Отандық фильм Францияның 21 қаласында көрсетіледі
Отандық фильм Францияның 21 қаласында көрсетіледі
288
оқылды
Режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэба  (Жапония) түсірген "Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі Францияда прокатқа шықты. Кинотуындының продюсері Юлия Кимнің айтуынша, Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген картина Францияның 21 қаласында көрсетіледі. Осыған байланысты Париждегі Espace Saint Michel кинотеатрында санитарлық талаптарға сәйкес фильмнің арнайы көрсетілімі өтті.
"Осы бір жарым жыл ішінде қаншама төгілген тер, атқарылған жұмыс жатыр. Пандемияға байланысты Франциядағы тұсаукесер үш мәрте кейінге шегерілді. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан үмітіміз үзілмеді. Фильмнің түсіру тобы мен актерлерімізді осы қуанышпен құттықтаймын", – деп жазды продюсер өзінің Facebook парақшасында.
Өндірісіне "Қазақфильм" және жапондық Tokyo New Cinema компаниясы атсалысқан фильмде тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген отбасы туралы баяндалады. Марқұмның Олжас есімді 12 жасар баласы барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады. Фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма сомдайды. Әкесін жоғалтқан баланың рөлін Мәди Минайдаров есімді жас актер ойнады.  width=
"Жапондармен бірге түсірген фильм әлем кинематографының отанында көрсетілетініне қуанып та, қобалжып та отырмын. Себебі, менің шығармашылығымда бұл алғаш рет болып жатқан қуанышты жағдай", – деп ойын бөлісті фильмнің тең режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов.
Естеріңізге сала кетсек, "Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі ең алғаш 2019 жылы Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі – халықаралық Бусан кинофестивалі шеңберінде көрсетілген болатын. Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген туынды Оңтүстік Кореяның ең үлкен экраны – Busan Cinema Center орталығында аталған фестивальді ашқан. Былтыр аталған фильм Токиодағы халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетіліп, Жапонияда прокатқа шықты. Ал Қазақстанда "Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі елімізде санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда 2021 жылдың соңына дейін прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.