Жеңіл өнеркәсіп: 5 мың жұмысшы далада қалды
Жеңіл өнеркәсіп: 5 мың жұмысшы далада қалды
228
оқылды

Қазақстанда мектеп формасы биыл да міндетті болмайды. Мұны БҒМ басшысы А.Аймағам­бетов мәлімдеді. «Мен өзім ата-ана ретінде де, министр ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің көбісі соны жақтайды. Бірақ қолдағандар мен қарсылардың пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға тек мектеп формасын ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімді де киюге мүмкіндік беруге ұйғардық. Бұл шешім тек алдағы оқу жылы үшін қабылданды», – деді министр. Бұл шешім мектеп формасын тігетін фабрикаларға ауыр тиюі мүмкін.

Өндірушілер жаңа оқу жылы­нан үмітті еді. Қа­шық­­тан оқыту жеңіл өнер­кәсіпті тұра­латып кетті. Шетелге экспортқа шыға қой­май­тын тігін фабрикалары жыл сайын ата-аналар үстінен күн көретін. Алайда 2020-2021 оқу жылында ин­дустрия басты қаржы қайнары­нан айырылды: Асхат Аймағамбетов былтырғы 13 тамызда мек­теп фор­масын кию міндетті болмайтынын жариялады. Салаға маманданған кә­сіп­орындар биылғы оқу жы­лы­нан қатты үміт­тенген. Ал мына шешім мектеп фор­масына деген сұранысты күрт азайтпақ. Асхат Аймағамбетов бұл ше­шімі өндірушілерге ұнамайтынын болжады. «Бұл шешімді қабылдағанда нені басшылыққа алдық? Бірін­шіден, эпидемиологиялық жағдай­ды ескердік. Қазір көптеген өңі­рі­мізде карантин шаралары кү­шей­ген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалада жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-ана балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай жөңкілсе, онда ұзын-со­нар кезек қалыптасып, COVID-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін. Екіншіден, кейбір отбасыдағы уақытша экономикалық қиын­дық­тарға байланысты мектеп фор­масын алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайға орай балаға мектеп фор­масын ала алмаса, онда мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады», – деді министр. Демек, киім фабрикалары мек­теп формасымен шектелмей, клас­сикалық стильдегі киімдерді де тігіп, ата-аналарға таңдау ұсынуы­на мүмкіндік бар. Бірақ өндіру­шілер үшін оқиға өрбуінің әлде­қайда қо­лайсыз сценарийі бар: егер мек­теп­тер ашылмаса, жұртқа класси­калық киім де қажет болмай қалады. Әзірге мектептердің дәстүрлі форматқа қайтуының өзі белгісіз болып тұр. «Мектептерде, кол­ледж­­дерде, ЖОО-ларда жаңа оқу жылының қандай форматта – дәс­түрлі не онлайн өтетінін КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) анықтайды. Егер эпидемиоло­гия­лық ахуал тұрақсыз болып қалса, оқу форматын Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер айқындай­ды», – деді А.Аймағамбетов. Айтпақшы, үйінде карантинге жабылған сырқаттарға мобильді бригада мамандары бөлек бөлмеде оқшаулануға кеңес береді екен. Бірақ баспана жағдайы күрделі бұқара үшін бұл ақыл әжуадай естіледі. Содан науқастар бала-ша­ғасымен араласып, бір дастарқан басында тамақтанады. Ертең осын­дай отбасылардағы оқушылар мектепке лап қоймақ. Себебі Ashyq қосымшасында балалар қам­тыл­маған. Жеткіншектерге вакцина егілмейтіні де бар. Ендеше «Білім күні» білім ұйымдары барлық оқушыға есігін айқара ашса, олар індет ошағына айналып шыға келуі ғажап емес. Сондықтан мектеп киімін тігушілердің үміті биыл да ақталмауы ықтимал.

Нарығымыздың қызығын көршілер көріп жатыр

Сала кәсіпкерлері бұл индус­трия жайрап қалудың алдында тұр деген пікір айтады. Жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары қауымдас­ты­ғының президенті Любовь Худо­ваның мәліметінше, 2020 жылы трикотаж өндірісі – 48,6%-ға, ерлер мен ұлдар киімі – 32%-ға, әйелдер мен қыз балалар киімі – 21%-ға, шұлық бұйымдары – 30%-ға, қалың киім, свитерлер өндірісі 40%-ға құлдыраған. Ал 31 арнаның дерегінше, Қа­зақстанда пандемия басталғалы мектеп формасын тігумен айна­лы­сатын 50 фабрика 9 миллиард тең­ге шығынға батып, 5 мың жұ­мыс­шысын қысқартуға мәжбүр болған. Кәсіпорындар жұмыс­шыларға жалақы төлей алмайтын жағдайға жетіпті. Себебі қойма­лар­да мектеп формасының жарты миллион жиынтығы қордаланып қалған. Дәл осындай көңіл жа­быр­қататын көрініс 90-жылдары болған. Қоймаларда таудай болып үйілген тауардың енді қаншалықты жақсы өтетіні беймәлім. Әлеу­мет­тік желіде министр шешімін тал­қы­лаған ата-аналар мектеп фор­ма­сын алмайтынын, іскерлік стиль­­дегі киімді таңдайтынын ай­тып жа­тыр. Ата-аналар комите­тінде­гілер де мектеп басшыла­рымен осы бағытта уағдаласпақ ниетте. Республикамызда мектеп фор­масы нарығының жалпы көлемі қомақты – шамамен 37 миллиард теңгеден асады. Оны негізінен Ресей, Қырғыз Республикасы, Қытай өндірушілері игеріп келді. Ал осы салаға маманданған отан­дық 50 фабрика нарықтың шама­мен 2–5%-ын қамтиды. Бұл ша­мамен 740 миллионнан 1,85 мил­лиард теңгеге дейінгі сома. Қауым­дастық басшысының сендіруінше, фабрикалардың кірісті болуына осының өзі жетеді. Алайда егер БҒМ ата-аналарды мектеп фор­масын сатып алуға міндеттегенде, бұл шешімнің игілігін бәрібір ең алдымен көршілер көретін еді. [caption id="attachment_154451" align="aligncenter" width="839"]жеңіл өнеркәсіп © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Әрине, бүкіл жеңіл өнеркәсіп тек мектеп киімінен ғана тұрмауы керек. Қынжылтатыны сол, қазақ­стандық бұл индустрияның мек­тепке тәуелділігі оның өзіне сор болып жабысқанға ұқсайды. Сала пандемия кезіндегі ең табысты кәсіп – бетперде, қорғаныш кос­тюмдерінің өндірісіне жылдам бетбұрыс жасап, нарық өзгерісі мен сұранысына бейімделе алма­ды. Салдарынан, коронавирус­тан қорғайтын бұйымдарды Қы­тайдан, Ресейден үлкен көлемде импорт­тауға тура келді. Шетелдік гумани­тарлық көмекке де тәуелді болды. Ел Үкіметі «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдар­ла­масына ба­ғытталған қаражаттан мол суб­си­дия бөліп, 2020 жылғы шілдеде Нұр-Сұлтанда медици­налық маска өндіретін жаңа кә­сіп­орын ашты. Мысалы, Ресей мен Өзбек­станда өндірушілер тез бейімделіп, медицина қызметкерлеріне арнал­ған қорғаныш костюмдерін жа­сауға ден қойған. Солтүстік көр­шіміз бір айда бұл өнімнің бірнеше миллион бірлігін шығарып, ТМД елдерінің нарығын емін-еркін иге­руде. Мәскеудегі ірі төрт компания киім өндірісін тоқтатып, қорғаныш заттарын, комбинезондар, бір реттік халаттар, бетперделер мен бахилаларды тігуге ауысып алды. Сөйтіп, мәскеулік денсаулық сақ­тау саласының алып нарығын өз­дері басыбайлы иемденді. Бұл са­лада Өзбекстан да, Ресей де шетел­дік жеткізілімдерге тәуелді емес. Ал біздің өндірушілерге не кедергі? «Мұның бәрі – қорғаныш зат­тары. Оны өндіру үшін сәйкестілік сертификаты болуы шарт. Бізге ондай мүмкіндік бермеді. Бюро­кра­тиялық кедергілер болды. Ли­цензия алу, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің тізіліміне кіру қажет. ДСМ жанындағы зертханадан сер­тификаттар алу керек. Ал онда­ғылар жарты жылдап тексереді. Бұл сала қазір министрлікке бе­­рілген. Бұрын жеңіл өнеркәсіпке жа­­татын. Сондықтан қорғаныш бұ­йым­дарын медициналық бұ­йым­дардан бөліп тастау керек. Ресей солай жасап, ұтты», – дейді Л.Худова. Қауымдастық «Атамекен» ҰКП-ға, ДСМ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірнеше рет хат жазып, қорғаныш костюмдерін, бір реттік комбинезондарды то­қыма бұйымдары санатына жат­қызуды сұрапты. Ұлттық палата жеке қорғаныш заттарын сарап­тамасыз өндіруге болмайтынын түсіндірген: «медұйымдарды мед­бұйымдармен қамту мәселесіне бұлай жеңіл қарауға болмайды, бұл эпидемиологиялық орасан зор проблемаларға соқтыруы мүмкін». Отандық фабрикалар дер кезінде нарықты игеріп үлгермеген соң, әбжіл қимылдаған жеткі­зу­шілер елді импорттық бұйымдар­мен жаулады.

