Шымкентте эпидахуал күрделі. Сол себептен болса керек, Шымкент бас мемлекеттік санитар дәрігер шектеу шараларын күшейткен 5 қаланың ішіне еніп тұр.
Қалалық Жедел жәрдем стансасына бір тәулікте 3 000-ға жуық қоңырау түскен. Жұқпалы аурулар ауруханасында 345 науқас пневмония және коронавирустың дельта штамымен ауырып жатыр. Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова елдегі, айналасындағы ауыр жағдайларға қарамастан той-томалақты тоқтатпай отырған ағайынға реніші бар екенін айтты.Тойханалар нарықтан шықты ма?
Той демекші, «той – Құдайдың қазынасы» деп білген қазақ әзірге одан бас тартар емес. Қонақтары тойхананың есігінен болмаса да тесігінен кірген талай тойдың куәсі болдық. Алайда жасыратыны жоқ, тойхана бизнесі едәуір құлдырады. Тойханада тығылып той жасағанымен, бұрынғыдай көл-көсір, аста-төк тойдың дәурені өтті. 500-1 000 адамға дейін барлық салтанат шараларымен, жөн-жоралғысымен өтетін жиынның болмағанына бір жарым жылдан асып қалды. Иә, біраз етек-жеңімізді жинап, қаржы үнемделіп-ақ қалды. Дегенмен жоғарыда айтып өткендей, 100-150 адамға шамалап шағын той өткізіп жатқандар жоқ емес. Дәл мұндай сарынмен тойхана әкімшісі аса пайдаға кенеле қоймасы анық. Қалыпты жағдайға көшіп қалармыз деген үмітпен сабыр сақтап күтіп-ақ келеді. Жалпы, той бизнесі дамыған үшінші мегаполисте 100-ден астам мейрамхана бизнесі болса, 300-ге жуық тойхана бар. Қалалық Салық департаментінің мамандары бүгінде шағын және орта бизнеске 3 жылға дейін мораторий жарияланғанын, сол себепті той бизнесі жүріп тұрған күнде де олардан мемлекет қоржынына тиын түспейтінін айтады. Шымкент қаласындағы 72 мың кәсіпкерлік нысанның 60 пайызы қызмет көрсетумен айналысады екен. Яғни, олардың барлығы да шағын және орта бизнес түріне кіреді. Жалпы, қаламыздағы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті 5,8 млрд теңге болатын салықтан жеңілдік алған. Енді бір қарыс жер қымбат болып тұрған заманда даңғарадай тойхана ғимаратының ештеңеге жарамай қаңырап бос тұруы да жөнсіз. Әрине, әшекейлермен көмкеріліп салынған зәулім тойхана ғимаратын басқа мақсаттарға жұмсай салу кәсіпкерге оңай тие қоймасы анық. Бірақ пандемия жағдайының өмір салтымызға дендеп кіріп алғанын мойындауға да тура келеді. Енді тойхана иелері ғимараттарын әртараптандыру жағын қарас-тырып жатыр. Ал жалпы тойхана ғимаратын салу кілт тоқтады. Ескі тойханалар нарықтан шығып, ғимаратын басқа бағыттарға пайдалана бастағандар да бар. Оны «Оңтүстік қабылдау үйі» деп аталатын салтанат сарайының жекеменшік мектепке айналып кеткенінен де байқауға болады. Жалпы, айтпағымыз тойхана иелері енді қанша жерден бір кездегідей табысымыздан қағылдық деп әкімдіктің алдына шығып, наразылық шеруін жасаса да, бұл бизнестің тұралағаны айдан анық.Ashyq жобасы той-жиын өткізуге көмектесе ала ма?
Алайда бүгінде той-томалақ болмаса да, Ashyq мобильді қосымшасын іске қосқан кәсіпкерлік нысандарға кішігірім іс-шараларға рұқсат берілген. Пандемия кезінде бизнесі тұралап қалған кәсіп иелеріне бұл жобаның тиімділігі зор. Бүгінде Шымкент қаласында Ashyq жобасына 938 нысан енген. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев атап өтті. Ashyq жобасына қатысушы нысандарға барып QR коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 454 хабарлама түскен. Анықталған 363 тұлғаның 135-іне «қызыл», 228-іне «сары» статусты көрсеткен. Оларға 14 күндік үй карантинін сақтау керегі туралы хабарлама беріліп, «сары» статуспен анықталған тұлғаларға санитарлық-эпидемиялық шараларды орындау туралы қаулы шығарылыпты. Ал мұндай статустары бар 91 адам басқа облыстардан келген екен. Бұдан бөлек, карантин режимін сақтамай «қызыл» мәртебесімен анықталған 33 жеке тұлғаға 1 429 330 теңгеге айыппұл салыныпты. Жаңа қаулы бойынша, Ashyq-қа қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі тоқтайды. Шымкент қаласы аумағында жыл басынан бері карантин режимін бұзған 21 мекеменің жұмысы сот шешімімен 1 айға тоқтатылған. Сонымен қатар аудандық мобильді топтармен 60 566 нысанға тексеру жүргізіліп, шектеу шараларын бұзған 2 046 тұлғаға 131 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Осынау айыппұл арқалап, сот шешімімен жұмысын тоқтатқан мекемелердің басым бөлігі тойханалар екені белгілі.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы