Сәтсіздіктің себебі неде?
Сәтсіздіктің себебі неде?
© коллаж: Әсел Балтақызы

Биыл Токиодағы XXXII жазғы Олимпиадада қай спорт түрін алсаңыз да, Қа­зақстан құрамасының оңбай ақсап жатқаны жасырын емес. Күн өткен сайын төрт­жылдықтың басты додасы аяқталуға таяп келеді. Ал ел қоржынына 3 қола медаль­дан басқа жүлде түсер емес. Бұл қазақ спортындағы мә­селелерді тағы бір пысықтау қажет екенін көрсеткендей.

Бұрын-соңды Қазақстан құ­ра­масы Олимпиадаларда мұндай нашар нәтиже көрсеткен емес. Мә­селен, Атланта, Сидней, Лон­дон, Риодағы Олимпиадада 3 ал­тын медальдан олжалады. Бей­жіңде ғана 2 алтынға ие болып, 4 күміс пен 7 қола медальды қоса еншіледі. Токиодағы жағдайға ұқсас нашар көрсеткішті бұрын да бір мәрте бастан кештік. 2004 жылы Афина Олимпиадасында құрамамыз ақырғы сәтке дейін ал­тынсыз келді. Сол жылы Олим­пиаданың соңғы жарыс күнінде боксшы Бақтияр Артаев жеңіс тұғырына көтеріліп, елдің Әнұ­ранын Афина төрінде шырқатты. Әйтеуір осылай Қазақстан 1 алтын, 4 күміс, 3 қола еншілеп, жалпы есепте 40-орын алған болатын. Бірақ байқасақ, ең сәтсіз санаған Афина Олимпиадасының өзі То­киодағы нәтиженің қасында тәуір болатын секілді. Қош, спорт­шы­ларды айыптай берер ниет жоқ. Бірақ кез келген сәтсіздік пен же­ңілістің себебі болуы тиіс. Сол үшін біз бұрын қазақ спортшы­ларын биікке жеткізген бапкер­лермен сөйлесіп, құраманың қай жерден шалыс басқанын білмек болдық.

Боксшылар Ресейде жаттықпауы керек еді

Кезінде Сидней Олимпиада­сы­ның финалына төрт қазақ бокс­шысын шығарған Қазақстан бокс құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Токиодағы сәтсіздікке бапкерлердің стратегия құруда жаңылғаны себепші бол­ғанын айтады. Даңқты маманмен сөйлескенімізде оның боксшы­ларға мүлде кінә артқысы кел­мейтінін байқадық. – Біздің боксшы жігіттерде кінә жоқ. Олардың әбден сілікпесі шыққан. Бапкерлер жыл бойы оқу-жаттығу жиындарымен зо­рық­тырған. Бір бөлігі АҚШ-та, екін­шісі Кубада жүрді. Одан кейін көктемде Ресейге апарды. Жарыс жоқ, тек шет мемлекеттерде жат­тығу жиындары өте берген соң ба­лалар шаршаған. Кей кезде ма­ңызы жоқ, керек емес жарыстарға қатыстырды. Азияға не үшін бар­ды? Басты проблема – бокс­шы­ларды сезе алмау. Олардың жанын түсіну керек. Шаршап жүрген жоқ па, психолог немесе дәрігерлер кө­мегіне зәру емес пе? Бәрі бақы­лауда болуы тиіс еді. Спортшыға үзі­ліссіз жаттығу істеуге де бол­майды. Сырттай айтуға оңай, кеше ғана өздері ұтқандарынан жеңіліп жатты. Боксшыны дұрыс бақы­ла­маса, кеше жасағанын қазір ұмы­тады. Қорыта айтқанда, жігіттердің әлі біткен. Ал әл жоқ жерде, тех­ника мен жылдамдық өледі, – дейді Тұрсынғали Еділов.

Басты проблема – боксшыларды сезе алмау. Олар­дың жанын түсіну керек. Шаршап жүрген жоқ па, психолог немесе дәрігерлер көмегіне зәру емес пе? Бәрі бақылауда болуы тиіс еді. Спортшыға үзіліссіз жаттығу істеуге де болмайды.

