Италиялық дизайнердің жұмысы Өзбекстан рәміздерін сыйламау деп танылды
Италиялық дизайнердің жұмысы Өзбекстан рәміздерін сыйламау деп танылды
Сурет: centralasia.media
181
оқылды
Италиялық дизайнер Стефано Риччи жасаған аяқкиімде өзбек туы мен елтаңбасының бейнеленуін Өзбекстанның әділет министрлігі "рәміздерді сыйламау" деп атады.
Министрлік таратқан мәліметте "бұл жағдайды елдің мемлекеттік белгілерін, соның ішінде туы мен елтаңбасын сыйламау деп бағалауға болады" делінген.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, "Мемлекеттік елтаңба туралы" заңда Өзбекстан елтаңбасын коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған, ал мемлекеттік белгілерді мазаққа айналдырғандар заңмен жазаланады. Министрлік мәлімдемесінен соң, Ташкенттегі Glamour бутигі Стефано Риччидің коллекцияларына қатысты ақпаратты сайты мен әлеуметтік желілердегі парақтарынан алып тастады. Бұның алдында жергілікті баспасөз италиялық дизайнер Стефано Риччи Өзбекстан үшін аяқкиімдер коллекциясын ұсынғанын, онда елдің туы мен елтаңбасы бейнеленгенін жазған. Мәліметтерге қарағанда, Өзбекстан елтаңбасы бейнеленген ақ кроссовка 18 миллион сум (1695 доллар), көк кроссовка 24 миллион сум (шамамен 2,5 мың долар) тұрады.