Токио төрінде жаңарған рекордтар
Токио төрінде жаңарған рекордтар
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
273
оқылды

Жапон жерінде Токио Олимпиадасы басталғалы бері әлемдік рекордтар бірінен соң бірі жаңарып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар жарыс кезінде үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, бұған дейінгі өткен 4 жылдықтың басты додасында тіркелген рекордтарға өзгеріс енгізуде. Ендеше 2021 жылы 2020 жылғы Олимпиадада жаңарған рекордты саралап көрейік.

Токиода араға 26 жыл салып жаңа үздік нәтиже тіркелді. Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру спорты бойынша венесуэлалық Юлимар Рохас 15,67 метрге секіріп, 1995 жылдан бері бұзылмаған рекордты жаңартты. Бұған дейін ең жоғары көрсеткіш 15,50 метр болатын. Оны 1995 жылғы Әлем чемпионатында украиналық Инесса Кравец орнатты. Бір қызығы, 1995 жылы украиналық Инесса 15,50 метрге секіріп рекорд орнатқан кезде Рохас әлі дүниеге келмеген екен. Ал Нидерланд спортшылары академиялық есуден 2014 жылы орнатылған әлем рекордын жаңартып, Олимп шыңын бағындырды. Ирландиялық Финтан Маккарти мен Пол О'Донован да академиялық есуден ерлер арасындағы жұптық жарыста әлемдік рекордты тіркеді. Жүзу спортынан Аустралия әйелдер құрамасы эстафеталық жарыста рекорд орнатты. 400 метрге кедергілермен жүгіру жарысында норвегиялық жеңіл атлет Карстен Вархольм алтын медаль алып, әлем рекордына өзгеріс енгізді. Жарыс жеңімпазы қашықтықты 45,94 секундта жүгіріп өтті. Осылайша,  ол өз рекордын бір секундқа жақсартты. Әлем рекорд орнатқандардың қатарында америкалық Калеб Дрессел де бар. Жеңімпаз 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алтын жүлде алып қана қоймай, белгіленген жарыс аумағын 49,45 секундта жүзіп өтті. Кейінгі рекордты да 2019 жылы шілдеде Дресселде орнатқан еді. Бұл жолы Токио Олимпиадасында ол сол рекордын жаңартты. Кейін Дрессел тағы бір әлем рекорды­ның авторы атанды, бірақ бұл жолы эстафета жарысында. АҚШ құрамасы Токиода жүзуден 4х100 метрге комбинациялық эстафетада әлем рекордын жаңартқан. Райан Мёрфи, Майкл Эндрю, Калеб Дрессел мен Зак Эппл жарысты 3:26,78 минутта аяқтады. Бұған дейінгі рекордты америкалық құрама 2009 жылы орнатқан – 3:27,28. 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде венгриялық Криштоф Милак үздік нәтиже тіркеді. Ол аталған аралықты 1 минут 51,25 секундта жүріп өтті. Алдыңғы рекорд 1 минут 52,03 секунд болатын. Оған Бейжің Олим­пиадасында  америкалық  Майкл Фелпс қол жеткізді. Енді араға 13 жыл  салып 21 жастағы жігіт жаңартып отыр. Айта кетейік, Криштоф Милакқа олимпиадалық рекордтпен қатар қа­зіргі әлемдік рекорд та тиесілі. Аустралия әйелдер құрамасы да биыл жүзуден эстафетада әлемдік рекордты жаңартты. Еркін стильде 4х100 метр эстафетада олар 3:29,69 уақыт көрсетіп, жарыстың ең биік тұғырынан көрінді. Артынша жүзуден тағы бір рекорд жаңарды. Аралас комбинациялық эстафетада Ұлыбритания құрамасының мерейі үстем болды. 4х100 эстафетада олар қашықтықты 3:37,58 уақытында жүзіп өтті. Әйелдер арасындағы 200 метр эста­фетасында Қытай құрамасы топ жарды.  