Түркістан облысында дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің 2 қызметкері сотталды. Олар жарты миллион пара үшін жазықсыз адамды жазалап, айыптыны құтқарған. Ведомство өз қатарын қолы мен ниеті арам адамдардан тазалап жатыр.
Осы шара аясында агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменттің екі қызметкерінің дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін пара алған дерегін анықтады. Садықов пен Шораев қызмет бабын пайдалана отырып, алкоголь өнімдерін рұқсат құжаттарсыз және жалған есепке алу-бақылау маркаларымен сату бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызмет дерегін жасыруға көмек көрсеткен. Олар алдын ала мәмілелесу арқылы кінәсіз куәгерді әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, нақты кінәліге қатысты қылмыстық істі заңсыз тоқтатқан. Қылмыстық істің деректерін бұрмалағаны үшін Садықов пен Шораев 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алған. Ол екеуі де сотталды. Қаржылық мониторинг агенттігі – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға қарсы тұратын, сондай-ақ экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын құзыры үлкен мемлекеттік орган.Е.СЕНБАЙ