Форма өндірушілердің сөзі мен статистика бөлек

Жалпы, ресми статистика мек­теп формасын өндірушілер айтып жүргендей, «отандық жеңіл өнер­кәсіптің құлдырағанын» раста­майды. Қазақстанның индустрия және экспорт орталығының мәлі­метінше, республиканың жеңіл өнеркәсібі 2020 жылы 128,7 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл номиналды шамада 2019 жылғыдан 11% жоғары. Биыл 7,2% өсімді паш етуде. Отандық жеңіл өнеркәсіптің өнім өндірісінде негізгі үлес то­қыма өндірісіне тиесілі – 70,8 млрд теңге. Одан кейін киім өндірісі келеді – 46,3 млрд теңге. Теріден жасалған өнімдер өндірісі енді ғана еңсе тіктеуде – 11,6 млрд теңге. Л.Худованың түсіндіруінше, мұндай өсім негізінен, кілем, төсек жабдықтары, тоқыма өнімдері өндірісіндегі өсім есебінен болып отыр, ал олар өнімдерінің 90%-ын экспортқа жібереді. USAID кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жобасының басшысы Зауре Әбдіраманның байламынша, Өзбекстанның же­ңіл өнеркәсібі экспорт арқасында өркендеуде. «2020 жылы Өзбекстан тек то­қыма өнімдерін экспорттаудан 1,86 миллиард доллар табыс тапты. Өзбек экспортының 70%-дан аста­мын Ресей, Қытай және Қырғыз Республикасы сатып алды. Неге Қытай өз өндірісі тұрғанда өзге елден тасиды? Себебі бұл ел ҚХР-ді жіппен жабдықтап отыр. Өз­бекстан Мемлекеттік статистика комитетінің дерегінше, жеңіл өнер­­кәсіп экспортының геогра­фия­сы 70 елге дейін кеңейген, өз­бектер әлемге 498 тоқыма өнім­дері түрін жеткізеді. Жақында Өз­бекстан Қазақстан нарығында киім жеткізу көлемі жөнінен Ре­сейді басып озды. 2020 жыл ішінде Қазақстанға жалпы құны 9 мил­лиард теңгедей тұратын 13 мың тон­надан астам өзбек киімі жет­кізілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 30,4% көп!» – дейді З.Әбдіраман. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей бір жыл ішінде елімізге 10,1 мың тонна киім сатты. Бірақ табыс жөнінен алпауыт көрші алда: осы киімді өткізуден 78,6 млрд теңге кіріс көрді. Себебі ресейлік киім қымбат, өзбектікі – арзан. Әйтсе де, солтүстік көрші өз өнімдерінің құнының жоғары болуынан өзбекке жол беруде. USAID өкілінің айтуынша, Өзбекстан 2020 жылы тоқыма өнер­кәсібін мемлекеттік қолдау­дың қуатты шараларын қолға алды. Ол өз жемісін беріп жатыр. Nike, ADIDAS, INDITEX, Massimo Dutti, Zara, Pull & Bear, Oysho, Bershka, Stradivarius, Uterque, Zara Home секілді жаһандық брендтер­дің өнімі енді Өзбекстанда жаса­лып, ТМД-ға тарайды. Мұнымен шектелмей, әлемдік нарықты жау­лау үшін Өзбекстан экономи­касының Ассамблеясы (ӨЭА) Uzbekmart.com ұлттық цифрлы B2B платформасын іске қосуда. Өзбекстан Еуропалық одақтың GSP+ преференциялар жүйесіне қосылды. Бұл оған ЕО-ға 6 200-ден астам тауар түрін баж салықта­рын­сыз апаруға мүмкіндік береді. Осылайша, өзбек ағайын өзі­нің не көршілерінің нарығымен шектелмей, дүниежүзілік нарықты жаулауға үлкен әзірлікпен әрі кешенді түрде кірісті. Қазақ­стан­дық жеңіл өнеркәсіп өкілдерін тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинауға шетелге емес, іргедегі Өзбекстанға жіберген жөн секілді.

Айхан ШӘРІП