Онлайн қабылдау өткізді
Онлайн қабылдау өткізді

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лының төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев онлайн қа­былдау өткізді. Қойылған сұ­рақтарға сәйкес азамат­тармен әңгімелесуге Орал қаласы әкім­дігінің басшылығы, тиісті басқарма басшылары қатысты.

Өтініштер негізінен жұмыспен қамту, жол, абаттандыру және басқа да мәселелерге қатысты болды. Қабылдау барысында облыс ор­талығының тұрғыны көктемгі және күзгі кезеңдерде инватаксидің еркін өтуі үшін Зачаган кентінің Сарытау шағынауданындағы үйіне дейінгі жолды асфальттау туралы сұрақпен жүгінді. Облыс әкімі көліктің өтуі үшін қыркүйек айының соңына дейін жағдай жасалатынын, со­нымен қатар ені 1,2 метр болатын тротуар салынатынын атап өтті. Орал қаласының мүмкіндігі шектеулі тұрғыны да жұмысқа орналасу мәселесін көтерді. Азамат осыған дейін қоғамдық жұмыспен айналысқанын, бірақ жұмыс орнын ауыстырғысы келетінін, өйткені Зачаган кентінде тұрып, қала орта­лығына баруға мәжбүр екенін айтты. Өңір басшысы өтініш білдірушіден түйіндеме жіберуді сұрап, тиісті басқарма басшысына азаматтың үйінің жанына жақын жерден жұмыс іздеуді тапсырды. Ғали Есқалиев онымен қоса Зачаган кентінде мүм­кіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауға қатысты заң нормаларын ұйымдардың орындауы туралы ақпарат беруді тапсырды. «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасына қала тұрғыны Самал шағынауданындағы аула аумағын абаттандыру жобасы туралы ұсыныс жасады. Облыс әкімі атап өткендей, инвестор қазір бұл аумақты абаттан­дыруда. Cонымен қатар ол демалыс алаңдары бар дендропаркке көңіл бөлуге дайын екенін жеткізді. Өңір басшысы тұрғын ұсынған жобаның идеялары, сондай-ақ техникалық шешімдері демалыс паркін құруда пайдалы болатынын айта келе, жобаны бірлескен жұмыс перспек­тивасы үшін инвесторға ұсынатынын тілге тиек етті.

Әбілмансұр ЖАСАН