұрады. Өткен жылдың тамыз айында Күншуаққа қарай баратын көшенің біріне асфальт жабындысы төселген болатын. Алайда құ­рылыс жұмыстары өте сапасыз жүр­гізілді. Оған қоса, жол құрылысы орта жолда тоқтап, осы күнге дейін аяқсыз тұр. Асфальт төселген жерінің өзі шұрқ тесік болып, топырағы бетіне шығып жатыр. Бұдан бөлек, мердігер екі көше қиылы­сатын жерді қазып, сол бойы қалпына келтірмей, шаң топалаңын шы­ғарып кетті. Пес­чаный-2 бұрылысынан бастап шұжық цехының алдына дейінгі жердегі көшелердің жағдайы – осы. Басында бұл көшелердің барлығына асфальт төселеді деп еді, алайда сол бойы тас төсендіні көр­медік. Сондай-ақ кеңестік ке­зеңнен қалған көшелердің де бү­тінінен бүлінген жері көп. Ас­фальт әр жерінен морт сынып, ор­тасына түсіп кеткен. Дәл осын­дай көшелер аудан ор­талығы түгілі шалғай ауылдарда жоқ шы­ғар, сірә, – дейді Песчаный көшесі №52 үйдің тұрғыны Гүлсім Оспанова.

Жалпы, Абай көшесі Қарасу аялдама­сынан Күншуаққа қарай кететін жол бо­йында №1,2,3-ші бұрылыс деп кететін көше көп. Олардың да ешқайсысына ас­фальт төселмеген. Жазда шаңы шығып жаса, көктемгі жауын-шашында бал­шы­ғы езіліп жатады. Осы жолмен тұрғындар күнделікті жаяу жүруге мәжбүр. Өйткені жол болмағандықтан, мұнда қоғамдық көліктер кірмейді.

«Былтыр жол құрылысын бас­таған мердігер не себепті құры­лысты аяқсыз қалдырып кеткенін ешкім түсіндірмей­ді. Неге сол се­ріктестікті шақырып, жер­­гі­лік­ті билік жауапкершілікке тартпай­ды? – дейді Гүлсім Оспанова.

Жол жырынан бөлек Жалпақ­төбеге дейін жалғасып жатқан бұл аумақтағы тұрғындардың жанына дәріхана мен банкоматтың жоқ­тығы да батып тұр.

– Жолдың жайын айта-айта шарша­дық. Жасым жетпісті ал­қым­дап қал­ғандықтан, Абай көше­сіндегі аялдамаға дейін 1 сағат жү­ріп, әзер жетемін. Жаяу жүрген­нен аяғым ауырып, балтырым сыздап, кешке тұра алмай жатып қаламын. Оған қоса, біз жақта қоқысты күнделікті алып кетпейді. Ақшасын ай сайын төлеп отырсақ та, желмен ұшып, көшеге ша­шылмағанша қоқысты ешкім жинамайды.

Округке бекітілген әкімдік инс­пек­торын да танымаймыз. Себебі ол халықпен кездесіп, жұ­мыс істемейді. Ал егер ауырып қал­сақ, алқаптан дәріхана таппай сан­даламыз. Зейнетақымызды алатын бан­комат та жоқ. Содан қайта сағаттап аял­дамаға жаяу жүріп, қалаға қатынауымызға тура келеді. Ең болмаса жолды асфальт­тауды бастаған мердігер өз жұмы­сын тиісті деңгейде аяқтаса, кө­шемізге қоғамдық көлік кіріп, бұлай қиналмас па едік, – дейді аудан тұрғыны Любовь Баклова.

Тұрғындардың көкейіндегісін есті­геннен кейін жосықсыз мер­ді­герге іздеу салып, Тараз қаласы әкім­дігінің тұрғын-жай комму­налдық шаруашылық, жо­лаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есігін қақтық.

– Бұл былтыр бес жолдың жөн­деу жұ­мыстарын жеңіп алған мердігердің ісі болып тұр. Біз қазір серіктестікті сотқа беріп жатыр­мыз. Сот шешімі шықпай, ештеңе істей алмаймыз.

«Жандос и К» ЖШС жоспарлы жұ­мыс­тың 30 пайызын жасады да, қалғанын аяқсыз тастап кетті. Мер­дігердің аталған көшеден бө­лек облыс бойынша жасап кеткен былықтары да аз емес. Сондықтан біз жосықсыз мердігерді сотқа беріп, жауапкершілікке шақырып жатырмыз. Сот өкімі шыққаннан кейін құрылысы аяқсыз қалған көшенің мәселесін қайта қарай­мыз, – дейді тұрғын-жай комму­налдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұр­сынұлы.

Ал дәріхана мен банкомат мәселесіне қала әкімдігі қатысы жоқ екенін айтады. Дәріхананы ашу үшін жеке кәсіпкер ниет танытуы керек. Банкоматты банк тиімді деп тапса ғана орнатады екен. Сондықтан бұл мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айту қиын. Сондай-ақ теміржолдың арғы бетіндегі тұрғындарға сот шешімі шыққанға дейін топырағы бетіне шығып, шаңы көтеріліп жатқан жолмен жүруіне тура келеді.

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.