2009 жыл: үдеріс үдеуге ұласқан кезең
2009 жыл: үдеріс үдеуге ұласқан кезең
343
оқылды

Бұл жаһандық дағдарыс дабыры әлі саябырси қоймаған жыл еді. Әйтсе де, бұған дейінгі жылдарда оның салдарымен күрестің түбегейлі қолға алынуы өз жемісін бере бастады. Экономиканың бойына қан жүгіріп, жалпы ішкі өнімде өсім байқалды. Мұның барлығы әртараптандыру жобаларының іске қосылуымен байланысты еді. Осылайша, ұлттық экономикамыз шыныға түсті.

Дағдарысты меже дамуға серпін

Әлемдік дағдарыстан ең бі­рін­ші кезекте қаржы секторы зардап шегеді деген қауіп көбірек күтілген болса, Қазақстан бұл жағдайда ақша нарығын тұрақты ұстап қала алды. Көптеген болжамға қара­мас­тан банк секторы дефольтқа ұшы­раған жоқ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында капитализациялық қанығу режимінде жұмыс істеген қаржы ұйымдары үш жылға со­зыл­ған бұл кезеңді еркін еңсере алды. Мұның бір себебі екінші деңгейлі банктердің ішкі экономикаға ара­ласу үлесінде жатыр еді. Осылайша, жаһандық дағда­рысқа қарсы бағдарлама аясында еліміз экономиканы сауықтыруға Ұлттық қордан 14 млрд АҚШ дол­ларын бөлді. Мұндай елеулі шы­ғын­дарға қарамастан еліміздің ал­тын-валюта қоры ортайған жоқ. Экономикалық бақуаттылықтың кепілі саналатын бұл қордың қар­жылық эквиваленті 2008 жылдың соңында 48 млрд АҚШ долларын құраса, 2009 жылдың соңына қа­рай 52 млрд АҚШ долларына жетті. Былайша айтқанда, шыққан шығынның орны толып қана қой­ған жоқ, керісінше өсе түсті. Бұл мемлекеттің экономикалық саяса­тының дағдарыс аясындағы тиім­ділігін көрсетсе керек. Сонымен қатар жаһандық дағдарыс дабыры әлі де саябырси қоймаған осы 2009 жылдың өзінде-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларусь компания­ларымен Қазақстан аумағында құны 25 млрд АҚШ долларын құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол қойылды. Шетелдік инвес­тор­лардың Қазақстанға ақша құюға ынта танытуы – мұндағы мемле­кеттік менеджменттің жоғары деңгейіне берілген баға еді. Елбасының тапсырмасымен 2009 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Бұл Қазақ­станның дағдарыстан кейінгі да­муын қамтамасыз ететін маңызды экономикалық құжат болатын. Ал­­дын ала есеп бойынша, осы бағ­дар­ламаны жүзеге асырудан эко­но­ми­каға келетін пайда бес жылда 7 трлн теңгеден асады деп болжанды. Дағдарыстың бір салдары жұ­мыссыздық болса, онымен күресте қабылданған Жол картасы 2009 жылы да өзінің тиімділігін таныт­ты. Оны жүзеге асыруға респуб­ли­калық және жергілікті бюджет­терден 191,5 млрд теңге бөлінген болатын. Соның нәтижесінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 6,3%-ды құрады. Басқа елдерді айтпағанда, экономикасы дамыған Америка мен Еуропаның өзі жұ­мыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста Қазақстанның бұл көрсеткіші үлкен жетістік еді.

Кеден одағы – бірыңғай экономикалық кеңістік

2009 жылғы тарихи оқиға­лар­дың бірі – Кеден одағының құ­рылуы болды. Минскіде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекет­терінің басшылары үш елдің ара­сында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойды. Соның нә­тижесінде 2010 жылдың 1 шілде­сінен бастап Біртұтас кеден аумағы нақты жұмыс істей бастады. Ал оған дейін он шақты жыл үш мем­лекеттің экономикалық әлеуетін зерделеу жөнінде көптеген шара жүргізіліп, үш елдің экономикалық қатынасын реттейтін заңнамалық актілердің жобаларын жасау жө­нінде орасан зор жұмыстар атқа­рылған болатын. Осылайша, ішкі шекаралардағы кедендік бекеттер алынып тасталды. Өзара саудадағы қайшылықты жоюға, тауарлар мен қызмет көрсетудің, капиталдар және жұмыс күштерінің жалпы нарығын құруға, сондай-ақ келі­сілген валюталық саясатқа алғаш­қы қадамдар жасала бастады. Бі­рыңғай экономикалық кеңістіктің бөлігі бола отырып, 17 миллионға тарта халқы бар Қазақстан 170 миллиондық нарыққа ие болды. Осы жылы үш ел – Ресей, Беларусь, Қазақстан үшін бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Одаққа бірігудің негізгі мәні кез келген сыртқы тауарға, оның қай елге тасымалданатынына және ортақ шекарадан қай жерде өт­кеніне қарамастан бірыңғай кедендік талаптың қалыптасуында еді. Соның нәтижесінде біртұтас көліктік, энергетикалық және ақ­параттық кеңістік құрылып, инте­грациялық процестер жедел­детіл­мек. Толыққанды нарық қалып­та­сып, ұлттық экономикалар біртұ­тас кешенге бірікпек. Мүше елдер арасында әлеуметтік-экономи­калық дамудың ортақ мақсаттары айқындалып, өзара уағдаласқан құ­рылымдық, инновациялық, сырт­қы экономикалық және әлеу­меттік саясат қалыптаспақ.

