Балалы болудың «балама» жолдары
Балалы болудың «балама» жолдары
©А.Ахметқазы
266
оқылды

Ақмолалық полицейлер жаңа туған сәбиін 1 млн теңгеге сатқан әйелді ұстады. Дегенмен са­рапшылардың айтуынша, елде «бала саудасы» онсыз да жолға қойылған. Ол қосалқы ре­продуктивтілік технологиялары (ҚРТ), «құрсақ аналар» арқылы жүзеге асады. Құқық қорғаушы ұйымдар әлемде осыған тыйым салғызу үшін күресуде. Жалпы, балалы болудың «балама» жолдарында заң мен қылмыстың шекарасы қайда?

Бала саудасының бұл түрі заңдастырылған ба?

Ақмола облысының Крими­налды полиция басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысын­да бөбекті сату-сатып алу фактісіне кезіккен. Жергілікті әйел дүние есігін енді ашқан қызын 1 миллион теңгеге сатып жіберіпті. Тәртіп сақ­шылары дереу оқиға ізімен ін­детіп, баласы жоқ ерлі-зайып­тыларды тауып алады. Отбасы 1,5 айлық қыз баланы асырауға алған. Олар сәбидің шешесіне қомақты сыйақы төлегенін жасырмады. Мәміле жасасқандардың бәрі Ақмола облысының тұрғындары болып шықты, шетелдіктер емес. Нәрестенің анасы бұған дейін мал ұрлауға қатысып, алаяқтық жасап, тиісті баптар бойынша қылмыстық жазаға тартылыпты. Беті ашылған қылмыс бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам саудасы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тарап­тарды делдал байланыстырған деген дерек бар: ақмолалық тер­геу­шілер өңірдегі 3 жасқа дейінгі балаларға арналған мекеме қыз­мет­керінің арағайын болуын, қылмысқа қатыстылығын тексеріп жатыр. Айыптылар мүлкі тәркі­лене отырып, 7-ден 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қалай болғанда да, Қазақ­станда баланы заңды жолмен де сатып алуға болатыны жасырын емес. Ол тәсіл «репродуктивтіліктің қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологиялары» деген ғы­лыми атаумен бүркемеленген. Еліміздің Денсаулық кодексінің 79-бабында: «Қазақстан Респуб­ликасының азаматтары бедеу­ліктен, оның ішінде Қазақстанда рұқсат етілген репродуктивтіліктің қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге құқылы» деп жазылған. Сондай-ақ суррогат ана Қазақ­стан­да заңдастырылған. Оған жү­гін­гендер белгілі бір ақыға баланы құр­са­ғында өсіріп беретін әйел­дерді жалдайды.

Әйелінің құрсағын сататын еркектер бар

Қоғам белсендісі, алматылық психолог Эве­ли­на Мадзигон «ұлттық заңнамада бедеулікті емдеуді қалқан етіп, нағыз сәби саудасына жол ашатын қауіпті нормалар бар» деп есептейді. «Қазақстанда кейінгі кездері бедеу жұптар тым көбейіп кетті. Бұл расында, шешімін іздеп, табылуы тиіс проблема. Алайда оны емдеу орнына шенеуніктер қосалқы репродуктивтілік технологиялары (ҚРТ) дегенді заңдастырды. Әрине, бұл жаңа дүние емес, Қазақстанда ҚРТ дәуірі 1995 жылы туды, сонда Алматыдағы қалалық адам репродукциясы орталығында ЭКҰ жүргізетін тұңғыш зертхана ашылды. Бір жылдан соң жатырдан тыс, in vitro, халық айтатындай, колбада ұрықтандырылған бірінші сәби дүниеге келді. Бүгінде республикада ЭКҰ-ның 26 орталығы жұмыс істейді. Оның басым көпшілігі – 21-і жекеменшік. Бұлардың бәрі суррогат аналарды ұрықтандыру қызметін көрсетеді», – дейді сарапшы. Қазір Қазақстанда «пробиркада ұрықтан­дырыл­ған» 22 500-ден астам бала бар көрінеді. Дегенмен оның қаншасы туа сала анасынан тартып алынып, тапсырыс берушілерге табыс­талғаны белгісіз. Бірден айта кетелік, халықтың басын көбейтуге үлес қосатын ЭКҰ бағдарлама­сына сарапшылардың еш қарсылығы жоқ. Ол аса пайдалы, тиімді технология. Мәселе соны өз мақсатына пайдаланатын «суррогат аналық» құбылысының қылмыспен астасып жатуында болса керек. Бүгінде АҚШ (кейбір штаттарында), Франция, Германия, Аустрия, Норвегия, Швеция секілді дамыған елдерде суррогат аналыққа тыйым салынған, олар оны «адам саудасының, соның ішінде әйел мен бала сауда­сының бір түрі» деп қабылдайды. Себебі ол балаларды тауарға айналдырады, ал әйелді тірі инкубаторға теңестіреді. Бұл күреске адам құ­қы­ғын қорғаушы ұйымдар сыртында, қаптаған феминистік қозғалыстар жұмылуда. Феминис­тер байламынша, суррогат аналық «сутенер­лік­пен» ұқсас: екеуі де ақшаға әйелдің тәнін эксплуатациялауды қарастырады. «Үрейлісі сол, құрсақ ана құбылысы Қазақ­стан­да кең қанат жайған сайын ол аналар инсти­тутына жойқын соққы береді. Суррогат ана болған әйелдер одан психологиялық және физиологиялық зардап шеккенін, өзін адам емес, ана емес, әлдекімнің тілегіне арналған жай ғана бос құтыдай сезінетінін айтып, жылайды. Бауыр етіне айналған баласынан осылай айырылған әйелдер өзін сыйлаудан қалады, күн сайын жанын жегідей жеген азап­тан құтылу үшін өзіне-өзі қол салуы ықтимал. Қынжылтатыны сол, өз клиенттері үшін құрсақ ана іздейтін агенттіктер бұдан қандай зардап-залал барын түсіндірмейді. 9 ай ішінде мол қа­ра­жатқа кенелесіз деп қызықтырады. Әйел­дердің көбі бұған тұрмысы төмен болғандықтан, ақша жоқтықтан, білімсіздіктен, өзіне деген құрметтің аздығынан барады. Кейбірін туыс­тары соған итермелейді. Зорлық көрсетіп, әйе­лін осылай сататын еркектер де бар», – дейді психолог.

