Ұрланған малға өтемақы төленеді
Ұрланған малға  өтемақы төленеді
214
оқылды

Бірақ бұл үшін малды сақ­тандыру керек. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі АӨК сала­сындағы сақтандыру құ­ралдарын дамыту жұмысын жүргізіп жатыр. Өсімдік шар­уа­­шылығындағы ылғалдың жетіспеушілігі мен су тас­қыны­нан алқаптарды сақтан­дыру және мал шаруа­шылы­ғындағы ірі қара малды сақ­тан­дыру бойынша қолда­ныстағы өнімдерге қой-ешкі мен жылқыларды сақтандыру қосылды.

2020 жылдан бері мал шаруа­шылығында тек сиырларды түрлі тәуекелдерден сақтандыру жұ­мысы атқарылып келген болатын. Нарыққа ұсақ мал мен жылқы­ларды толық сақтандыруды қамтамасыз ететін жаңа өнімдер енгізілді. Оған барлық ықтимал тәуекелдер кіреді және салыстыр­малы түрде құны да төмен. «Мал аурудан, өрттен, жаза­тайым оқиғалардан өлсе және ұрылар сойып алса, жоғалып кетсе сақтандыру арқылы шығынды өтеп алуға болатын механизм ұсынылады. Малды қалыпты түрде сақтандыру ая­сын­да фермер малын өз шаруа­шылығының аумағында ғана түрлі тәуекелдерден сақтандыра алады. Сақтандырудың кеңейтілген түрі форматында фермер малын 5 шақырым ра­диуста орналасқан көрші шаруа­шылықтардағы аурулардың өршуінен сақ­тандырады», – деп хабарлады АШМ. Сақтандыруға жататын бас саны  кемінде 30 болуы тиіс. Сақ­тан­дырылатын мал санына бай­ланысты сақтандыру тарифтерінің әртүрлі деңгейлері белгіленген. Мәселен, жылқы үшін – 2,31-ден 6,46%-ға дейін, ұсақ мал үшін  2,38-ден 6,16%-ға дейін. «Осы өнімдер бойынша сақтандыру сыйақыларын суб­сидиялау түрінде мемлекеттік қолдау жұмыс істейді. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерін ынталандыруға және сақтандыру сыйақысы сомасының 50%-ын субсидиялау арқылы сақтандыру шартын жартылай арзандатуға бағытталған. Осы­лайша, сақтан­дыру шартын жасасу кезінде фермер шарт құнының жартысын төлейді, қалған жартысын ол үшін опе­ратор – Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры төлейді», – деді қордың басқарушы ди­ректоры Асқар Қалиев.

Елдос СЕНБАЙ