«Жанкүйерлерден кешірім сұраймын» – Нұрлан Ақүрпеков
«Жанкүйерлерден кешірім сұраймын» – Нұрлан Ақүрпеков
Фото: olympic.kz
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Әбілхан Аманқұлдың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков бүгінгі жеңілістен соң шағын сұхбат беріп, жанкүйерлерден кешірім сұрады.
«Ақталғым келмейді. Жанкүйерлерден басымды иіп кешірім сұраймын. Үмітті ақтамадық. Біз үшін қиын жағдай. Әбілханға бүгін психологиялық тұрғыдан қиын болды. Өйткені, бұрыннан иығында жарақаты барын білесіздер. Бірнеше рет ота жасаттық. Соңғы отадан кейін бір жарым жыл бойы үзіліс алу керек еді. Бірақ, біз Олимпиада уақыты жақындап қалған соң, айтарлықтай күтім жасамадық.
Сол жарақат Токио төрінде тағы да сыр берді. Одан қалса, өзбекстандық боксшымен өткен жекпе-жектен соң оң жұдырығын жарақттап алды. Қолы да ауырып тұр. Иығы мен қолындағы жарақаты оның кеңінен көсілуіне мүмкіндік бермеді. «Қалай ұрамын, қалай жұмыс істеймін?» деген сұрақтар санасын жаулап алды да, психологиялық жағынан ауыртпалық туындады. Жеңілістің себебі осы деп ойлаймын. Оның үстіне, қарсылас та осал емес. Ол да өте сауатты қорғана білді, жақсы жекпе-жек өткізді. Енді Әбілхан біраз демалады. Ол кәсіби боксқа барса да, алдынан осы жарақат шығады. Сондықтан, толық емделуі керек. Биылғы Қазақстан біріншілігіне де қатыспайды», – дейді бапкер Olympic.kz-ке берген сұхбатында. Айта кетелік, Әбілхан Аманқұл 75 келі салмақтағы ширек финалдық бәсекеде 2:3 есебімен бразилиялық Эберт Консейсан Соузаға  жол жіберді.