Құрсақ аналарға қатысты барлық ақпарат  құпия

Мамандардың айтуынша, суррогат аналық­тың әйелге зияны жетерлік. Біріншіден, ЭКҰ-ның, жүктіліктің және бала туудың біраз сал­мақ­ты тәуекелі бар. Туу үстінде қайтыс болып кетуі де жоққа шығарылмайды, өзара келісім­шартта қарастырылады. Екіншіден, егер құрсақ ана кеміс, сал бөбекті дүниеге әкелсе, балаға тапсырыс берген тарап одан бас тартуы мүмкін. Мұн­дай жағдайда суррогат ана ауру баланы өзі бағуға мәжбүр болады, басына түскен қиындық­пен жалғыз қалады. Үшіншісі және аса салмақтысы – психоло­гия­лық жарақат. Бөтеннің баласын көтеріп жүргенін о бастан түсінгенімен, 9 ай толғату кезінде ана перзентпен біте қабысып кетеді, олардың арасында көзге көрінбес байланыстың алтын тіні орнайды. Кейін ол баланы өзгелердің тартып алуы әйелге жүрегінің бір бөлігін жұлып алғандай әсер етеді, психологтердің тілімен айтқанда, диссоциация симптомдары пайда болады. Баланы ойлаған сайын омырауынан ақ сүті бөлінеді. Әйелдердің өз бойындағы аналық сезімдерін күштеп басуы ақыры кейбірінің шизо­френияға ұшырауына соқтыратын көрі­неді. Үкімет мүшелеріне жүгінген қоғам белсен­ділері «құрсақ аналар туған балалар ізінше қылмыстық жолдармен шетелге шығарылмай ма?» деп алаңдады. Егер мұндай болжам растал­са, Денсаулық кодексінің осы нормалары елі­міздің балалардың халықаралық қылмыстық саудасына тартылуына жағдай түзеді, еліміздің ұлттық және биологиялық қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіреді. Мемлекетіміздің халықаралық дең­гейде беделін түсіруі мүмкін. Сондықтан билікке үндеу жасаған қоғам өкілдері біріншіден, суррогат аналар өмірге әкелген балалардың қайда жүргенін тексеріп, олардың шетелге шығарылғанын, жалғызбасты еркектерге, біржынысты отбасыларға беріл­ге­нін анықтауды сұрады. Екіншіден, елде сур­рогат ана қызметін ақылы көрсетуге тыйым салуды ұсынды. Үшіншіден, құрсақ аналар туған балалар кәмелетке толғанша, олардың рес­ми есебін жүргізу қажеті айтылды. Төртін­шіден, жатжұрттық азаматтарға қазақстандық әйелдерді құрсақ ана ретінде жалдауына тыйым салған жөн. Қоғам өкілдерін алаңдатқан мәселеге Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті түсініктеме берді. «Суррогат ана, тапсырыс беруші және ҚРТ орындаушы медициналық ұйым арасында құпиялықты сақтау мақсатында Азаматтық кодекс талаптарына сәйкес жазбаша түрде келісім бекітіледі. Осыған байланысты суррогат аналардан туған балаларға қатысты барлық ақпарат құпия, конфиденциалды» деп мәлімдеді департамент. Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының (КАРМ) дерегінше, республикамызда жыл сайын 220-ға дейін суррогаттық аналық бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл ретте тапсырыс берушілердің некеде тұрған адамдар болуына мән берілетін көрінеді. Қауымдастықтың мәліметінше, әзірге ше­тел азаматтары отандық клиникаларға қазақ­стан­дық аналардың жатырын «жалға алу» ту­ра­лы ұсыныспен жүгінбеген. Ұлттық заңнамада шетелдіктердің қазақстандық суррогат ананы пайдалануына тыйым салынбаған. Егер ұсыныс түссе, клиникалар тек ерлі-зайыпты жұптарға ғана қызмет көрсете алады. Бұл ретте туылған сәби шетелдіктің өз ба­ла­сы болып есептелетіндіктен, бұл қазақстан­дық баланы шетелге әкету болып танылмайды. Еліміздегі барлық репродуктивті денсаулық орталығының қызметі прокуратураның бақы­лауын­да. Экстракорпоральды ұрықтандыру кли­никалары соңғы рет 2021 жылғы сәуірде тексеріліпті. Қорытындысында заңнаманы бұзу фактілері әшкереленбеген.

Елдос СЕНБАЙ