Қазақстанда 100 жастағы қанша адам бар? - 19 миллион халық туралы қызық деректер

Қазақстанда 100 жастағы қанша адам бар? - 19 миллион халық туралы қызық деректер

Биыл 20 маусымда Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Ол Алматы облысының тұрғыны Жания Азаматқызы екенін Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде жазып, қазақстандықтардан сүйінші сұрады. Aikyn.kz елдегі халықтың жасына, өңіріне байланысты қызық деректерді графика арқылы көрсетті.

Ұлттық статистикасы бюросы елдің 19 миллионыншы азаматы туралы ақпарат жариялады.

"Жания Азаматқызы - Алматы қаласында туған, отбасында төртінші бала. Туу туралы актісіне сәйкес нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады. Анасы - Назгүл Көбентаева, 1986 жылы туған, әкесі - Азамат Нұрғалиев, 1982 жылы туған", - деп хабарлады ведомство.

Ведомство мәліметінше, 19 миллионыншы тұрғынды анықтау барлық демографиялық оқиға (табиғи қозғалыс өсімін және халықтың көші-қон айырымы) ескеріліп жүргізілген.

Тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 15,5%-ға өскен.

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басындағы статистикасы бойынша, Қазақстанда 9,1 миллионнан астам ер, 9,7 миллионнан астам әйел бар.
Қазақстан халқының 69%-дан астамы қазақтар, 18,5%-дан астамы орыс, ал елдегі өзбектердің үлесі 3%-ға жеткен.
Қазақтар көп шоғырланған аймақтар қатарында Қызылорда (96%), Маңғыстау (91%), Атырау (92,8%) және Ақтөбе (83,7%) облыстары бар.
2001 жылдан бері, 20 жыл ішінде Қазақстан халқының саны 4 миллионға көбейді. 2001-2021 жылдар арасындағы әр өңірдегі халық санының өзгеріс динамикасын графикадан көре аласыз.
Ұлттық статистика бюросының 2020 жылғы дерегінше, елде 5-9 жас аралығындағы азаматтардың саны көп: ерлер 957 мыңнан асады, ал әйелдер - 905 562. Ал ең азы 100 жас немесе одан асқан азаматтар: ер - 698, әйел - 557. Сонымен бірге Қазақстанда 95-99 жас аралығындағы 1698 ер, 2811 әйел бар екен.
2001 жылы Қазақстандағы халық саны ең көп өңір - Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) болған. Облыстағы адам саны 2 миллионнан асқан. Сол жылы Алматы облысында 1,5 миллион адам болған. Ал қазір 2021 жылдың басындағы дерек бойынша халқы ең көп өңір - Алматы облысы (2 миллионнан асады).