Әңгіме арқауы – суицид пен кибербуллинг
Әңгіме арқауы –  суицид пен кибербуллинг
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
218
оқылды

«Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыс­тық филиалында суицидтің себептері мен кибербул­линг­тің салдары туралы әңгіме қозғалды.

Медальдің екі жағы болатыны секілді, интернеттің кеңінен та­ралуы проблемалардың жаңа түр­лерін тудырып отыр. Солардың бірі – әлеуметтік желілерде адам­ды қорлау. Бұл құбылыс кибербул­линг деп аталады. Өкінішке қарай, оған негізінен жасөспірімдер көп ұшы­райды. Кәмелетке толмағандар ара­сын­дағы құқыққа қарсы контентті зерделеу пен кибербуллингті анықтау мәселелерімен облыстық Полиция департаментінің арнайы жедел тергеу тобы айналысады. Де­партамент бастығының орын­басары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, тәртіп сақшылары Instagram, Twitter, ВK, OK, TikTok, Facebook әлеуметтік желілерінде балаларды құқыққа қарсы қолсұғушылықтан және олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпа­раттан оқшаулау және қорғау үшін күнделікті мониторинг жүргізеді. «2020 жылғы және 2021 жыл­дың 6 айында жүргізілген мони­торинг барысында тыйым салын­ған интернет сайттарға 1 725 сіл­теме анықталды. Соның ішінде порнографиялық мазмұндағы материалдар орналастырылған сайттар да бар. Олар бұғаттау үшін «Кибер қадағалау» жүйесіне жі­берілді. Оқу орындарында поли­ция қызметкерлері тұрақты негізде интернетте қауіпсіз қарым-қа­тынас тақырыбында семинарлар мен дәрістер өткізеді», – деді «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Руслан Назаров. Жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг суицидке әкеліп соқтыруы мүмкін. Бүгінде бұл та­қырып өте өзекті. Статистикаға сәйкес, 2020 жылы облыс аума­ғын­да кәмелетке толмағандар ара­сында 6 суицид және 14 суицид әрекеті тіркелді. Биыл 6 ай ішінде өңірде 1 суицид және 6 рет суицид жасауға оқталу тіркелді. Кәмелетке толмағандарға қатысты 19 жыныстық қылмыс орын алды, оның төртеуі – зорлау, сегізі – 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу. Тә­жірибе көрсетіп отырғандай, мұн­дай қылмыстарды негізінен қыз­дардың өгей әкелері немесе басқа таныс-туыстары жасаған. Осын­дай заңсыздықтардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары ұдайы жұмыс жүргізуде. «Петропавл аумағында кәме­летке толмағандардың құқықта­рын қорғау жөніндегі мобильді топ өз қызметін үздіксіз жүзеге асыру­да, оның міндеті – кәмелетке тол­мағандар арасындағы құқықбұзу­шылықтың алдын алу мәселелері бойынша уәкілетті органдар жұ­мы­сының тиімділігін арттыру, бала­лардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Сонымен қатар облыстың бі­лім беру ұйымдарында 1 975 дәріс, әңгіме, дөңгелек үстел өткізілді» деп атап өтті Руслан Назаров.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы