Шекіскендерді ақсақалдар татуластырды
Шекіскендерді ақсақалдар татуластырды

Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірден көшіп келген қоныс аударушылар мен жергілікті тұрғындар арасында кикілжің туындады. Ал тұрмыстық деңгейдегі келіспеушілікті әлеуметтік желілердің белсенділері іліп әкетіп, түрлі видео тарай бастаған болатын. Біз мәселенің астарына үңіліп көрдік.

Негізі, дау «Еңбек» бағдарла­масы арқылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Амандық ауылдық округіне көшіп келген азаматтар мен жергілікті тұрғын­дардың арасында шыққан. Теріс­кейге қоныс аударушылардың ма­лы жергілікті тұрғындардың кар­топ еккен жеріне кіріп кетіп, мұның соңғы дау-дамайға ұласқан. Одан соң оңтүстіктен көшіп келген ағайынның белгілі бір алқаптың шөбін шапқаны жергілікті тұр­ғындардың шамына тиген көрі­неді. Алқап шұрайлы болды ма, әлде біреудің сырттай меншіктеп алған жері ме, кім білсін, әйтеуір жергілікті тұрғындар мен қоныс аударушылар тағы да ұрысып қа­лыпты. Әрі сол күні теміржол­шы­лардың кәсіби мерекесі болған­дықтан, Тайынша ауданы Амандық ауылында тұратын теміржолшы Фазыл Кәрімжанов аздап қызып алып, мал иесі – оңтүстіктен қо­ныс аударған Әбдіқайым Көмек­жанды балағаттаған. Тіпті, ауылға қоныс аударған алты отбасыға «келген жерлеріңе кетіңдер» деп қоқан-лоқы жасағаны да белгілі болды. Ол жайлы Telegram-дағы «Теріскейге көш» дейтін топта арнайы видео жарияланды. Кейін бейне Facebook парақшасында тарады. Облыстық Полиция депар­та­менті баспасөз қызметінің мәліме­тінше, оқиға орнына ауылдық округ әкімі мен учаскелік полиция инспекторы барып, дауласушы тараптарды сабырға шақырған. Әрі ауыл ақсақалдары ер-азаматтарға ақылын айтып, татуластырған көрінеді. Нәтижесінде, тараптар ымыраға келіп, Фазыл Кәрімжанов ауылдасынан кешірім сұрады. Ол өз кінәсін мойындап, тіл тигізгені үшін айыпты екенін, қателік кет­кенін айтып ағынан жарылды. Зар­дап шегуші жанжалдасқан жі­гіттің 3 баласы бар екенін ескеріп, полицияға арыз жазбайтынын айт­ты. Дегенмен әлеуметтік желі­лерде «солтүстіктің халқын өңірге қоныс аударып келген азаматтарға қарсы айдап салушы топтар тұрған жоқ па, сөйтіп мемлекет саясатына саботаж жасауға кіріспеді ме?» деген мазмұндағы пікірталас өршіп кетті.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы