Қазақстанда мектеп формасы биыл да міндетті болмайды. Мұны БҒМ басшысы А.Аймағамбетов мәлімдеді. «Мен өзім ата-ана ретінде де, министр ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің көбісі соны жақтайды. Бірақ қолдағандар мен қарсылардың пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға тек мектеп формасын ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімді де киюге мүмкіндік беруге ұйғардық. Бұл шешім тек алдағы оқу жылы үшін қабылданды», – деді министр. Бұл шешім мектеп формасын тігетін фабрикаларға ауыр тиюі мүмкін.
Өндірушілер жаңа оқу жылынан үмітті еді. Қашықтан оқыту жеңіл өнеркәсіпті тұралатып кетті. Шетелге экспортқа шыға қоймайтын тігін фабрикалары жыл сайын ата-аналар үстінен күн көретін. Алайда 2020-2021 оқу жылында индустрия басты қаржы қайнарынан айырылды: Асхат Аймағамбетов былтырғы 13 тамызда мектеп формасын кию міндетті болмайтынын жариялады. Салаға маманданған кәсіпорындар биылғы оқу жылынан қатты үміттенген. Ал мына шешім мектеп формасына деген сұранысты күрт азайтпақ. Асхат Аймағамбетов бұл шешімі өндірушілерге ұнамайтынын болжады. «Бұл шешімді қабылдағанда нені басшылыққа алдық? Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір көптеген өңірімізде карантин шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалада жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-ана балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай жөңкілсе, онда ұзын-сонар кезек қалыптасып, COVID-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін. Екіншіден, кейбір отбасыдағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайға орай балаға мектеп формасын ала алмаса, онда мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады», – деді министр. Демек, киім фабрикалары мектеп формасымен шектелмей, классикалық стильдегі киімдерді де тігіп, ата-аналарға таңдау ұсынуына мүмкіндік бар. Бірақ өндірушілер үшін оқиға өрбуінің әлдеқайда қолайсыз сценарийі бар: егер мектептер ашылмаса, жұртқа классикалық киім де қажет болмай қалады. Әзірге мектептердің дәстүрлі форматқа қайтуының өзі белгісіз болып тұр. «Мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда жаңа оқу жылының қандай форматта – дәстүрлі не онлайн өтетінін КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) анықтайды. Егер эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалса, оқу форматын Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер айқындайды», – деді А.Аймағамбетов. Айтпақшы, үйінде карантинге жабылған сырқаттарға мобильді бригада мамандары бөлек бөлмеде оқшаулануға кеңес береді екен. Бірақ баспана жағдайы күрделі бұқара үшін бұл ақыл әжуадай естіледі. Содан науқастар бала-шағасымен араласып, бір дастарқан басында тамақтанады. Ертең осындай отбасылардағы оқушылар мектепке лап қоймақ. Себебі Ashyq қосымшасында балалар қамтылмаған. Жеткіншектерге вакцина егілмейтіні де бар. Ендеше «Білім күні» білім ұйымдары барлық оқушыға есігін айқара ашса, олар індет ошағына айналып шыға келуі ғажап емес. Сондықтан мектеп киімін тігушілердің үміті биыл да ақталмауы ықтимал.Нарығымыздың қызығын көршілер көріп жатыр
