Интернет адалдықпен ақша табудың көзі ғана емес, алаяқтардың халықты алдап-арбайтын ортасына да айналған. Aiqyn газеті интернеттегі алаяқтық жайлы сан мәрте жазды. Бірақ онлайн алаяқтардың айласы да таусылар емес. Бір ғана Қарағандының өзінде осындай ондаған қылмыс тіркелді.
«Киім сатып алыңыз»
Интернет арқылы киім «сатқан» қарағандылық әйел бірнеше адамды алдап кетті. 13 шілдеде Қарағанды қаласының ПБ Октябрь аудандық полиция бөліміне Алматы облысының 36 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Ол алаяқ адамға алданып қалғанын хабарлады. Белгілі болғандай, жәбірленуші интернеттен киім сататын жарнама тауып алады. Жарнама авторымен байланысқа шығып, қажетті өнімді жеткізу шарттарымен өзара келісім жасасады. Осы уақытта сатушы 28 мың теңге алдын ала төлемді талап етіп, ақшаны аудартып алған. Белгіленген уақытта тауар жәбірленушіге жетпей, сатушы хабарсыз кеткен. Алданғанын түсінген әйел веб-портал арқылы Қарағанды полициясына жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 32 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция ұсталған адамның осыған ұқсас сегіз қылмысқа қатысы барын анықтады. Шығынның жалпы сомасы шамамен 260 мың теңге. Оның үстінен Қылмыстық кодектің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.«Пәтер ұтып алдыңыз...»
Дәл осылай деп қоңырау шалған бір адамның сөзіне сенген Сарыағаш тұрғыны алданып қалғанын бір-ақ білген. Бұл алаяқтыққа қатысы бар қарағандылық әйел анықталды. Оқиға былай өрбіген: Сарыағаш аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел хабарласып, алаяқтың құрбаны болғанын айтқан. Оның айтуынша, белгісіз адам телефон арқылы қоңырау шалып: «Пәтер ұтып алдыңыз, оны алу үшін 500 000 теңге аудару керексіз» деп есепшотына 500 000 теңгені алаяқтық жолмен аудартып алған екен... Аталған жайтты Сарыағаш АПБ-ның полицейлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Сарыағаш полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған Қарағанды қаласының тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті әйелдің жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, ақшаны өз қажетіне жаратқаны белгілі болды. Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп жатыр.«Принтер, ноутбук жөндеп беремін»
Қарағандыда 13 тұрғынды алдап кеткен алаяқ қолға түсті. Өзін ІТ технологиялар саласындағы маман ретінде таныстыра отырып, қаланың 13 тұрғынынан алдап ақша алған. 29 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, бір ер адам алаяқтық жолмен 94 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен. Әлеуметтік желідегі жарнамада өзін ІТ технологиялар саласының маманы, сондай-ақ бейне және аудио жабдықтарын сататын және жөндейтін компанияның маманымын деп таныстырған азамат байланысқа шыққан. Жәбірленуші мультимедиялық жүйені сатып алып, орнатуды жоспарлаған. Алаяқ алдын ала 94 мың теңге төлеуді талап етіп, тапсырыс берушіден алдын ала ақша алып алған. Ақшаны алғаннан кейін компания өкілі байланысын тоқтатып, хабарсыз кеткен. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 21 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 30 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, сотқа дейінгі тергеу барысында криминалдық полиция күдіктінің тағы осыған ұқсас 12 қылмысқа қатысы барын анықтады. Алаяқ әр тұтынушыға бір жағдайда принтерді, екіншісінде ноутбукті жөндеймін деп уәде берген. Жалпы шығынның сомасы – 300 мың теңге. Айғақты заттар алынып, қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.«Жұмысқа орналастырамын»
Тағы бір алаяқ Сәтбаев қаласының тұрғынын жарты миллион теңгеге алдап кетті. 34 жастағы қала тұрғыны Сәтбаев қаласының полиция бөліміне жүгінеді. Ол бір ер адамның алаяқтықпен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаны иемденіп алғанын айтты. Арызданушы жұмыссыз жүрген ағасына жұмыс табуға көмектеспек болған. Жұмысқа тұрғызуға уәде берген бір адаммен келіскен. Бұл қызметі үшін ол 500 мың теңге көлемінде алдын ала ақша алады. Ақшаны алған делдал хабарсыз кетіп, жәбірленуші алаяқпен кездескенін түсініп, полицияға жүгінген. Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. 21 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 24 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Қысқасы, қазір адамнан айла артылмай тұр. Алаяқтықтың да түрлі жолдары пайда болды. Әрине, кейде әккі алаяқтардың құрған торына азаматтар ашықауыздықтан түсіп қалады. Сонымен бірге мемлекет ұсынған қызметке көңілі толмағандықтан арбалады. Мәселен, Сәтбаев қаласының тұрғыны біреуге жұмыс іздеу үшін біреуге ақша бергенше, алдымен еңбек биржасын қарастырып, тиісті мемлекеттік органдарға байланысқа шығуы тиіс еді. Бәлкім хабарласқан да шығар, алайда бақандай 500 мың теңге беріп жұмысқа орналасу үшін айлығы мен мансабы тәуір қызмет іздегенге ұқсайды. Алайда енді оқиғаның толық мән-жайын тергеушілер анықтай жатар. Ал біз мысал еткен оқиғалардың барлығындағы бір ұқсастық – интернет арқылы алаяқтық жасау. Азаматтар интернеттің ұңғыл-шұңғылын білетіндерідң арбауына жиі түсіп қалады. Демек, алданбау үшін де алдын ала төлем жасамау, банк картасының суретін ешкімге жібермеу, ұялы байланыс нөмірі мен поштаны әлеуметтік желілердегі парақшаларға ашық жазбау, банк немесе қандай да бір компания атынан хабарласқан жағдайда ерінбей кері байланыс жасау тәрізді сансыз амалдарды үйренген азбал болса керек. Дұрысы, мұндай амалдар қоғам мүшелерінің дағдысына айналса ғана интернеттегі алаяқтық сәл де болса саябырсуы мүмкін.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы