«Алтын  болмайды» – Серікжан Ешмағамбетов Олимпиадаға қатысып жатқан Қазақстан боксшылары туралы болжамын айтты
«Алтын  болмайды» – Серікжан Ешмағамбетов Олимпиадаға қатысып жатқан Қазақстан боксшылары туралы болжамын айтты
Фото: sport.inform.kz
145
оқылды
Токио Олимпиадасындағы бокс турнирінде Қазақстанның 3 боксшысы ғана жарысты жалғастырады. Ширек финалда Сәкен Бибосынов (52 кг.) испандық Габриэль Эскобармен, Зәкір Сафиуллин (63 кг.) Австралия өкілі Гарри Гарсайдпен, ал Қамшыбек Қоңқабаев (91+) жартылай финалда америкалық боксшы Ричард Торреспен кездеседі. Кезінде Мэнни Пакьяоны нокдаунға жіберген ардагер боксшы Серікжан Ешмағамбетов Токио Олимпиадасына қатысып жатқан боксшыларымыз туралы пікірін айтты. Бұл туралы Aikyn.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. – Серікжан Тілеуғабылұлы, жалпы, Қазақстан боксшыларының Олимпиадада өнер көрсетуі сізге қандай әсер қалдырды? – Боксшылар әрең жұдырықтасып жүр. Бірдеңе жетіспей тұрды, шаршады немесе жекпе-жек алдында қандай да бір толқу болды деп ойлаймын. Бәрі айтып жатыр ғой. Мен де мынаны айтқым келеді, боксшыларымыз бірінші раундта  ұйықтап жүретіндей немесе ұзақ уақыт теңселіп жүреді. Негізінен, көп жігіттер осылай жеңілді: бірінші раундта ұтылады, содан кейін екінші раундта қуып жете бастайды, ал үшінші раундта оппозиция қосылады. Сөйтіп, бұл раундта жеңіске жету қиындайды. – Олимпиадада 3 қазақстандық боксшы ғана қалды. Сіздің ойыңызша, шығып қалғандардың одан жақсы өнер көрсетуге мүмкіндігі болды ма? — Көп нәрсе айтуға болады. Әрине, бізде көп медаль болады деп үміттенген едік. Олимпиаданың соңына қарай 3 боксшы қалды. Сегіздің бесеуі шығып кетті... Мен өзім ешқашан Олимпиадаға қатысқан емеспін, бірақ, кез келген жарыс, әсіресе, Олимпиада ойындары – үлкен жауапкершілік. Содан кейін, өзіңіз білесіз, қазір интернет заманы. Бәрі көрінеді, естіледі және жазылады. Бізде бұл спорт түрінен аса хабары болмаса да, талқылайтындар көп. Спортшыға не болып жатқанын ешкім білмейді ғой. Мүмкін, кеше салмақ өлшегеннен кейін немесе жаттығудан кейін уланып қалған шығар, бірақ рингке шығу керек дегендей. Дегенмен, боксшылар – мінезді жігіттер. – Медаль жағынан болжамыңыз қандай? – Бізге бір қолаға кепілдік берілген. Егер Қамшыбек өтсе, алтын болмаса да, күміс болатыны сөзсіз. Бибосынов пен Сафиуллиннен үміттенбеген едік, алайда, олар келесі кезеңге өтті. Дегенмен, оңай емес. Олимпиада ғой, кімнің қалай жұдырықтасатынын білмейсің.  Қанша медаль жеңіп алатынын айтпаймын. Қазір «қола» алғаны анық, ал шындығына келгенде, «алтын» туралы айта алмаймын. Менің ойымша, «алтын» болмайды, өйткені, ол жерде қиын.