Иесіз электр бағаналары орнын тапты
Иесіз электр бағаналары орнын тапты

Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 500 ша­қырым болатын иесіз электр желісі сенімгерлік басқаруға беріледі.

Облыс әкімдігі жарты мың ша­қырымдық иесіз электр желісінің құжаттамасын қалпына келтіріп, облыстық энергетикалық ком­панияның сенімгерлік басқаруына тапсыруда. Бұл жөнінде өңір басшысы Даниал Ахметов энергия қауіпсіздігі мәселелеріне арналған отырыста хабарлады. Аймақтың энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешудің кешенді жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жаңа электр желілерін тартып, ескісін қайта жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. Ең алдымен елді мекендердегі халықтың тұрмысына тікелей қатысты желілер түгенделіп, тексеріледі. Сонымен қатар аймақта ұзын­дығы 500 шақырымнан асатын иесіз жатқан желілердің мәселесі шешімін таппақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасына сәйкес, ШҚО әкімдігі иесіз желілердің 494 шақырымын облыстық энергетикалық ком­панияның сенімгерлік басқаруына беру үшін заңдық базаны дайындап қойды. Облыс әкімінің айтуынша, қалған иесіз желілерге арналған құжаттама оларды қалпына келтіру құнын есептеу жұмысымен қатар дайындалатын болады.

А.ШӘРІП