Құдыққа түсіп, мерт болған жасөспірімнің өліміне қатысты сот үкімі шықты
Құдыққа түсіп, мерт болған жасөспірімнің өліміне қатысты сот үкімі шықты
Фото: Tengrinews.kz

Құдықтың беті ашық қалғаны үшін осы учаскенің басшысы абайсызда кісі өлтіру айыбы бойынша кінәлі деп танылды, – деп хабарлайды AstanaTV.

2019 жылы Бағдәулет Өмірхан Железнодорожный тұрғын үй кешені маңындағы кәріз құдығына құлаған. Бала сол жерде бірнеше күн жатып қалған. Оны полиция қызметкерлері мен жүздеген еріктілер іздегенімен, баланы өлі күйінде тапты. 4 тамызда сот учаске басшысының салғырттығы кісі өліміне әкеліп соқтырды деп қорытынды шығарды.

«Сот Владимир Валентинович Власенконы ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 71-бабының 2-тармағының негізінде айыптау мерзімінің өтуіне байланысты ол бұл қылмыстық жауаптан босатылсын», – деді судья Ұбайдолла Қошанов.

Сот шешімімен Владимир Власенко қайтыс болған баланың анасына 4 миллион теңге төлеуі тиіс. Тағы 6 миллион моральдық шығынды «Астана су арнасы» компаниясы төлеуі керек. Марқұмның анасы сот үкімімен келіспейді. Ол қылмыскерлердің түрмеге жабылғанын қалаған. Сондай-ақ, ол 50 миллион көлемінде моральдық шығын төлеуді сұрады.

«Сот үкімімен мүлде келіспеймін. Судья заңсыз үкім шығарды, ол маған және менің адвокатыма сот отырысының бірінші күнінде дөрекі болып көрінді. Өйткені ол сот барысында біздің сөзімізді үнемі ортасынан үзіп отырды. Бізге сұрақтар қоюға толық мүмкіндік бермеді және оның қатты асыққан кездері де болды. Ол сот отырысының алғашқы күнінде үкім шығаруға дайын сияқты болды», – деді Перизат Шынықбаева.

Енді Бағдәулет Өмірханның анасы сот үкіміне шағымданбақшы. Ол үшін оған 15 күн беріледі.