Рейдерлік: 90-жылдар оралды ма?
Рейдерлік: 90-жылдар оралды ма?
268
оқылды

Кәсіпкерлерді  бопсалау, олардың бизнесін тартып алу 90-жылдарда қалғандай көрінетін. Алайда  ол түбегейлі жойылмапты. Қазіргінің рейдерлері бұрынғыдай атан жілік, апайтөс бопсалаушы емес, әр қимылын айламен жасайтын, қажет кезінде мемлекеттік қызметтегі  «арқа сүйерлерінің» ғана кеңесімен әрекет ететін әккілер. Бүгінгінің бизнесіне сыбайластар қауіптірек.

Бизнес мемлекет қорғауына зәру

Республика бойынша кейінгі бес жыл мен биылғы алғашқы жартыжыл­дықты қоса есептегенде, рейдерлік ісі бойынша 7 тұлға, заңды кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін 11 тұлға сотталыпты. Бұл – ресми статистика, ал шын мәнінде Қазақстанда рейдерлік қылмыстың ауқымы бұдан анағұрлым көп екенін кез келген есті адам біледі. Ал енді оның мемлекетке тигізіп жатқан зардаптары тіпті орасан. Ашығын айтар болсақ, біреудің бизнесіне көзінің сұғын қадау, тартып алу кез келген тентектің қолынан келе бермейді. Оны да артында сүйеніші мықты, жоғары жақта тірегі күшті, қо­лында билігі бар, жең ұшынан жалғасқан сыбайластар ғана жасай алады. Ал Қазақстанның жағдайында сыбайластық рейдерлікке жол ашатын тәрізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті оты­рысында оған аса алаңдаушылық білдіре келіп, құзырлы органдарды онымен қатаң күресуге шақырды: «Мен заңды бизнеске кедергі келтіруді ауыр мемлекеттік қылмысқа теңеу керегін айтқан болатынмын. Барлық құқық қорғау органдары, оның ішінде Бас прокуратура да осыны есте ұстағаны жөн» деп тиісті органдарға тиісінше тапсырмалар жүктеген. Осыған орай  Бас прокуратура мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы бірлесіп бизнесті рейдерліктен қорғауға арналған кешенді шараны қолға алды. Бұл туралы Бас прокуратура таратқан баспасөз деректемесінде: «Ең бірінші сот-тергеу  тәжірибесін қалыптастыруға маңыз берілді, өйткені ол жазаның қолданылмай қалмау принципімен тікелей байланысты. Былтырғы және биылғы жартыжылдықта рейдерлік әрекет бойынша бес қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазір сот үкімімен екі адам сотталды» делінген. Сондай-ақ 2021 жылғы сәуір айында рейдерлік және кәсіпкерлерді заңсыз қылмыстық тергеуге алу фактілеріне қатысты арыз-шағымдарды қарайтын ведомствоаралық орталық және өңірлік жұмыс топтары құрылды. Оның құрамына ҚПӘ, прокуратура, құқық қорғау органдары, «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы билік өкілдері кірді.

Әлімжеттік қатаң жазаланады

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 365-бабына сәйкес, егер мемлекеттік қызметкердің әрекеті кәсіпкерлердің ісіне нұқсан келтірсе және оны материалдық шығын­дарға ұрындырса, лауазым иесі әкім­шілік, әйтпесе қылмыстық жауапкер­шілікке тартылуға тиіс. Бірақ іс жүзінде шенеунікке қарсы қылмыстық, әкім­шілік ықпал ету шаралары өте сирек қолданылады. Бұл бап мемлекеттік қызметкерге қатысты тағайындалуы үшін ең алдымен оның бас пайдасын ойлағаны мен қоғамға қауіптілігін дәлелдеу қажет көрінеді. Ал бұл – оңай шаруа емес. Сондай-ақ рейдерліктің нысаны мен нұсқасы жиі өзгеріп отыратындықтан, оларды заңды айыпқа тарту қиын. Дегенмен кәсіпкерлерді рейдерлік­тен және құзырлы органдардың заңсыз әрекетінен қорғауды күшейту мақсатын­да Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне заңнамалық түзету әзірледі. «Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің басқа біреудің бизнесін басып алуға қатысты кез келген заңсыз тәсілін рейдерлікке жатқызу ұсынылды. Қылмыстық кодекстің 365-бабы бойынша «пайдакүнемдік мақсат түріндегі міндетті белгіні» алып тастау, сондай-ақ лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекетін немесе әрекетсіздігін нақтылау шарты бекітілді. Бұған қоса, кәсіпкерлерді қорғаудың қосымша кепілдігін құру үшін Қылмыстық кодекстің 412-бабының 2-бөлігін жеке кәсіпкерлік субъектісіне ірі немесе аса ірі залал келтіру деген тармақпен толықтырылды», – дейді бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, бұған дейін лауазымды тұлғаның рейдерлік қылмыс жасағаны дәлелденсе, оған 3-7 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылса, енді аталған жаза 5-8 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар бизнестің және азаматтардың заңсыз тексеру және тінтуге қатысты арыз-шағымын қарау мерзімі қысқар­тылады. Енді мұндай арыз 3 күнде қара­луы тиіс. Жаңа құжат бойынша кәсіпкердің мемлекеттік орган өкілі үстінен жазған шағымын тексеру кезіндегі прокурордың құқы кеңейтіледі. Ол құзырлы орган тағайындаған шектеу немесе тыйым салу шараларын жоюға құқылы.