Отандасымыз, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Токио Олимпиадасының екінші айналымында ресейлік Имам Ха­таевтан жеңілгенін білеміз. Биыл сәуірде «Санкт-Петербор Губер­на­торының кубогі» халықаралық турнирінің финалында осы Ха­таевты Бекзат нокдаунға түсіріп, же­ңімпаз атанған болатын. Яғни, көктемде Бекзаттың бір соққысына шыдас бермеген ресейлік есесін қайтарды. Спортта мұндай жағ­дайлар бола береді делік. Дегенмен бізге бапкерлердің бір қателігі айқын көрінген еді. Осы турнирден кейін қазақстандық боксшылар Ресейге оқу-жаттығуға барады. Бір сөзбен айтсақ, тәжірибе алмасып, білгенін үйретіп, білмегенін үй­ренбекке аттанған. Осы жатты­ғу­ларда ресейлік бапкерлердің же­тегімен Бекзат пен жаңағы Хатаев бірге дайындалған екен. «Бұл қазақ боксшыларының сырын өзгеге ашып беру емес пе?» деген сауал туындаған. Бұл пікірімізді Тұр­сын­ғали Еділов те құптады. – Біздің жаттықтырушылар мен Өзбекстан, Тәжікстан бап­керлерінде боксшыларды Ресейге апарып жаттықтыратын бір әдет бар. Бірақ бұлай істеуге болмайтын еді. Мен түсінбеймін, онсыз да тәжірибелі Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левитті көршілерге неге апарды, не үйренсін деп ой­лады? Қайталап айтамын, бапкер­лер онсыз да тәжірибелі боксшы­ларды осылай өзге елге тасып шаршатты, – дейді ол. Дегенмен қазір балаларды бокс­қа баулумен айналысатын бапкер­дің Токиодан әлі де үміті бар екен. – Алтын туралы бірдеңе деу қиын. Қамшыбек Қоңқабаевтан бірдеңе күтпесек болмас. Бағы жанса әлі жүлделі оралар, – деп қорытындылады маман.

Сәтсіздікке министр мен басшылар жауап берер

Қазақстан ауыр атлеттерін төрт­күл дүниеге танытып, алдыңғы олимпиадаларда талай мәрте қор­жынымызға жүлде салғызған бап­кер Алексей Ниді ешкім ұмыта қой­маған болар. Биыл Токиоға тек екі ауыр атлетіміз барды. Екеуі де жүлде алып, қос қола медальмен орал­ды. Олар – Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло. Барлық спорт түрі бойынша Қазақстан құра­ма­сының есебінде тұрған 3 қоланың екеуін ауыр атлеттер алғанын ес­керсек, ақсамаған осы спорт түрі ғана тәрізді. Қазір бапкерліктен алшақтап кеткен Алексей Ни де осы пікірде екен. – Қазір мен ауыр атлеттерді жаттықтырмаймын. Бірақ сонда да ел спортшыларына тілекші бо­лып жүремін. Олимпиадаға екі зіл­те­мір­ші барды, екеуі де қола ал­ды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Се­бебі мен жүлдеге тек Чиншанло ілігеді деп ойладым. Ал Сонға сен­беп едік. Жасы 22-де, қатысып жат­қан алғашқы үлкен додасы бо­латын. Бірақ қола алғанын көр­генде қатты қуандым. Жақсы көрсеткіш, – дейді ол. Сондай-ақ Алексей Ниден биылғы Олимпиададағы сәт­сіз­діктердің себебін қалай түсінетінін сұраған едік. – Жалпы, сәтсіздіктерге жа­уап бере алмаймын. Мен бүкіл си­туа­цияны көрген жоқпын. Спорт­шылардың ахуалын біл­меймін. Негізі, бұл сұраққа спорт саласына жауапты министр мен басшылар жауап бергені жөн, – деді маман. Негізі, Токиода Қазақстан құ­рамасы сенсация жасады. Бірақ жеңісті сенсация емес, жеңілістің көптігімен таңғалдыру болды. Ащы мысқыл болса да, шындығы осы. Мысалы, жуырда Олимпиа­даға шолу жасаған Delcotimes.com сайты қазақстандықтардың же­ңіліске көп ұшырап, спортшы­лар­дың басым бөлігінің жарыспен ерте қош айтысуын түсініксіз жағ­дайға балаған. Тіпті, боксшы­лар­дың сәтсіздігін басты сенсацияға теңепті. «Токиодағы Олимпиада ойындары көптеген күтпеген нә­тиже сыйлады. Үздік саналған қазақстандық Василий Левиттің кубалық эмигранттан жеңілуі, әлем чемпионының жарыстан шы­ғуы – басты сенсация. Бапкер­лік штаб шәкірттерін дұрыс да­йындамаған немесе қате стратегия таңдаған болар. Бұл барлық са­рапшыны таңғалдырған нәтиже болды», – деп жазған сайт. Өкініштісі сол, сәтсіздік дейміз бе, әлде спортшылардың шама-шарқы кем болды ма, ауыр ат­ле­тиканы айтпағанда барлық спорт түрінен Қазақстан құрамасы жақ­сы нәтиже көрсетпеді. Оңбай сү­рінді деп осындайда айтсақ керек. Ал спорт мамандары «Қазақстан қоржынына бір алтын жүлдені салар» деп, қалған боксшылардан үмітін әлі де үзбей отыр.

Мадияр ТӨЛЕУ