Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері халықтан кешірім сұрады
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері халықтан кешірім сұрады
Бақтияр Байсейітов. Фото: Оlympic.kz

Балуандардың Токио Олимпиадасындағы жеңілісі үшін грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов халықтан кешірім сұрады.

Бапкердің айтуынша, ол балуандарды жаттықтыруға екі жыл бұрын келген.
«Мұндай ойын үшін барлық жанкүйерден, Қазақстаннан кешірім сұраймын. Шыны керек, өзімнің де көңілім толмады. Екі жыл бұрын, Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты алдында ғана құраманы басқаруға келдім. Маған дейін Азия чемпиондары шықпаған еді. Нұр-Cұлтандағы әлем чемпионатында күміс, екі қола алдық. 2020 жылы әлем чемпионатында алтын алдық. Биыл Азия чемпионатында төрт финалист шықты. Екі алтын, екі күміс медаль алдық, бірақ, бұл — спорт. Бәрі де болуы мүмкін. Тағы да көп кешірім сұраймын. Мүмкін маған аздаған уақыт жетпеген шығар? Тағы да кешірім сұраймын», — деді бас бапкер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.
Еске салайық, 2 тамыз күні 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Демеу Жадыраев алғашқы айналымда жапониялық Якибу Сохейден 5:3 есебімен жеңілді. Ал бүгін 87 келі салмақта Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы қарсыласы германиялық Денис Кудладан 4:1 есебімен жеңілді.