Оңай олжа
Оңай олжа
153
оқылды
Заман қандай, адам қандай демекші, алаяқтар адамдарды алдап, арам ақша жемекші. Алаяқтар заманы десек те болады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен дегендей, алаяқтар қулықтарын асырып, ақ көңіл болып, ашылып, шашатын жерде шашылып, ақырында шашыңды тарап кетеді. Оларда бет жоқ. Бір тегіс сияқты. Оларда ұят жоқ, ұйықтап қалған секілді. Оларда ар–намыс жоқ. Диара Азатбекова Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қарабұлақ ауыл тұрғындарына мынадай хабар таратады. – Не дейсің? – «Атамекен» қоры арқылы көп балалы аналарға жәрдемақы беріп жатыр екен! – Бұл қандай батпан құйрық? – Майлы құйрық! – Қаншадан береді екен? – Елу мың теңгеден! – Қалай сонда? – Банкке барып, жеке куәлігіңізді көрсет­сеңіз, «Мә, мә!» деп бере салады екен! – Я? – Есепшотыңызға елу мың теңге келе сала­ды екен! – Рахат қой! – Рахат! Сол екен, Қарабұлақ ауылының көп балалы аналары аудандағы «Жусан» банкісіне қарай тұра жүгірді. Бәрі қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ болатындай, көңілдер шат–шадыман болды. Әсіресе, ауыл мұғалімдерінің қуаныш­тары қойындарына сыймай жатты. Банкке барғандар кері қайтып, әлгі алаяқ келіншекке жеке куәліктерін лақтырды. «Өзім қатырамын!» деген соң. Ол қатырды. 400 адамның жеке куіліктері арқылы миллиондаған несие рәсімдеп алды. Өзіне. Неткен, ақылды десеңізші? Ал, ауыл тұрғындары шеттерінен ақымақтар қата­рына сап түзеді. Оңай жолмен елу мың теңгеге қарық боламыз, малға толады қорамыз деген халық енді миллиондаған несиеге белшеден батып отыр! Қалай ғана сенді екен? Сенбегенде ше? «Атамекен» қорынан төрт таңбалы код  кел­генде, көздері бал –бұл жанып, алақандарын ысқылады емес пе? Жәбірленуші Феруза Парпиева былай дейді: – Ойббу, ойбу! Қалай ғана алданып қалдық! Қайдан білейік, «Атамекеннен» төрт таңбалы код келді ғой! Бардық. Биометрия фотосын жасады. Тіркеу үшін деді. Сосын 20 күн ішінде ақша түседі, хабарласып тұрыңыз деп шығарып салды ондағылар. Ия, «Атамекеннің» де бұл қылмысқа қатысы бар екені осы жайдан –ақ көрініп тұрғандай ма? Жиырма күн өтті. Жым–жырт. Бір ай өтті жым–жырт. – Әй, саған ақша түсті ме? – Жылан жалағандай! – Саған ше? – Бөжи қарағандай. – Саған ше? – Ит талағандай! Халықтың қалтасына қатқан нан да түскен жоқ. Сосын, ашуға булыққан аналар аудандағы «Жусан» банкі ғимараты алдына барды. – Ақшамызды қайтарыңдар! – Алаяқтар! – Саусағымызды сорып отырғанда, сорлаттыңдар! Сөйтсе, құжат өткізгендер атынан   «Жусан» банкісі арқылы миллиондап онлайн несие рәсім­деліпті. Біреулер талып қалды. Екіншілері жанын  әрең алып қалды. Біреу кетіп қалып, іс  тындырды, енді біреуі отыра қалып шыңғырды. 400-ге жуық тұрғын 800 мың мен алты миллион аралығында қарызға кірген. Әдетте, несие берерде жіті тексере қалатын банктің неліктен оңай ғана рәсімдей беретініне таң қалмасқа болмайды. Бұл жерде де, күлімсі иіс бар сияқты. Жәбірленуші Хуршида Раймқұлова: – «Жусан» банкі бізге жауап берсін! Неге бұл қарыздарға өсім пұл қосып жатыр? Не үшін бір күнде миллиардтаған ақшаны аудара берген? Біздің ойымызша, «Жусан» банк пен осы алаяқ келіншектің арасында тығыз байланыс болған. Өткенде банктегілер:  «Жоқ, сендер бізге ештеңе төлемейсіңдр!» деген. Бүгін басқаша сөйлейді: «Өздерің кінәлісіңдер, өздерің төлейсіңдер!» деп қояды. Олар Алла алдында да, заң алдында да жауап берсін! Ал, Сайрам ауданы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиал директоры Бауыржан Сыздықов басқаша сайрады: – Бізде ешқандай алаяқ немесе басқа да ондай азаматтар істемейді.Бұл көрсетілген мәлімет алаяқ­тардың істеп жатқаны. «Атамекен» атынан өздері басқа нәрсе тіркеп, әрекет жасаған деп ойлаймыз. Онымен енді құзырлы органдар айналыссын». Міне, көрдіңіз бе, оңай жерде олжа, қыр астында қалжа жоқ, абайлаңыздар, ағайын!

Мұхтар ШЕРІМ