Атайлар өтірік айтады

Атайлар өтірік айтады

Эмма әжей баласы мектеп бі­тір­гелі күндіз күлкіден, түнде ұйқы­дан қалып, шошынып жүр. Оның үрейіне тағы бір қорқыныш қосыл­ды. Эмма әжей неге қорқа­қтайды? Мұны ұлы Айболатпен екеуара әңгімесін тыңдасаңыз, дауылдың  күдік бұлтын қайдан қуып келе жатқанын саққұлақ тазыдай аңғара қоясыз. Екеуі ертеңнен бері елдің бү­гінгі ахуалын айтып «жырғап» отыр. Не дейді? – Апа, мен шетелге кетемін,-деді Айболат айқұлақтанып айқайлап. – Шетелде нең бар? Осы елдің оқуы да жетпей ме саған? – Жетпейді. – Балам-ау, жастардың барлығы шетелдерге кете берсе, еліміз қалай еңсесін көтереді? – Ой, апа, бірлі-жарым адам шетел асқанынан еліміз жапа шекпейді. – Әдіремқалғыр, сол шетелін астыңа кілем төсеп, үстіңнен алтын жаудырса кете бер. Мұратыңа жете бер! Бірақ, биліктегілердің айтып отырғанына қарасақ, біздің ел гүлденген үстіне гүлденіп, түрленген үстіне түрленіп, дамудың даңғыл жолына түскені соншалық, дамыған отыз елді басып озып, зымырандай зырлап барады деседі ғой. – Ой, апа, біздің атайлар өтірік айтады. – Қойшы, түге! Үлкендер де өтірік айтушы ма еді? Айболаттың тормызы мықты. Кілт тоқтады. Өйткені, апасының соңғы кезде жүрек талмасы ұстап жүр. Айболат неге бөгелді? Дүниежүзілік банк «Дағдарысты еңсеру» бағдарламасының мәлі­метін­ше, біздегі кедейлердің саны 2 миллион 373 мың адамға жеткен. Осын­шама адам жұмыссыз сан­далып қалған. 2020 жылдың екінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі ел бойынша жан басына шаққанда орта есеппен 32,6 мың теңгені ғана құраған. Осы қаржыға жұрт қай жыртығын жас Азық-түліктің бағасы күн сайын еселеп артады. Сарапшылар қазақстандық әр отбасы шамамен ай сайын 100 мың теңгені азық-түлік алуға жұмсайды деп отыр. Үкімет биылғы жазда бағаны тұрақтандыру бойын­ша бірнеше басқосу ұйымдастырып, ол үшін 50 миллиард теңге бөлмек болды. Бірақ, бұл әрекеттері на­рық­тағы бағаға елеулі өзгерістер жа­сай алмай далбасалап қалды. Есесіне картоп, сәбіз, жұмыртқа, ет тапшылығы байқалып, олардың ба­ғасы шарықтады. Бұл отбасы сон­да киім алмай ма? Келетін қо­нақ бар, тазалық талап бар, осының барлығына 32,6 мың теңгең жетеді ме? Әлде келген мейманы  «мұндай кедейді көрсем, көзім шықсын» деп кетеді ме? «Тышқан ініңе кіре алмай жүріп құйрығына қандауыр байлапты» дегеннің кері бізге келіп тұр. Дамыған елу елдің қатарына кіреміз деп аспанға бөркімізді атып жүріп, қайтып қағып ала алмай қалдық. БҰҰ талабы бойынша шалқып байып кеткен ел кедей елдерге көмек көрсетуі керек екен ғой. Дамығанымызды дабырайтып дәлелдейік дедік пе, Ауғанстан елінен оқушылар алдырып, тегін оқыттық. Бұнымен де тоқтамай, Қырғызстан еліне инвестиция құямыз деп желпіндік. Мұны қойшы, 1991 жылдан бастап дамушы елдерге көмек көрсетіп келіппіз. 30 жылдың бедерінде шамамен 500 миллион доллар көмек жөнелткенбіз. Бұл неткен жомарттық? «Кедейдің етегіне бидай салсаң, төгіп аладының» кері емес пе екен бұл? Осы қаржыны кедей-кепшікке неге қимаймыз? Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібековтің сөзіне сенсек,  2010-2020 жылдар арасында Индустрия­ландыру картасы мен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 9,1 трлн теңгені құрайтын 1527 жоба енгізіліп, 212 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2020 жылы жалпы сомасы 916,8 млрд теңгені құрайтын 201 жоба іске қосылып, шамамен 18,6 мың тұрақты жұмыс орны пайда болыпты. Осындай-осындай көрсеткіштерге көз жүгіртсеңіз, қуанғаннан үйден жүгіріп шығып, айқайлағың кеп кетеді. Бірақ бізде орта жолдан жабылған жобалар жеткілікті. Кезінде ұшақ жасайтын зауыт саламыз деп бөркімізді аспанға аттық. Қайда сол зауыт? Талай әңгімеге тұздық болған шыны зауытымыздың «жыры» әлі бітпей келеді. Мақтаны түбірімен өңдейтін сөйтіп, киім-кешекті, басқа да керектіні өзімізді бұрқы­ратып шығара беретін зауытымыз қайда? Әлемдік тәжірибеде зауыт не­месе кәсіпорындарды ашқан кезде оның шикізат көзі және дайын өнімді қай жаққа, қандай көлемде өткізетіні, тауардың қаншалықты өтімділігі жан-жақты сарапталады. Инвестициялық жобалардың гео­графиялық жағдайы зерттелінеді. Мұнан соң ғана зауыт құрылысы бас­талады. Бізде ше? Тәуелсіз сарап­шы Санжар Боқаев сан соғып отыр. Оның айтуынша,  соңғы жылдары триллиондаған теңгенің бюджеттік қаржысы жүздеген жобаларға жұмсалған, алайда оның жарты­сынан көбі жүзеге асырыл­май қалған. Бүгінде қазақтың жоғын өзге ұлт өкілдері іздеп жүр. Айталық, Мәжіліс депутаты Александр Милютинді тыңдайық. – 2019 жылы біліктілігі жоғары мамандардың шетке кетуі 50,6 пайыз болды.  Былтыр пандемия мен шектеулерге қарамастан бұл көрсеткіш 54,3 пайызға жетті. Олардың арасында дәрігер, педагог, техникалық маман иелері де көп. Жастардың елден кету көрсеткіші шұғыл дабыл көтеретіндей. Сарап­шылардың айтуынша, адам капи­талы деңгейінің, қазақстан­дық­тардың өмір сапасының, ертеңге деген сенімділіктің төмендеуі және қолжетімді білімнің болмауы жас­тарды осындай қадамға итерме­леуде. Он мыңдаған жас білім алу үшін шетелге, оның ішінде Ресейге кетіп, оқуын аяқтаған соң сол жақта біржолата қалып қойып жатыр. Осы жанайқайды мемлекетті құрап отырған ұлт зиялылары, шіренгенде шідер үзетін шенеу­ніктер неге естімейді? Қолтығыңда қос-қос дипломы бар мамандардың «көке» таппай жұмыссыз жүргені бүгінде жасырын болмай қалды. Есесіне қазір Қазақстан бай адам­дар саны жағынан 10 елдің қата­рына кіріпті. Мұны сарапшылар өршіп тұрған пандемия сияқты сыбайлас жемқорлықтың жемісі деп және қорқытып отыр. Эмма әжей бүгін ерте тұра салып, ұлын тағы да үгіттеді. – Көрші атаймен сөйлестім. Ол кезінде билікте тәп-тәуір қызмет­тер істеген кісі ғой. Біздің елде жыл сайын пәленбай жұмыс орны ашыла­ды дейді. Жоғары оқу орын­дарының оқуақысы  арзан, ал жақ­сы оқығандарға шәкіртақы төле­неді екен. Білікті мамандарға сусап отырған кәсіпорындар ырғын көрі­неді. Ал, сен «шетелге кетемін» дейсің. Ұлым, мен Германиядан сенің әкең үшін келгенмін. Қазақ­стан туған отаным болып қалды. Туған жеріңді тастап қайда бара­сың?-деп Эмма әжей шыр-пыр. – Апа, біздің  атайлар өтірік айтады. Немерелерін алысқа  жібермеу үшін ойлап тапқаны да. – Сен де бір, айтқаныңнан қайтпайды екенсің. Бірақ, сені шетелге жібере алмаймын. Мені аттап қана кетесің. – Жарайды, апа! Ойланып көрейін! – Міне, енді жарадың! Көңілім орнына түсті ғой. Арада шамалы күн өткенде Айболат үйге аттан салып кірді. – Апа! Мен шетелдің ең айтулы оқу орынына қабылдандым! Эмма әжей екі көзі бақырайып, жүрегі талықсып отыра кетті.