Бұл туралы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Әлемді жайлаған індеттен қазақтың аяулы тұлғасы Люция Қажығалиқызы дүние салды. Мәскеудегі Гнессиндер атындағы музыка академиясын тәмамдаған Люция Төлешова өзінің саналы ғұмырын кәсіби эстрада өнеріне арнады. [caption id="attachment_154321" align="aligncenter" > Фото: Асхат Маемировтің Facebook-тағы парақшасынан алынды[/caption] Соңғы демі үзілгенше Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Эстрадалық вокал» кафедрасында еңбек етті. Люция Қажығалиқызы тәрбиелеген шәкірттер – Т.Забирова, Б.Шадаева, С.Майғазиев, Б.Мұхитдинова, Г.Қаспақова, М.Мүсірәлі, Ж.Арыстанова, Ә.Каримов, Қ.Түнтеков, Б.Құлғараев, Д.Каден, Б.Ретбаев, т.б. Қазақстанның өнер кеңістігінде белгілі әншілер мен орындаушыларға айналды. Жүрегі «Өнер» деп соққан Люция Қажығалиқызымен өмір мен өнер жолында әріптес болдық, сыйластық. Өмірде ерекше қадір тұтқан Люция Қажығалиқызының ой-армандары мен мақсаттары көп еді... Ажалға не шара? Отбасына, тума-туысқандары мен әріптестеріне, барлық шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын», – деп жазды Асхат Маемиров.