Сала кәсіпкерлері бұл индустрия жайрап қалудың алдында тұр деген пікір айтады. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың мәліметінше, 2020 жылы трикотаж өндірісі – 48,6%-ға, ерлер мен ұлдар киімі – 32%-ға, әйелдер мен қыз балалар киімі – 21%-ға, шұлық бұйымдары – 30%-ға, қалың киім, свитерлер өндірісі 40%-ға құлдыраған. Ал 31 арнаның дерегінше, Қазақстанда пандемия басталғалы мектеп формасын тігумен айналысатын 50 фабрика 9 миллиард теңге шығынға батып, 5 мың жұмысшысын қысқартуға мәжбүр болған. Кәсіпорындар жұмысшыларға жалақы төлей алмайтын жағдайға жетіпті. Себебі қоймаларда мектеп формасының жарты миллион жиынтығы қордаланып қалған. Дәл осындай көңіл жабырқататын көрініс 90-жылдары болған. Қоймаларда таудай болып үйілген тауардың енді қаншалықты жақсы өтетіні беймәлім. Әлеуметтік желіде министр шешімін талқылаған ата-аналар мектеп формасын алмайтынын, іскерлік стильдегі киімді таңдайтынын айтып жатыр. Ата-аналар комитетіндегілер де мектеп басшыларымен осы бағытта уағдаласпақ ниетте. Республикамызда мектеп формасы нарығының жалпы көлемі қомақты – шамамен 37 миллиард теңгеден асады. Оны негізінен Ресей, Қырғыз Республикасы, Қытай өндірушілері игеріп келді. Ал осы салаға маманданған отандық 50 фабрика нарықтың шамамен 2–5%-ын қамтиды. Бұл шамамен 740 миллионнан 1,85 миллиард теңгеге дейінгі сома. Қауымдастық басшысының сендіруінше, фабрикалардың кірісті болуына осының өзі жетеді. Алайда егер БҒМ ата-аналарды мектеп формасын сатып алуға міндеттегенде, бұл шешімнің игілігін бәрібір ең алдымен көршілер көретін еді. [caption id="attachment_154451" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Әрине, бүкіл жеңіл өнеркәсіп тек мектеп киімінен ғана тұрмауы керек. Қынжылтатыны сол, қазақстандық бұл индустрияның мектепке тәуелділігі оның өзіне сор болып жабысқанға ұқсайды. Сала пандемия кезіндегі ең табысты кәсіп – бетперде, қорғаныш костюмдерінің өндірісіне жылдам бетбұрыс жасап, нарық өзгерісі мен сұранысына бейімделе алмады. Салдарынан, коронавирустан қорғайтын бұйымдарды Қытайдан, Ресейден үлкен көлемде импорттауға тура келді. Шетелдік гуманитарлық көмекке де тәуелді болды. Ел Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бағытталған қаражаттан мол субсидия бөліп, 2020 жылғы шілдеде Нұр-Сұлтанда медициналық маска өндіретін жаңа кәсіпорын ашты. Мысалы, Ресей мен Өзбекстанда өндірушілер тез бейімделіп, медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш костюмдерін жасауға ден қойған. Солтүстік көршіміз бір айда бұл өнімнің бірнеше миллион бірлігін шығарып, ТМД елдерінің нарығын емін-еркін игеруде. Мәскеудегі ірі төрт компания киім өндірісін тоқтатып, қорғаныш заттарын, комбинезондар, бір реттік халаттар, бетперделер мен бахилаларды тігуге ауысып алды. Сөйтіп, мәскеулік денсаулық сақтау саласының алып нарығын өздері басыбайлы иемденді. Бұл салада Өзбекстан да, Ресей де шетелдік жеткізілімдерге тәуелді емес. Ал біздің өндірушілерге не кедергі? «Мұның бәрі – қорғаныш заттары. Оны өндіру үшін сәйкестілік сертификаты болуы шарт. Бізге ондай мүмкіндік бермеді. Бюрократиялық кедергілер болды. Лицензия алу, Денсаулық сақтау министрлігінің тізіліміне кіру қажет. ДСМ жанындағы зертханадан сертификаттар алу керек. Ал ондағылар жарты жылдап тексереді. Бұл сала қазір министрлікке берілген. Бұрын жеңіл өнеркәсіпке жататын. Сондықтан қорғаныш бұйымдарын медициналық бұйымдардан бөліп тастау керек. Ресей солай жасап, ұтты», – дейді Л.Худова. Қауымдастық «Атамекен» ҰКП-ға, ДСМ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірнеше рет хат жазып, қорғаныш костюмдерін, бір реттік комбинезондарды тоқыма бұйымдары санатына жатқызуды сұрапты. Ұлттық палата жеке қорғаныш заттарын сараптамасыз өндіруге болмайтынын түсіндірген: «медұйымдарды медбұйымдармен қамту мәселесіне бұлай жеңіл қарауға болмайды, бұл эпидемиологиялық орасан зор проблемаларға соқтыруы мүмкін». Отандық фабрикалар дер кезінде нарықты игеріп үлгермеген соң, әбжіл қимылдаған жеткізушілер елді импорттық бұйымдармен жаулады.Форма өндірушілердің сөзі мен статистика бөлек
Жалпы, ресми статистика мектеп формасын өндірушілер айтып жүргендей, «отандық жеңіл өнеркәсіптің құлдырағанын» растамайды. Қазақстанның индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, республиканың жеңіл өнеркәсібі 2020 жылы 128,7 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл номиналды шамада 2019 жылғыдан 11% жоғары. Биыл 7,2% өсімді паш етуде. Отандық жеңіл өнеркәсіптің өнім өндірісінде негізгі үлес тоқыма өндірісіне тиесілі – 70,8 млрд теңге. Одан кейін киім өндірісі келеді – 46,3 млрд теңге. Теріден жасалған өнімдер өндірісі енді ғана еңсе тіктеуде – 11,6 млрд теңге. Л.Худованың түсіндіруінше, мұндай өсім негізінен, кілем, төсек жабдықтары, тоқыма өнімдері өндірісіндегі өсім есебінен болып отыр, ал олар өнімдерінің 90%-ын экспортқа жібереді. USAID кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жобасының басшысы Зауре Әбдіраманның байламынша, Өзбекстанның жеңіл өнеркәсібі экспорт арқасында өркендеуде. «2020 жылы Өзбекстан тек тоқыма өнімдерін экспорттаудан 1,86 миллиард доллар табыс тапты. Өзбек экспортының 70%-дан астамын Ресей, Қытай және Қырғыз Республикасы сатып алды. Неге Қытай өз өндірісі тұрғанда өзге елден тасиды? Себебі бұл ел ҚХР-ді жіппен жабдықтап отыр. Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің дерегінше, жеңіл өнеркәсіп экспортының географиясы 70 елге дейін кеңейген, өзбектер әлемге 498 тоқыма өнімдері түрін жеткізеді. Жақында Өзбекстан Қазақстан нарығында киім жеткізу көлемі жөнінен Ресейді басып озды. 2020 жыл ішінде Қазақстанға жалпы құны 9 миллиард теңгедей тұратын 13 мың тоннадан астам өзбек киімі жеткізілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 30,4% көп!» – дейді З.Әбдіраман. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей бір жыл ішінде елімізге 10,1 мың тонна киім сатты. Бірақ табыс жөнінен алпауыт көрші алда: осы киімді өткізуден 78,6 млрд теңге кіріс көрді. Себебі ресейлік киім қымбат, өзбектікі – арзан. Әйтсе де, солтүстік көрші өз өнімдерінің құнының жоғары болуынан өзбекке жол беруде. USAID өкілінің айтуынша, Өзбекстан 2020 жылы тоқыма өнеркәсібін мемлекеттік қолдаудың қуатты шараларын қолға алды. Ол өз жемісін беріп жатыр. Nike, ADIDAS, INDITEX, Massimo Dutti, Zara, Pull & Bear, Oysho, Bershka, Stradivarius, Uterque, Zara Home секілді жаһандық брендтердің өнімі енді Өзбекстанда жасалып, ТМД-ға тарайды. Мұнымен шектелмей, әлемдік нарықты жаулау үшін Өзбекстан экономикасының Ассамблеясы (ӨЭА) Uzbekmart.com ұлттық цифрлы B2B платформасын іске қосуда. Өзбекстан Еуропалық одақтың GSP+ преференциялар жүйесіне қосылды. Бұл оған ЕО-ға 6 200-ден астам тауар түрін баж салықтарынсыз апаруға мүмкіндік береді. Осылайша, өзбек ағайын өзінің не көршілерінің нарығымен шектелмей, дүниежүзілік нарықты жаулауға үлкен әзірлікпен әрі кешенді түрде кірісті. Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өкілдерін тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинауға шетелге емес, іргедегі Өзбекстанға жіберген жөн секілді.Айхан ШӘРІП