Біртүрлі бизнес
Біртүрлі бизнес
150
оқылды
Бизнестің әр түрі болады. Есектің артын жуып та, ақша тапсаң – бизнес. Бірақ, бір түрлі бизнестер де болады. Әулиелі, киелі жерлерде отыра қалып, құран оқып та, бизнес жасайтын молдалар бар. Өтірік айтсам, өрік жеп, өліп кетейін, Түркістандағы Яссауй мавзолейі алдында құран оқып, ақша тауып отырған молдаларды талай көргенбіз. Ал, Түркістан облысына барушы­лардың көпшлілігі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауй кесенелеріне зиярат етіп, Үкаш ата құдығына шелек тастап кетеді. Брақ, туристер әулиелі жерлердің  басында бизнес ашып алып, ақшаны күреп тауып, күн сайын «ақша сауып» отырғандарға өкпелері қара қазандай, жүректері өліп қалған аппақ сазандай. Әулиелі жерлердегі шырақшы, имамдар халықтың қалтасына тесіле қарайды, бермей кетсең, кезерген еріндерін жалайды. Ұялғандарынан, әрі әулиелі жерде бермей кетсем, жолым болмай қалар деген оймен, тиын тебендерін, тіпті, айтарлықтай ақшаларын тастап кететіндер қатары көп.  Үкаш атаға барған боларсыздар? – Шелекке ақша төлеңдер, – деп кесіп айтады шырақшы. – Не үшін? – Жолдарың болмайды. – Ойбай. – Ойбайды қойыңыздар, мың теңге деген  не ол, қалтадан түсіп те қалады. – Бұл қаншалықты заңды екен? – Аллаға заң жүрмейді. – Шариғатта жазылмаған ғой. – Көп сөз–көбік. Жұрт жыбырлап, бір-біріне сыбырлап, мың теңгеден тастап кетіп жатты. Енді жұрт шелекке төлеп, құдыққа қарай өтерде шырақшы шырылдай кетеді: – Бұл бергендерің жәй садақа ғана. – Бердік қой. – Берсең, садақа деймін. – Бердік қой? – Садақа ол. – Бердік қой? – Неменеге тақылдай бересіз? Енді құдыққа тағы мың теңге. – Ойбай, жүрген сайын, жыртыла береміз бе? – Көп сөз-көбік... Жұрт жыбырлап, бір-біріне сыбырлап, тағы да мың теңгелерін беріп жатты. Укаш атаның басында жүзге жуық адам тұрса, соның бәрі екі мың, кей бірі төрт мың теңгеден бере қойды. Ал, бір күндік табысты есептеп көріңіз! Олар 200-300 теңгеңізге пысқырып та, ысқырып та қарамайды. Сосын, кейбір журналистер осы мәселе бойынша Үкәш ата құдығына қарайтын  «Әзірет–Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне ақпараттық сауал жолдайды.  Қорық музейінің өкілі Ерсін Тәжібаев құдық басынан ақша жиналатынын білмейді екен. Оның сөінше алдағы уақытта бұл мәселені қатаң бақылауға алады екен.  Ол айтады: «Бір кірген кісі шелекті бір рет қана тастап қоймайды. Су шықпаса, бірнеше рет тастайтындар бар. Содан, шелектер майысып, жарамсыз болып жатады. Ол жерге электр жүйесі де бармай тұр. Болашақта бейне-бақылау камерасын қоямыз. Садақаны біздің мекеменің аты жазылған жәшікке ғана тастау керек. Ол ақша Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Әзірет–Сұлтан қорының есеп шотына түседі. Дұрыс-ақ дейік, ал жәшікке сал­дырмай, қалтасына қағып алатындарды бір тәубеге келтіріп қойғандары жөн-ау?!