Алматы қаласындағы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысындағы көлік айрығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланды. Бұл туралы қалалық Мобильділік басқарма басшысының орынбасары Ернұр Абжахан «Nur Otan» партиясы жанындағы Өңірлік даму қоғамдық кеңесінің отырысында жасаған баяндамасында айтты.
Ол аталған көлік айрықтары құрылысындағы негізгі мәселе – жекеменшік жерлерді сатып алу екенін тілге тиек етті. Қазір қалалық Жер қатынастары басқармасымен біріге отырып жерлерді сатып алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанын және аталмыш жұмыстар оң шешіліп жатқан жағдайда көлік айрығының құрылысы жыл соңына дейін аяқталатынын атап өтті. Өз кезегінде Президенттің ерекше аймақтарда құрылыс жұмыстарын тоқтату тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі және басқарма тарапынан бірнеше іс-шара орындалды. Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, Қазақстан аумағындағы қолданыстағы нормативтік-техникалық талаптарды ескере отырып, ерекше аймақтардағы құрылыстарды тоқтатуға мүмкіндік беретін жаңа ереже дайындалды. Бұдан бөлек, мегаполистің резонанстық сұрақтары өңірлік даму кеңесінің бақылауынан тыс қалмады. Бұл ретте, резонанстық сұраққа айналған Самал-2 ықшамауданындағы үй құрылысы жерінің жекеменшік иелері тарапынан әлі күнге дейін ешқандай жобалық құжаттарды және құрылысқа рұқсат алуды әлі де алмағаны белгілі болды. Аталған мәселені шешу мақсатында жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отырыс барысында Кеңес мүшелері тарапынан Жол картасы тармақтарының орындалуын қатаң бақылауға алу керегін және келесі жылдары құрылыс жұмыстары аяқталатын нысандарға бақылау жасап, орындалмау қаупі туындаған жағдайда алдын ала ұсыныс беру керек екенін ескертті. Сонымен қатар мердігерлік мекемелердің отандық тауар өнімдерін қолдануын бақылауға алу бойынша ұсыным жасалды.Әбілмансұр ЖАСАН