Халық санағы – адами капиталды саралау

25 ақпан мен 6 наурыз күндері аралығында елімізде кезекті жос­пар­ланған халық санағы болып өтті. Бұл тәуелсіздік алғалы бері жүр­гізіліп отырған екінші жалпы­ұлттық санақ болатын. Науқанға республика бойынша бір мезгілде 50 мыңға жуық санақшы қатысты. Шара қорытындысында Қазақ­стандағы барлық халықтың жалпы саны 16 млн 9 600 адам болғаны анық­талды. Бұл көрсеткіш 1999 жылғы өткізілген санақ дерек­тері­мен салыстырғанда 1 млн 28 мың адамға көп. Яғни, республика тұр­ғындарының саны соңғы он жылда 7 пайызға өскен. «1999 жылдан бергі аралықта халықтың жас аралығында бірша­ма өзгеріс байқалып отыр. Мәсе­лен, 15-35 жастағы жас адам саны артқан. Халық құрамында 1974-1994 жылдар аралығындағы дүние­ге келген адам саны көп. Бұл со­ғыстан кейін орын алған «беби-бум­ның» екінші ықпалы деп са­най­мыз», – деді Статистика агент­тігінің сол кездегі төрағасы Әлихан Смайылов. Тағы бір атай кететіні, 2009 жыл­ғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтардың үлес сал­мағы тұңғыш рет 63%-дан асып отыр. Егемендік алған жылы мем­лекетқұраушы ұлттың үлесі небәрі 42% болатын. Ал өзге ұлт өкілдеріне келер болсақ, елімізде тұрып жат­қан халықтардың 1 пайыздан аса­тындарының ішінде өзбектер 23%-ға, ұйғырлар 6,8%-ға өскен бол­са, орыстардың саны 15,3%-ға, украиндар 39,1%-ға, татарлар 18%-ға, немістер 49,5%-ға кеміген.

Қазақ аспаны – бейбітшілік күмбезі

Елімізде үш жыл сайын өтіп тұ­ратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бұл уақытта жаһандық деңгейдегі маңызды шараға айналып үлгерген болатын. Оны әр кездесу сайын көбейіп келе жатқан қатысушы­ларының санынан-ақ аңғаруға болатын еді. Осы жылы Қазақстан елордасында шілденің алғашқы күндерінде Бейбітшілік және келісім сарайында өткен дәстүрлі ІІІ съезге жетекші әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар өкілдерін жіберген 35 елден 77 де­легация қатысты. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сымен 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан бұл келелі жиын қазіргі әлем діндері арасындағы ғаламдық үндесудің үйлесімді де пәрменді тетігіне айналып үлгерді. Осы­лай­ша, қазақ аспаны әлем діндерінің бейбітшілік күмбезіне айналды. «Біз жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың ал­дын алуға ықпал етіп келеміз. Ас­танадағы бүгінгі басқосу да біздің осындай табанды ұстанымы­мыз­дың бір көрінісі. Дінаралық тату­лық арқылы ғана халықаралық түсіністік орнатуға болады. Бұған еліміздің қазіргі жүргізіп отырған саясаты толық дәлел бола алады. Бір дөңгелек үстел басына жинал­ған съезге қатысушы 400-дей дін­дардың наным-сенімі бөлек бол­ғанымен, көздеген мақсаты біреу ғана. Ол – бейбітшілік. Қазақ ­да­ласына бейбітшілікті, татулық­ты ту етіп келгендердің әңгімесі де жа­расымды болды», – деді осы жиын­да қошемет сөз сөйлеген Елбасы.

Аралды құтқару – адамзатты құтқару

Арал трагедиясы тек Орталық Азия­ның ауқымындағы қасірет емес. Ол – планетарлық сипат алып отырған экологиялық ке­са­пат. Осы ретте 2009 жылы 28 сәуір күні Алматы қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрыл­тайшы мемлекеттер басшыла­ры­ның саммиті өтті. Оның нәтиже­сінде Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-ші бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Бұған дейін 1995 жылдан бері қарай мұндай екі бағдарлама (ПБАМ-1, ПБАМ-2) жүзеге асырылып келген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы өз әріптестерін Қазақстанның Сыр­дария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің сол­түстік бөлігін реттеу» атты аса ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі аяқталғаны жөнінде хабардар етті. Шындығын айтқанда, аталған саммит қор қызметіне жаңаша сер­піліс берді. Осы отырыстан соң ХАҚҚ Атқарушы комитеті МҮСШК, ХТДК ұйымдарымен бі­рігіп, ұлттық сарапшылар мен до­норларды қатыстыра отырып, Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсетудің 2011-2015 жыл­дарға арналған жаңа бағдарлама­сын жасады.

Нұрлан ҚОСАЙ