Кәсіпкер қыз Президентке шағымданды

Елімізде жыл сайын рейдерліктің құрбанына айналып жатқан жандар аз емес. Бірақ кез келген оқиғаны рейдерлік деп бірден баға беру де қиын. Мәселен,  жас кәсіпкер қыз Ақтоты Тұрсынәлі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, өзінің рейдерлік құрбаны болғанын айтқан. Алматы облысының тұрғыны Ақтоты Тұрсынәлі 3 жылдан бері асыл тұқымды мал өсіріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған. Ол үшін үкімет іскер қызға төмен пайызбен 80 млн теңге несие берді. Ақтоты 80 миллион теңгеге Ресейден асыл тұқымды ақбас сиырлар­ды әкеледі. Сөйтіп, шаруашылығын да дөңгелетіп, несиесін де белгіленген мерзімінде кешіктірмей төлеп жүріп жатты. Жеңілдетілген несиені 10 жылға алды. Соның екі жылын төледі. Кейін пандемия кезінде кәсібі тоқырап, несиені төлеу мерзімін кешіктірді. Дегенмен Мемлекет басшысының өзі кәсіпкерлерге індетке байланысты несиені кешіктіріп төлеуге рұқсат берген еді сол кезде. Соған қарамастан кредиттік ұйым Ақтотының қарызын бірнеше есеге өсіріп, ақыры оның кәсібін тәркілеп алған. Асыл тұқымды сиырының бәрін бір күнде тиеп әкеткен. Кәсіпкер қыздың өзі  мұны рейдерлік басып алу деп есептейді. Ақтоты Мемлекет басшысына хат жазған еді. «Үкімет жас кәсіпкерлерді қолдау керек дейді. Қолдау емес, қорлауды көріп отырмын. Үлкендер қолдау көрсеткеннің орнына мені, мен сияқты жастарды, қазақтың жас қызын қорлап жатыр. Бұл заңсыздық жоғары жаққа жетуі керек. Жұмысын енді бастаған, аяққа тұра алмай жатқан жастарды сот та, сот орындаушылары да құйтұрқы әрекетімен өз жеке басының мүддесіне пайдаланып жатыр. Менің басымдағы жағдайды Елбасы, Президент білсе, бұл бассыздықты тоқтатса екен деймін. Қатты шаршадым, амалым таусылды, бұдан соң жастар, әрине шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болады», – дейді  «Ақтоты» ШҚ төрайымы А.Тұрсынәлі. Міне, осы мысалдың өзі рейдерліктің түрі мен оны жасау амалдары көп екенін байқатады. Тағы бір мысал келтірсек, қоғам 2015 жылы Қайрат Жамалиев дейтін кәсіпкер істі болғанда оның 5 компаниядағы үлесінің, бірқатар мейрамханасы мен 3 көлігінің тәркіленуін де рейдерліктің бір түрі ретінде бағалаған. Бірақ нақты айғақ жоқ.  Ел-жұрт  сырттай ғана тон пішкен. Кейде бұқараның арасында тарайтын  кейбір қауесетте қисын бар сияқты көрінетіні де бар. Әсіресе, бизнесті түрлі амалмен  тартып алу жолдарын халық «қалып айтпайды».

Дәулет АСАУ