Бұл елдің төрт спортшысы  200 метрді 7:40,33 уақытта жүзіп өтті. Бұл – әлем рекорды. Жүзудегі жекелей жарыстар да рекордсыз өтпеді. Оңтүстік Африканың атынан сынға түскен Татьяна Схунмакер Токиода алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ол жеңіс үшін жаңа әлем рекордын тіркеді. Жүзгіштің 200 метрге брасс әдісімен жүзуде көрсеткен 2:18.95 уақыт нәтижесі ең үздік көрсеткіш саналды. Академиялық есуден де бірден бірнеше рекорд жаңарды. Ерлер арасында Нидерланд құрамасы 2 шақырымға төрттік жарыста 5:32,03 уақыт  көрсеткішімен әлем рекордына өзгеріс енгізді. Дәл осы жарыс бойынша әлем рекорды әйелдер арасында да тіркелді. Бұл жолы Қытай құрамасы топ жарды. Олар 2 шақырымды 6:05,13 уақытта  жүзіп өтті. Румыния мемлекеті де Токио Олим­пиада­сында әлем рекордын қойған спортшыларымен мақтана алады. Академиялық есуден жұптық жарыста Николета-Анкуца Боднар мен Симона Радиш 6:41,03 уақытта мәреге жетіп, жаңа әлем рекордын орнатып отыр. Қытай спортшылары да рекорд жаңартудан бір-бірімен жарысуда, тіпті олардың арасында өз көрсеткішіне өзгеріс енгізіп жатқандары да бар. Қытайлық ауыр атлет Чжиюн Ши 73 келіге дейінгі салмақта әлем рекордын жаңартты.  Ол екі жаттығу бойынша 364 келіні еңсерді. Бұл 73 келідегі әлем рекорды саналады. Чжиюн Ши өзі қойған рекордтан бір келіге көп көтеріп, нәти­жесін жақсарта түсті. Сонымен қатар жұлқи және серпе көтеруде де әлем рекорды осы қытайлық зілтеміршіге тиесілі. Неміс велошабандоздарының да биылғы Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып келгені жарыс кезінде анық байқалды. Оны вело­шабандоздар іріктеу кезеңінде-ақ көрсетті. Әйелдер арасындағы командалық жарыста Германия құрамасы финалдық кезеңге бірінші болып жетті. Олар іріктеуде 4:7,307 уақыт  көрсетті. Бұл да – әлем рекорды. Бұған дейінгі рекордты 2016 жылы Рио төрінде ұлы­британиялықтар қойған болатын. Неміс шабан­доздары сол рекордты үш секундқа жақсартты. Ол ол ма, грек-рим күресінен кубалық балуан Михаин Лопес Нуньес төртінші рет Олимпиада чемпионы атанды. Аталған Олимпиадада финалда 130 келіге дейін салмақта грузиялық Якоб Каджаямен белдесіп, қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Осылайша, ол спорттық карьерасында төртінші рет Олимп шыңын бағындырды. Михаин – грек-рим күресінен төрт бірдей  Олимпиада ойындарында  алтын медаль  алған алғашқы балуан. Бұған дейін бұл рекорд ресейлік Александр Карелинге тиесілі болған.  Ол үш рет чемпион атанып, бір рет күміс жүлдегер атанды. Жалпы,  күрес түрлерінен төрт рет  Олимпиада ойындарында топ жарған алғашқы балуан жапониялық Каори Итё (2004, 2008, 2012, 2016 жылдары). Енді сол қатарға Лопес те қосылып отыр. Ал біздің спортшылар рекордты жаңартпақ тұрмақ, Токио Олимпиадасында жүлделі орындарға ілігудің өзі мұңға айналды. Әр жарыс күні бірінші не екінші айналымнан-ақ жарыс жолынан шығып қалып жатқан саңлақтарымыз ел сенімін ақтай алмай еңсемізді түсіруде. Қоржынымызда әзірге үш қола медаль бар. Жалпы, бұған дейінгі Олимпиада ойын­дарында жаңарған әлем рекордтары санына тоқталар болсақ, Афина Олимпиадасында – 47 әлем рекорды, Бейжің Олимпиадасында– 34 әлем рекорды, Лондон Олимпиадасында – 32 әлем рекорды, Рио Олимпиадасында 27 әлем рекорды жаңарды. Токиодағы жаңарған рекордтардың жиынтық саны жарыс аяқталған күні белгілі болады.

Абылайхан ЖҰМАШ