Солтүстіктегі субсидия: бергенін қайтып алады

Солтүстіктегі субсидия: бергенін қайтып алады

Шаруалар үшін мемлекеттік субсидия алу қиын іс. Бөлінген қаржыға қол жеткізуде кедергі көп, дегенмен алған ақшаны іске жаратқан соң да машақаты біте қоймайды. Сол­түстік Қазақстанда субси­дияны қайтарып беруге мәжбүр болып отырғандар бар.

Субсидияны мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болған шаруа­шылықтардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ау­даны Пеньково ауылындағы «Қызылжарское» шаруа қожалығы. 2020 жылы күн батареяларын ор­нату үшін 20:80 пайыз үлесімен берілген субсидияның 5 млн теңгесін шаруашылық енді мем­лекетке қайтарып беруге тиіс. Бас бухгалтер Ирина Митянина се­бе­бін түсінбей дал. Субсидияны ал­ғаннан кейін аудандық проку­ратура өкілдері оның мақсатты жұмсалғанын тексерген кезде еш олқылық таба алмапты. Ал қараша айында тексеріске кіріскен облыс­тық прокуратура «сыбайлас жем­қорлық белгілері бар» деген қо­рытындыға келген. Бас есепшінің айтуынша, субсидиялау ережесінде күн батареяларының бағасы көр­сетілмепті және шаруашылықтың елді мекеннен тыс аумақта 2 000 гектар жайылымдық жері болуы керек деген талап қойылған. Ал бұл шаруа қожалығының күн батареялары орнатылған ұңғыма­лары Пеньково ауылында орна­ласқан. «Кеңшар тараған кезде қалған ұңғымалар. 40 жылдан бері үрім-бұтағымызбен ауыл шаруа­шы­лығымен айналысып келеміз. Біз бел жазбай еңбек етіп, жер емген шаруа болғандықтан, қағаз жұмысына, тексеруші мекемелерге жүгіруге уақыт та таппаймыз. Ал күн батареялары қысы-жазы бізге өте қажет. Дауылды, боранды, жаңбырлы күндері ауылда жарық болмай қалады. Сол кезде сиыр саууға, мал жайлауға, төл алуға қараңғыда қиналмас үшін алып едік. Не үшін қайтаруымыз керек екенін түсінбеймін. Бізге субсидия берілген кезде басқа ереже бо­ла­тын, кейін өзгеріс енгізілгеніне біз кінәлі емеспіз ғой» деп налиды Ирина Владимировна. Дәл осын­дай күн батареяларына субсидия алған шаруалардың саны облыста елуден асып жығылады. Солардың барлығы да қазір дәл осындай жағ­дайға тап болып, аңтарылып отыр. Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасында осы мәселемен айналысқан маманға қатысты іс қозғалыпты.

ҮКІМЕТТІҢ АҚШАСЫНАН ҮМІТ ЖОҚ

Облыстағы белді шаруа­шы­лықтардың бірі «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетов те жыл сайын, кейде жылына 2-3 рет заң мен ереже өзгере беретінін айтады. «Бізге тұрақтылық қажет. Ауыл шаруашылығында бір ба­ғытты дамыту үшін кемінде 5 жыл керек. Сондықтан тым болмаса 4-5 жыл ережені өзгертпей тұра тұруға болмай ма? Шаруаның тіпті екі жоғары білімі болса да, енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықты­руларды бақылап отыруға білімі де, уақыты да жетпейді. Ал қапта­ған тексерістің мемлекетке па­й­дасынан зияны көп. Бұлайша біз ауыл шаруашылығын өркендете аламыз деп ойламаймын. Өз басым сол субсидиялардан күдерімді баяғыда үзгенмін. Оның берілетіні-берлімейтіні, қаржы қашан түсе­тіні белгісіз. Өз қаржыма ғана се­не­мін», – дейді ол. Шаруалардан білгеніміздей, шынында да, қаржы қашан түсетіні беймәлім. Ол үшін бір адам Qoldau.kz және Plem.kz бағдарламасының «тамырын басып», күні-түні ком­пьютер мониторына үңіліп отыруға мәжбүр. Уақытын өткізіп алса, екі сағаттан кейін ақша жоқ. Сондық­тан Аққайың ауданындағы «Гага­рин» ЖШС бас есепшісі Жанат Сәдуақасова субсидияны барлық шаруашылыққа егістік жерлердің аумағына қарай тең бөліп беруді ұсынады. «Бұл – нағыз «алауыздық алмасы» дер едім. Қаншама ұйқы­сыз түндер, күлкісіз күндер. Жүй­кеміз әбден жұқарады. Барлық қиындықтан өтіп, ақыр аяғында ақпараттық жүйеден «Сіздің тап­сырысыңызға қаржы жеткі­ліксіз» деген жауап алған кезде салымыз суға кетеді. Сондықтан билік басындағылар осы мәселеге назар аударып, сол қаржыны аз-аздан болса да, барлығына тең бөліп берсе, әділ болар еді», – дейді Жанат Серғазықызы. «Субсидияға тапсырыс беру мерзімі басталғанын, қаржы түс­кен-түспегенін шаруаларға ха­барлап отыруға біз міндетті емес­піз», – дейді Ауыл шаруа­шы­лығы және жер қатынастары бас­қар­масындағылар. Облыста 6 000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар. Олардың барлығына бір мезгілде қоңырау шалып, құ­лағ­дар ету мүмкін емес. Әрі олар­дың барлығы бір мезгілде сайтқа кірсе, ақпараттық жүйе шыдас бермейді.

ЛИЦЕНЗИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?

Тағы бір түйткіл – заңнамадағы ала-құлалық. Астық сақтауға ар­нал­ған қоймасын кеңейту үшін субсидия алмақшы болған кәсіп­керден Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ас­тық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметін жүзеге асыру құ­қығына лицензия талап етіпті. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құ­қығын қорғау және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі кеңесінің төрайымы Инесса Қуанованың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен субсидиялау ережесінде мұндай талап жоқ. Ал шенеуніктер «Астық туралы» заңның 13-бабын басшы­лыққа алып отырған көрінеді. Онда: «Астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады. Тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлға өз атауында, құ­жаттарында, хабарландырулары мен жарнамаларында «астық қа­былдау кәсiпорны», «астық қойма­сы», «астық қабылдау пунктi», «элеватор» деген сөздердi немесе ол астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөнiндегi қыз­меттi жүзеге асырады деп ұй­ға­рылатын, солардан туындайтын сөздердi пайдалануға құқылы емес» делінген. Инесса Қуанова­ның айтуынша, кәсіпкер заңның бұл талабын бұзып отырған жоқ. «Жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктің атауында «астық қойма­сы», «элеватор» деген сөздер жа­зылмаған, астық қолхаттарын беруді даулап отырған жоқ. Кәсіп­орын тек астық сақтаумен айна­лысады, ал ол үшін лицензия қа­жет емес», – дейді заңгер. Кәсіпкерлер палатасының мә­ліметінше, өңірдегі 40 шақты агро­өнеркәсіп субъектісінің ғана ли­цензиясы бар. Қалған 70-тен ас­тамы лицензиясыз жұмыс істейді. Бірақ бәріне де субсидия керек.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛІ КӨП

Субсидияға қатысты осы және басқа да түйткілді мәселелерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет назар аудара бастады. «Соңғы бес жылда еліміз бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға бюджеттен 1 трлн теңге бөлінді. Субсидия беру тетігі ашық емес әрі сыбайлас жемқорлық тәуекел­деріне неғұрлым бейім салалардың бірі. Фермерлердің көбі үмітін үзіп, субсидияны заңды түрде алуға болатынына сенуден қалған. Үнемі анықталып жатқан қылмыстық істер осыған дәлел», – дейді об­лыс­тық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының мін­детін атқарушы Нұрлан Жахин. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық аппаратының өкілі, өңір бойынша жұмыс тобының үйлестірушісі Талғат Садинов бұл салада назар аударылуға тиіс бірнеше мәселені жіліктеп берді. Олар: қаржыны бөлудің нақты тетігі жоқ, алынған ақшаның мақсатты пайдала­ныл­ғанына жүргізілетін тексерістердің де нақты да ашық тетігі жасалмаған, ақпараттық жүйенің жұмысы на­шар, құқықтық реттеу солқылдақ. Қолданыстағы заңнама бойынша, басшылар өз қалауымен шешім қабылдауға хақылы әрі оларға жауапкершілік артылмаған, бар жауапкершілік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің мойнында. Ал ақпараттық жүйе жұмысында өтінімді қабылдау, мақұлдау немесе қабылдаудан бас тарту, жаңалық­тардан құлақтандыру мәселелеріне қатысты кемшіліктер бар. «Жалпы, елімізде цифрландыру адам факторын азайтып, дамуға тың серпін берсе, ауыл шаруашы­лығы саласында кері әсерге әкеліп соқтырғанын көріп отырмыз. Қо­сымша әкімшілік кедергілер пайда болды. Бұл жүйені баршаға түсі­нікті етіп қайта жасау керек. Тап­сырыстардың интернет арқылы қабылдануының өзі тең мүмкіндік жасап отыр дей алмаймыз. Алдын ала талдау қорытындысы бойын­ша, біз субсидия берудің қолда­ныстағы тәжірибесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жетерлік, егжей-тегжейлі зерделеу мен же­тілдіруді талап етеді деген қоры­тындыға келдік. Бұл жұмысты бар­­лық түйткілді мәселелерді бі­ле­тін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көмегінсіз тиімді жүзеге асыру мүмкін емес», – деді Талғат Садинов. Техникалық қателіктер нелік­тен өтінімді қайтаруға негіз болу керек? Субсидия көлеміне қажет­тілік қалай анықталады? Неліктен бір маман көз майын тауысып күні-түні ақпараттық жүйені ба­қылап отыруы тиіс? Сұрақ көп. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы та­уар өндірушілері арасында ано­нимді сауалнама жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлық шаруаларды оған белсене қатысуға шақырады.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы